«Киноға кездейсоқ келдім»: Актер Ержан Жаманқұлов НЕГЕ «жаман адамның» рөлін көп ойнайды?
АМАНҚҰЛОВ – қазақ киносына кейін келген актер. Кәсіби актер емес десек те, ол ойнаған туындылар бірнеше халықаралық байқаудың жүлдесін еншіледі. Жағымсыз рөлдерді жақсы бейнелейтін өнер иесі бұрын органда қызмет еткен.
– Ержан, санаториде ем қабылдап жатыр екенсіз. Денсаулық сыр беріп қалды ма?
– Құдайға шүкір, жасым елуден асты. Бірақ осы уақытқа дейін дәрігердің алдын көрген емеспін. Сәл ауырсам үй жағдайында емделіп, бала-шағаны асыраудың қамымен жүгіріп жүре бердім. Дегенмен, жас ұлғая бастағаннан болар, соңғы кезде өзіңіз айтқандай, денсаулығым сыр бере бастады. Сондықтан тиісті ем-шара қабылдау мақсатында осы Алматының іргесіндегі санаториде жатырмын.
– Сіз айналдырған жарты жылдың ішінде он беске жуық киноға түседі екенсіз. Шаршамайсыз ба?
– Шаршасам да шүкір деймін. Себебі кәнігі кәсіби актерлердің өзі жылына екі-үш киноға түсуге шақырту алса, риза болады. Ал мен бір жобаға түсіп жатқанда, кезекті картинаға ұсыныс келеді. Бір сәтте бірнеше жобаға түсетін кездер болады.
Өзім қазақы ортада өскеніммен, орыс мектебін бітіргенмін. Сондықтан екі тілде таза сөйлеймін. Осыны ескерсе керек, киногерлер мені көп іздейді. Кейде жағымды, көбіне жағымсыз рөл бұйырады. Бірақ таңдау салып отыратын уақыт емес, нәпақа табу керек. Оның үстіне осы салаға белді бекем буып келген соң режиссерлердің үмітін ақтауға тырысамын.
– Сізді экраннан көбіне құзырлы орган өкілі ретінде көреміз. Шынтуайтында тергеуші болып қызмет жасаған екенсіз. Осы ретте образ қалыптастыру қиын болмайтын шығар?
– Мысалы, өз ісіне тиянақты полицей камера алдында өз мамандығының иесін тиісті дәрежеде көрсете алмай, тартыншақтауы әбден мүмкін. Сондықтан актер болуға да қабілет қажет.
Мен бала кезімнен көркем әдебиетке құштар болып өстім. Ондағы әр кейіпкердің бейнесін кадрде өтіп жатқандай көз алдыма елестететін едім. Өзіме табысталған образдары алып шығуыма сол септігін тигізді. Себебі сценариді оқыған бетте кейіпкерімді көз алдымнан бір өткізіп, оған өзіндік мінез беремін. Содан кейін оны сомдау қиындық тудырмайды.
Ал әскери не болмаса құзырлы орган өкілдері жайлы киноларда өзіндік тәжірибемді қосамын, қажет болған жағдайда сценариге түрлі терминдерді енгізуге тырысамын. Өйткені рөлімнің жақсы шығуы өзімнің мансабыма да тікелей әсер етеді.
Мәселен, «Қап-қара адам» фильміндегі рөлім ресейлік киногерлерге ұнағандықтан, «Шаман» фильміне шақырту алдым. Сондықтан өнерге жолай келсем де, әр образға байыппен қараймын.
– Сізді Әділхан ЕРЖАНОВТЫҢ «меншікті актері» деп жатады. Талантты режиссердің назарына қалай түстіңіз?
– Алматы қаласындағы күзет компанияларының бірін басқарып жүрген кезімде үйіме аяқасты бір досым келе қалды. Әңгіме барысында «Қазақфильмнің» өкілдері оны сол күні кастингке шақырғанын айтты. Бірақ ол менің шығармашылыққа жақын екенімді меңзеп, «бәлкім, сен барып көрерсің» деді. «Іздегенге сұраған» дегенмен, қабылдай қояр ма деген қорқыныш болды. Не де болса бағымды сынап көрмекке кешкісін студияға баратын болып шештім.
- Оқи отырыңыз: Әсем КӨПБАЕВА, «Тенгри» тобының әншісі: ТӘҢІРШІЛДЕР «бізді насихатта» деп қолқа салып жүр
Қызық болғанда, қыстың қытымыр аязынан көлігімнің есігі ашылмай қалды. Таксимен жетейін десем, әмияным ішінде қалған екен. Сосын жаяу тарттым. Сөйтіп, іріктеушілер үйіне жиналып жатқанда кіріп келдім. Ондағылар аса жақтыра қоймағанымен, қабылдады. Сөйтіп, іріктеушілерге ұнау үшін бір жарым сағат бойы бар өнерімді ортаға салдым. Күл десе – күлдім, өлең айт десе – айттым.
Соңында түйіндемем мен телефон номерімді алып қалған олар: «өзіміз хабар береміз» деп шығарып салды. Мен де екіұшты оймен қайттым.
Арада бір күн өткен соң студиядан: «Әділхан Ержанов сізді «Ночной бог» фильміне түсуге бекітті», – деп телефон шалды.
Өз құлағыма өзім сенбедім. Десе де шақырған жерге межелі уақытта бардым. Әділханмен таныстығым солай басталды. Ал жұрттың мені оның «меншікті актері» дейтін себебі – қатарынан жеті киносына түстім. Әділханның адамның бойындағы талантты аша білетін қасиеті бар. Содан кейін ол көп режиссерлер сияқты белгілі бір рамкаға қалмайды, еркіндік пен импровизацияға жол береді. Туындыларының түрлі халықаралық байқаулардың жүлдесін иеленіп жатқаны да сол шынайылыққа жол беретіндігінің жемісі деп білемін.
– Құқық қорғау саласында жұмыс істеген адамның мінезі тік келеді. Осы ретте режиссермен келіспеушіліктер бола ма?
– Әуе десантында әскери борышымды өтедім. Полицияда қызмет еттім. Бұл мені темірдей тәртіп пен жауапкершілікке үйретті. Сондықтан бастаған ісімді аяғына дейін апару әдетке айналған. Оның үстіне мені түсірілім алаңына ешкім күштеп апарған жоқ қой. Режиссер қанша дубль жасатса да түсіністік танытып, тәртіпке бағынуға тырысамын.
– Отбасыңыз қалай қабылдады? Жұбайыңыз қызғанбай ма?
– Иә, өмірім күрт өзгерді. Үй көрмей кететін кездерім жиі болады. Себебі түсірілімдер түрлі қалада өтеді. Дегенмен, келіншегім түсіністік танытты.
Алғаш киноға түсе бастағанда көзі үйрене берсін деп жас актрисалармен суретке түсіп, жіберетінмін. Қазір құрбылары менің әртіс қыздармен құшақтасып суретке түскенімді айтса, бірден «жұмысы ғой» деп қайырады. Өнеріме қолдау танытып отырған жан жарыма ризамын.
– Өнерге келгенге дейінгі мансабыңызға мүлде нүкте қойған боларсыз?
– Заң органында 2000 жылға дейін қызмет атқардым. Одан кейін Алматыға қоныс аударып, қарапайым күзетші болып жұмысқа орналастым. Уақыт өте келе қабілетім мен жауапкершілігімнің арқасында коммерциялық компаниялардың қауіпсіздік бөлімін басқаратын дәрежеге жеттім. Айлығым да қомақты болды. Соның арқасында үйлі-жайлы болып, көлік алдым. Бірақ киноиндустрияға келген соң ол қызметтен түбегейлі бас тарттым.
– Сіз кинода қатаң мінезді көрінгенмен, өмірде ашық-жарқын адам екенсіз. Ішкі істер министрлігінен кетіп қалуыңызға осы себеп болған жоқ па?
– Рас, экранда қатулы көрінгеніммен жұрт көзбе-көз көрген жерде ақкөңіл екенімді айтады. Менің тәп-тәуір тергеуші болып жүрген жерімнен кетіп қалуыма да осы себеп болды.
Неге десеңіз, әділетсіздікке төзе алмадым. Заңды бұрмалап, біреуге жасаған қиянатыңа бүгін болмаса, ертең жауап беретін кез болады.
Сондықтан өз еркіммен өтініш жазып, жұмыстан шығып кеттім.
– Ал, қазір өзіңізді қай ортада еркін сезінесіз: әртістермен бе, әлде бұрынғы әріптестеріңізбен бе?
– Екі ортаны да жат санамаймын. Бірақ өнерге біржола бет бұрған соң актерлердің арасында жиі боламын.
– Кәсіби актерлердің алдында өзіңізді қалай сезінесіз?
– Гүлшат ТҰТОВА, Дулыға АҚМОЛДА, Данагүл ТЕМІРСҰЛТАНОВА, Шынар АСҚАРОВА, Әбілмансұр СЕРІКОВ, Қобыланды БОЛАТ сынды көптеген театр актерлерімен бірге ойнадым. Бұл маған шабыт сыйлады. Оның үстіне өзімді біреуден кем санау менің табиғатыма жат.
Бірде түсірілім барысында ебіл-дебіл жылай салғанымды көрген Бақытжан ӘЛПЕЙІСОВ ағамыздың: «Әй, балам, сен мына энергияны қайдан аласың?», – деп таң қалғаны бар. Сондықтан кез келген ортада өзімді жат санамай, керісінше, табысталған рөлді тиісті деңгейде алып шығуға тырысамын.
– Қаңтар оқиғасына қандай баға бересіз?
– Қаңтарда көшеге шыққандардың арасында өзім де бармын. Тіпті тергеуге де алындым. Бірақ мен бүлік салуға емес, оқиғаны өз көзіммен көруге бардым. Көптің жоғары билікке қандай талап қойғанын білгім келді. Жауапқа алғанда осыны жалтармай айттым.
Халықтың әлеуметтік тұрақсыздығы мен жоқшылық жалындаған жастарды көшеге шығарды. Олар бас жарып, көз шығаруды көздемеді. Тек осыны пайдаланып араға от салған арандатушылардың ісі бүлікке ұластырып жіберді. Оқиғаның ақ-қарасын уақыт көрсетеді.