Кіші Талдыкөлдің тағдыры не болады?

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында «Кіші Талдыкөлге қатысты қазіргі жағдай» атты брифинг өтті. Брифингке Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев, Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бастығы Әлия Қожабаева, «Байтақ болашақ» РҚБ президенті Азаматхан Әміртай қатысты.
Нұр-Сұлтан, NEGE. Көпшілікті мазалап, жұртшылықты толғандырған Кіші Талдыкөл тағдырына қатысты Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тағы бір рет ресми түсініктеме берді.
«Әңгімені Талдыкөл көлі мен сулы-батпақты Кіші Талдыкөлмен шатастырмау керектігінен бастағым келіп тұр. Елорданың бас жоспарына сәйкес, қаланың шығысында орналасқан Талдыкөл көлінің бойында көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Әрине тұрғын үйден бөлек, мектеп, балабақша, емхана және басқа да әлеуметтік нысандар тұрғызылмақ. Осы тұста айтарым, көлдің өзіне тиіспейміз, керісінше, оның маңына үй салып, инфрақұрылымды дамытамыз. Сол сияқты батпақты лас суды тазартуды көлді жою деп түсінетін секілді. Бізде көлді жою мақсаты жоқ, керісінше, оның лас батпақтан тазартып, сақтап қалмақпыз. Себебі экологиялық көрсеткіштер бойынша оның сулы-батпағы лас әрі зиян»,– деді Нұр-Сұлтан қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Кіші Талдыкөлді заиянды заттардан тазартуға дайындық жұмысы жүріп жатыр. «Кіші Талдыкөл – баяғыдан батпақты жер. Оның аумағына Целиноград кезінде кәріз қалдықтарын тастаған.
«Эколог ретінде айтарым, қаланың ішінде немесе жақын жерде жағымсыз иісі бар объект болмауы керек. Бұл туралы БҰҰ-ның да тиісті стандарты бар. Бұл жерде қала әкімдігі көлді сақтап қалудың қамын жасап жатыр. Яғни, тұрғын үйді салушы компанияға көлді тазартып, сақтап қалу талабын қойып отыр. Жасанды бассейн болмақ, оның аумағы – 20 гектар. Оның үстіне маңында саябақ болады. Егер расымен көл тазартылып, сақталып қана қоймай, ондағы инфрақұрылым реттелсе, бұл – сол көлдің болашағы үшін күрескен экологтардың жеңісі деп білемін», – дейді «Байтақ болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Азаматхан Әміртай.
Сонымен қатар, Нұрлан Ұранхаев Талдыкөл аумағында қызыл кітапқа енген 20-дан астам құс, 90-нан астам өсімдік түрлері сақталатынын айтты.
Журналистердің Кіші Талдыкөл аумағы қалай тазартылады деген сауалына да жауап берілді.
«Тазалау механизмін мамандар айтып береді. Судың өзі таза емес. Оған эколог-мамандар жауап береді», – деді Нұрлан Ұранхаев.
Қазіргі уақытта суының ластану дәрежесі «өте лас» деп саналады. Органикалық қосылыстардың шіруі және қоқыстың жиналуы нәтижесінде сулы-батпақты нысан жағымсыз иістің, жәндіктердің (масалар, кенелер) және т. б. таралу ошағына айналған. Кіші Талдыкөл – ағынды су жиналған орын.
Брифингте сөз сөйлеген спикерлер Кіші Талдыкөлдің Үлкен Талдыкөл көлімен табиғи байланысы жоқ ағынды су жиналған орын екенін түсіндірді. Олар көлдердің жер үсті ағындары мен жер асты сулары өзара қосылмайтынын баса айтты.
«Қала былай салынуы керек еді деп айтып жатқандар бар. Солар жерді өз көздерімен көрсін. Расымен, оны саябаққа айналдырып, барынша жағдай жасамаса қиын болады. Оны білмейтін адамдар әртүрлі ой айтады. Қаланың ортасында орналасқандықтан қазіргі жағдайда 20 гектарлық жасанды су құбырын жасасақ, экологиялық жағы жақсарады. Бұл – өте жақсы шешім. Ертең саябақ салынса, ол жердегі жағдайды қарап отыруымыз керек», – Азаматхан Әміртай.
«Бізге аптасына Кіші Талдыкөлді сақтауға байланысты бірнеше хат келіп түседі. Ал, шындығында, оны ешкім құртайын деп отырған жоқ. Келіп түскен хаттардың басым көпшілігі сасық иіске қатысты шағымданады. Алдағы уақытта оның барлығы шешімін табады», – деді Әлия Қожабаева.