17 Шілде 13:42
...

Өтемұратовтың компаниясы «Қазцинк» алдындағы қарызын толық өтеген жоқ

Болат Өтемұратов
Фото: ғаламтордан

«Astana Property Management» ЖШС-нің «Қазцинк» компаниясы алдындағы қарызы әлі күнге дейін өтелмеген, деп хабарлайды Nege.Aqsha.

Алматы, NEGE. 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша қарыздың нақты құны 25,8 миллион АҚШ доллар болған, оның ішінде 8 миллион доллары қысқа мерзімді бөлікке жатады.

Аталған қарыз алғаш рет 2013 жылы берілген, бастапқы сомасы 150 миллион доллар болды. Кейіннен бұл сома 236,7 миллион долларға дейін ұлғайтылып, кепіл ретінде APM компаниясының жарғылық капиталындағы 50% үлесі ұсынылған. Тараптар жылдық 4% мөлшерлеме туралы келіскен, ал бастапқы келісім бойынша қарыз 2023 жылдың соңына дейін қайтарылуы тиіс еді.

Болат Өтемұратов
Фото: t.me/negeaqsha

2018 жылы «Қазцинк» пен APM қарызды қайтару мерзімін 2032 жылға дейін ұзарту жөнінде қосымша келісімге қол қойды. Бұл ретте төлемдер APM компаниясының операциялық нәтижелеріне тәуелді етіліп, қаржы айналымының сипаты өзгертілді.

«Қарыз шарттарының айтарлықтай өзгеруіне байланысты Компания бұл қарызды бұрынғыдай амортизацияланған құн бойынша қаржылық актив ретінде есептеуден бас тартты. Оның орнына 155 556 мың АҚШ доллары көлемінде жаңа қарызды әділ құн бойынша, табыс пен шығын арқылы есептелетін қаржылық актив ретінде қайта тіркеді. Бұған дейін Компания бүкіл шарт мерзімі бойына 96 460 мың доллар көлемінде болашақтағы ықтимал кредиттік шығындарды есептеген», – делінген 2024 жылғы қаржылық есепте.

2023 жылы APM 72,9 миллион АҚШ долларын, ал 2024 жылдың наурызында тағы 8 миллион доллар төледі. Алайда соған қарамастан, қарыздың басым бөлігі сол күйі өтелмеген.

Astana Property Management компаниясын Дәурен Өтемұратов басқарады, ал оның құрылтайшылары – кәсіпкер Болат Өтемұратовтың бақылауындағы «Каспийская недвижимость» ЖШС, MAGALINK LIMITED және CANNANA LIMITED компаниялары.

Бұрын Болат Өтемұратов «Қазцинк» компаниясының бір бөлігіне иелік еткен. Бірақ ол бұл үлесін 2012–2013 жылдары сатып жіберген.