ҚЫТАЙДЫҢ қорғаны мен... ҚОҢЫРАУЫ
Ресей 2014 жылы Украинаның Қырымын аннексиялап, 2022 жылы ол елге басқыншылықпен соғыс бастағанынан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымы, басқа да халықаралық ұйымдар мен одақтар, жеке мемлекеттердің XXI ғасырдың апаты іспеттес осы оқиғаға қатысты ортақ және жеке ұстанымдары біржолата қалыптасып қалған сияқты еді.
Бірі Ресейді ашықтан-ашық айыптады, агрессорға қарсы әлем тарихында бұрын-соңды боп көрмеген санкциялар жариялады. Екіншісі Ресейге күні түскенінен немесе сол сияқты неоимпериялық пиғылы бар болғанынан оны қолдап шыға келді. Ал үшіншісі, біз секілділер, қалыс қалды.
Бір нәрсе айқын көрінді: қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ, агрессиялық саясат ұстанған Ресейден өркениетті елдер қауымдастығы бойын аулақ ұстап, жан-жақты бойкот жариялады.
Лу Шайе. Фото: ғаламтордан.
Міне, осындай, біршама қалыптасып қалған жағдайды Қытайдың Франциядағы елшісі Лу ШАЙЕ күрт өзгертті: франциялық LCI телеарнасына берген сұхбатында ол: «Қырым о бастан Ресейге тиесілі», – деп мәлімдеп, Кремль пропагандасының жақсы көретін сылтауы «Қырымды Хрущев Украинаға беріп қойды» деген идеологемасын жақтап шықты.
Жә, бұл өзімен ымы-жымы бір Ресей секілді ірі көршісіне жасалаған бір саяси реверанс деп түсінейік.
Қарап отырсам, көпшілік Қытай елшісінің Қырымға қатысты пікіріне ғана назар аударып, оның одан кейінгі сөздерін «байқамай қалған» сияқты.
Ол болса, бұрынғы КСРО елдерінің халықаралық құқық аясында тиісті мәртебесі жоқ дегенді айтып, оның себебі – олардың егемен елдер екенін нақтылайтын халықаралық келісімшарт жоқтығы деп деп соқты!
Меніңше, бұл тереңге тартып, алысқа апаратын, нағыз дипломатиялық дау!
Ішкіқытайлық мағынада бұндай сөз Қытайдың осы күнге дейін ұстанып келе жатқан қағиадаттарын жоққа шығарады.
Өздеріңізге мәлім, Қытай әлемдік деңгейде «әр елдің жер тұтастығы сақтаулы тиіс» деген тезисін тұрақты түрде қайталап келеді (әрине, бұның артында Қытайдың Тайваньға қатысты позициясы бой көрсететіні түсінікті). Біздің елге соңғы сапары кезінде Си ЦЗИНЬПИННІҢ: «Біз Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғауын қолдаймыз», – деуінің өзінде біраз гәп жатыр. Ол да болса, Кремльге жаға қоймайтын талап.
Си Цзиньпин. Фото: ғаламтордан.
Сұхбаттың сыртқы саяси салдары да одан қалыспайды: Еуропаның қақ ортасында жүрген қытай елшісі КСРО құрамынын шыққан елдердің тәуелсіздігіне күмәнмен қарап отыр.
Мұндай дипломатиялық демарштың түпкі себебі неде?
Біріншіден, осынау даулы сөздің айтылып қалуы Қытай билігінің ішінде Украина мен Ресейге, жалпы постосветтік кеңістікке қатысты белгілі бір пікірталас жүріп жатқанының белгісі деп түсінейік. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды», яғни елші мырза сондай талқылауларға қатысып жүрген сыңайлы.
Екіншіден, нақты мемлекеттің халықаралық жағдайға не басқа даулы мәселе не оқиғаға қатысты ұстанымын оның түпкілікті ұлттық мүддесі анықтайтыны да анық. Байден басшылыққа келгелі АҚШ пен Қытай арасы жақсара қойған жоқ. Кеше Еуроодақ басшылығы мен Франция президенті Макрон Пекинге барып қайтқанымен, әлемдік күн тәртібіндегі көптеген сұрақ әлі де өз жауабын тапқан жоқ. Күні кеше Си Цзиньпин Мәскеуде қонақ болды. Бұл дегеніңіз – жаңа геосаяси ахуалда Қытай да өз орнын жаңадан бекітіп алғалы жатыр деген сөз. Көпвекторлықтың көкесін енді осы көршімізден көретін боламыз!
