16 Сәуір 14:17

Қытайдың тағы бір мегаполисінде коронавирусқа байланысты локдаун енгізілді

Фото:

13 миллион халқы бар Сиань қаласының (Шэньси провинциясы, ҚХР) билігі сенбіден сейсенбіге дейін ішінара оқшаулау енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы жергілікті әкімшіліктің хабарламасында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы, NEGE. Терракота жауынгерлер армиясымен әлемге белгілі Сиань қаласының ішінара жабылуына ондаған коронавирус инфекциясы себеп болды. 15 сәуірдегі жағдай бойынша мегаполисте COVID-19 инфекциясының 43 жағдайы анықталды.

Осы кезеңде мейрамханалар, барлар, сондай-ақ көптеген мәдени, спорттық және ойын-сауық орындары жабылады.

Әлеуметтік байланыстарға қатаң шектеулер енгізілуде. Сиань тұрғындарына сирек жағдайларды қоспағанда, үйлерінен шығуға тыйым салынады.

 Компанияларға өз қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруға кеңес берілді. Қоғамдық көлік пен таксилер қала ішінде ғана жұмысын жалғастырады.

Жергілікті билік шектеулердің іскерлік ортадағы әлеуметтік белсенділікке әсерін азайтуға уәде берді.

Сиань қаласында әлемдегі ең ірі жартылай өткізгіш өндірушілердің зауыттары орналасқан.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айының соңында Сиань бір айға жуық уақытқа созылған коронавирусқа байланысты локдаун жариялаған болатын.

Бұған дейін Қытайдың бірқатар мегаполистерінде коронавирустың таралуына байланысты оқшаулау енгізілгені хабарланды.

Шектеулер Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясындағы 17 миллион тұрғыны бар Шэньчжэнь мегаполисінде енгізілді.

Тегтер: