Балғынбек ИМАШ: Діннің атын жамылып жүрген АЛАЯҚТАР жоқ дей алмаймын

Ринат Зайытов «Адырна» порталының YouTube каналына берген сұхбатында айтқан пікірі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Зайытов: «Алаяқтық жасайтындардың 80 пайзы – намаз оқитындар», – деген.
Іле-шала ол өзіне әлдекімдердің қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын мәлімдеді. «Ватсабыма шығып, қорқытпақшы болып жатқан батырсымақтар.
Сендерден шошып жүретін жағдайым жоқ. Аптасына бес күн жұмысқа жаяу барып, жаяу келемін. Қылатындарыңды қылып алыңдар. Оққағарым да, сендер айтқан «братвам» да жоқ. Сенгенім бір Құдай», – деп жазды Р.Зайытов.
- Жаңа Қазақстанның вип «батыры»: Балғынбек Имаш намазхандарды алаяқ деген Ринат Зайытовқа жауап берді
Депутатқа қоқан-лоқы жасаған кім? Әсіредіншілдер ме? Әлде діннің атын жамылған алаяқтар ма? Ақын-депутаттың әріптестері не дейді?
Тілшіміз Ринат Зайытовты «дүмше депутат» деп айыптап, оған арнап өлең жазған Балғынбек ИМАШҚА хабарласты.
Фото: ғаламтордан
– Ринатқа хабарласып, қоқан-лоқы жасағандар қатарында сіз де барсыз ба?
– Жеке өз басым оған шыққан жоқпын. Бірақ Нұралы атты ұстаз кешірім сұрауы керек екенін айтты, бірақ ол кешірім сұраған жоқ. «Сұрамаймын, өзімдікі дұрыс» дегенге салды.
– Намаз оқитындардың бәрі «судан таза, сүттен ақ» деп кесіп айта аласыз ба?
– Діннің атын жамылып жүрген алаяқтар жоқ дей алмаймын, олар барлық жерде бар. Сол алаяқтардың алдында иілмей-ақ қойсын, бірақ тақуа ата-әжелерімізге, Аллаға құлшылық қылатын мұсылман бауырларға, имамдарға, ұстаздарға тиіп кеткен болса, кешірім сұраймын десе, онда тұрған ештеңе жоқ қой. Мен осыны айтқым келді.
– Сізге «халықты Ринатқа қарсы қойма» деп жатқан да жұрт бар екен. Осыған айтар уәжіңіз бар ма?
– Мен ешкімді-ешкімге айдап салған жоқпын, Ринаттың жеке басына қаратып қана айттым. Айтыста одан зорғысын айтып жүрмін. Оның да айтқан кез келген сөзін қабылдаймын, бірақ парламент мінберіндегі заң шығарушы орган өкілі ретінде бұлай сөйлеуге болмайды.
– «Ағаңның арқасында депутат болдың» дегенді айтыпсыз. Кімді меңзедіңіз?
– Оны өзі біледі. Алдында сайлауға жеке мандат бойынша түсемін деді де, соңынан «Аманаттың» атынан қатысты. Жеке дауыспен түссе өте алмайтынын білді. Белгілі бір саяси келісімдер болғаны содан белгілі.
– Өзбекстанда көп әйел алушылық пен хиджапқа қарсы заң шығып, тіпті ел арасында арнайы рейд те басталып кеткен екен. Осындай заң бізге қажет пе, жоқ па, қалай ойлайсыз?
– Ондай әңгімеден мүлде хабарым жоқ.
Күні кеше біреу Ринаттың өзіне «ақпараттық шабуыл жасалды» деген әңгімесін желі арқылы жіберіпті. «Бұған не болып қалды, әріптесіміз болған соң қолдайық» деп ойласам, айтып отырған әңгімесі басқаша болып шықты. Басқа айтарым жоқ.