Үшіншіден, Қытай қозғалса, тау қозғалғандай болады емес пе? Әлем экономикасының көшбасшысына айналған Қытайға тура және жанама тұрғыда жарты әлем тәуелді. Әлемдік экономика дағдарысқа ұшырап жатса, Қытай экономикасы, керісінше, дүниежүзілік тігін цехынан планеталық деңгейдегі индустрия мен жоғары технология алаңына айналып барады.
Иә, ковид тұсында бұл елдің экономикасы карантиндік шаралар кесірінен біраз зардап шекті. Алайда, ол кезең аяқталып, халықаралық рейтингтік агенттіктер (Fitch Ratings, Goldman Sachs, Bank of America, Morgan Stanley, Societe Generale) Қытайдың жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 5-5,8 процентке дейін өсетінін болжап отыр. Ал Еурокомиссияның Еуроодақ ЖІӨ-нің өсуін тек қана 1,5 процентке, ал АҚШ қаржы институттары елдің ЖІӨ-ның 1,6 процентке ғана ұлғая алатынын айтуда.
Төртіншіден, 10 жылда басшылар ауысып тұратын көпжылдық саяси дәстүрді бұзған Си Цзиньпин тек қана ел ішінде ғана емес, сыртқы алаңда да өз орнын ойып алуға ұмтылуы саяси мансап тұрғысынан әбден заңды. Өйткені кез келген халықаралық мәселеге қатысты Қытай позициясы оның атымен байланысты екені белгілі ғой.
Фото: Reuters
Бесіншіден, постсоветтік елдерге, соның ішінде Ресей мен Украинаға қатысты ұстаным бір жағынан, сол елдерге, екінші жағынан құрамына Еуроодақ пен АҚШ кіретін «ұжымдық Батысқа» «тиіп» кететіні рас. Ал сол ұстанымды қалыптастыру барысында Қытай өз мүддесін қорғап, сол жақтардан белгілі бір преференция талап ететіні де заңды. Бұл дегеніңіз – ескі ойыншылардың жаңаша талаптар мен шарттар қоя бастайтыны деген сөз!
Өзгелерді Құдай жеткерер, дәл осындай әлемдік деңгейдегі өзгерістерге біздің ел дайын ба? Ее, қайдам!
Басқасын айтпағанда, кезінде отандық мұнай саласына қытай компанияларын көптеп кіргізіп жіберген және де Қытайдан 10 миллиард доллардан астам қарыз алған Қазақстан дәл осындай даулы мәселелерде даусы қатты шыға қояр ма екен? Мәселен, өздері КСРО шинелінен шыққан Балтық елдері сол күні-ақ бұл сұхбатқа қарсы шығып, мәлімдемелер жасап тастады. Біздің СІМ болса осы күнге дейін жұмған аузын ашқан жоқ. Онсыз да Қытай қорғанының арғы жағындағы қандастарымыздың қайта тәрбиелеу лагерьлеріндегі мүшкіл жағдайы туралы тіс жара ала алмай келе жатқан билік мына елшінің сөзіне не дер дейсіз?
Сөз жоқ, көршілермен тату-тәтті өмір сүру керек. Бірақ оларға басыбүтін тәуелді болсаң, құрыдың.
Фото: ғаламтордан.
Өз басым бүгінде бәріміз жерден алып, жерге салып жатқан Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ең басты геосаяси қателігі тәуелсіз елімізді дәл осындай кіріптарлыққа түсіріп кеткені деп санаймын. Енді жаңа Қазақстан осы тығырықтан қалай шықпақ?
Гәп осында!
P.S. Франциялық БАҚ-қа сұхбат беріп, күллі әлемді шулатқан елші бір нәрсе бүлдіріп қойғанын сезіп, ол материалды өз аккаунттарынан алып тастапты. Мұндайда «шанышқы табылды ғой, бірақ бәрібір көңілде кірбің қалды емес пе?» дейтін бір анекдот есіме түсті...
Әміржан ҚОСАН, саясаткер.