17 Шілде 10:23
...

«Мүгедек қылды» – Амантай қажы баспалдақтан итеріп жіберген әйелдің қызы оқиғаның қалай болғанын баяндап берді

Амантай қажы баспалдақтан итеріп жіберген әйелдің қызы
Фото: КТК
Әлеуметтік желіде Амантай қажының егде жастағы әйелді баспалдақтан итеріп жібергені түсірілген видео тараған болатын. 

Алматы, NEGE. «Амантай қажы анамды баспалдақтан итеріп жіберді» деген әйел оқиғаның қалай болғанын баяндап берді, деп хабарлайды КТК.

Раиса Бесқарағаеваның айтуынша, Амантай қажы зейнет жасындағы әйелге өздігінен соқтыққан. Соның кесірінен әйелдің жамбасы сынып, ауруханаға төсегіне таңылыпты.

«Артына қарап тұрып, Амантай қажы анамды итеріп жіберген. Өзінен-өзі итеріп жіберген. Ешқандай ұрыс-керіс бұл жерде болған жоқ. Сап-сау жүрген анамды мүгедек қылып, енді, міне, әлі ауруханада жатырмыз, қозғала алмайды, не жүре алмайды. Жамбас сүйегі екі жерден сынған. Содан кейін екі жерден де темір салынған. Сүйегі ыдырап, шашылып кеткен ғой», – дейді Раиса Бесқарағаева.

Оқиға осыдан екі апта бұрын таңғы уақытта болған. 76 жастағы Биғайша Бектенбаева қаладағы стадиондардың бірінде медбике болып жұмыс істейді екен. Сол күні әйел Амантай қажымен амандасып, оған ішке кіруге жол беріпті. Бірақ Амантай Асылбек әй-шай жоқ, зейнеткерді итеріп жіберген көрінеді.

Раиса Бесқарағаеваның айтуынша, ең сорақысы, Амантай Хантемірұлы мұнысынан кейін артына бұрылып та қарамапты. Әйел көп қан жоғалтып, оған төрт сағат бойы ота жасалған.

Полиция бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады. Жәбірленуші тарап оған әділ жаза сұрайды әрі бүгінге дейін кеткен шығынды өтеп беруін талап етеді.

Айта кетейік, Амантай қажы ел ішінде қоғам белсендісі ретінде танымал. Ол ядролық сынаққа қарсы «Аттан, Қазақстан» қозғалысын басқарады. Осыдан он жыл бұрын ол өзін Президент сайлауына кандитатурасын ұсынған болатын.