Семейде ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойының онкүндігі тойланады

Бағдарлама 1 тамыз күні Бейбітшілік аралында этноауыл мен мәдени-спорттық көріністерден басталады.
Семей, NEGE. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев баяндады.
«Онкүндік аясында алғашқы күні «АДАМЗАТТЫҢ АЛЫБЫ – ХАКІМ АБАЙ» атты салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Сондай-ақ, Арбат алаңында Абай туралы деректі фильмдер ұсынылады. 10 күн бойы этноауылда ұлттық спорт түрлерінен ашық турнирлер, зияткерлік ойындар, марафондар, әдеби және музыкалық кештер ұйымдастырылмақ. Мерейтой аясында республикалық «Абай Quiz», қазақ күресінен чемпионат, халықаралық марафон, ақындар мүшәйрасы және шығармашылық көрмелер өтеді. Ертіс жағасында күштік экстрим турнирі ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірінен спортшылар қатысады», – деді спикер.

Сонымен қатар, 5 тамыздан бастап халықаралық сән көрсетілімі басталып, қала аумағында Абай тұлғасын дәріптейтін театрландырылған көріністер, QR-кодтар арқылы Абай шығармашылығына қолжетімділік, волонтерлік және қайырымдылық акциялары өткізіледі.
«10 тамыз күні Семей қаласының Орталық алаңында «Құлақтан кіріп бойды алар…» атты гала-концерт өтеді. Концерттік бағдарламада «Ұлытау» тобы, Жанар Дұғалова, Әбдіжаппар Әлқожа және басқа да танымал әншілер өз өнерлерін халыққа паш етеді. Мереке салтанатты отшашумен қорытындыланады», – деп түйіндеді Бекжан Бапышев.