27 Маусым 16:29

«Кедей өңірдің» әкімі Дархан САТЫБАЛДЫ кедейшілікпен қалай күресіп жатқанын айтты

Фото:

ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды брифинг өткізіп, журналистердің сауалдарын жауап берді. 

Түркістан – өзге өңірлермен салыстырғанда ең кедей облыс. Түркістан облысында жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім төмен. Брифинг барысында NEGE тілшісі осы мәселеге қатысты Дархан САТЫБАЛДЫДАН өңірдегі кедейшілікпен қалай күресіп жатқанын сұрады. 

Фото: ғаламтордан

Дархан Сатыбалды Түркістан облысын «кедей өңір» дегенмен келіспейді екен. Өйткені, түркістандықтар қандай жұмыс болсын істеуден қашпайтын көрінеді.

«Ең кедей өңір деп айта алмаймын. Себебі, біздің өңірде барлығы еңбекқор. Қандай жұмыс болса да істеуге дайын. Бағана айтып өткенімдей, бұл жерде бірнеше фактор бар. Бұл жерде сіздер тек қалтасына түсетін қаржыны есепке алып отырсыздар. Бізде 2,2 млн халық тұрады. Ең тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Халықтың 80%-дан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Ауылдық жерлерде ауыл шаруашылық қызметінде және басқа қызметтерде, керек десеңіз, мемлекеттік қызметкерлердің де айлығы төмен болып есептеледі.

Екінші жағынан, көп балалы аналардың үштен бір бөлігі біздің өңірде тұрады. Сол себепті, әкесі-анасымен бірге 6-7 баласы бар отбасында бір ғана адам жұмыс істейді. Яғни, әкесінің тапқан табысы 6-7 балаға шаққанда төмен болып есептеледі.

Біз де ауылда өсіп, 6-7 баласы бар отбасыдан шыққанбыз. Біз де жұмыссыз қалған кезде үйде мал ұстадық. Өзіміздің бақшамыз болды, сол жерден көкөністерімізді алып, өмір сүрдік. Егер ол табыстарды қосатын болсақ, әлдеқайда жоғары болады», – деді Дархан Сатыбалды. 

Түркістан облысының әкімі тілшімізге берген жауабында өңірде 75 өңдеу зауыт-фабрикалары ашылатынын жеткізді. 

«Табысты арттыру бойынша жаңа жұмыс орындарын ашып, бірінші кезекте екі бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ол көлеңкелі экономиканы шығарып, сол жердегінің бәрін заңдастырып, дұрыс айлықтарын беру. Сонымен қатар, инвестиция тартып, жаңа өндірістерді ашып, жұмыс істейміз.

Мысалы үшін бізде мақта мәселесі күрделі болып, шешілмей келгендіктен жыл басынан бастап өзіміздің өңірлік бағдарламамызды әзірледік. Қазіргі таңда оны тиісті бизнеспен және тағы да басқа органдармен келісіп жатырмыз. Біздің бастапқы есебіміз бойынша ол жерге 200 млрд инвестиция керек. 75 өңдеу зауыт-фабрикалары ашылуы тиіс және 42 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары жасақталады. Әрбір жұмыс орны табысты арттырады. Сонымен қатар, одан түсетін түсім толық іске асырылған кезде 26 млрд теңгеге шығады», – деді Түркістан облысының әкімі. 

Түркістан облысы жұмыс күші көп өңірге жатады. 

«Біздің аймақта жұмыс күші көп. 800 мыңнан астам экономикалық белсенді азамат тұрады. Сондықтан биыл Солтүстік, Орталық және Шығыс облыстардан бізге квота бөлініп отыр. Жалпы осы 5 жылдықты алатын болсақ, қазіргі таңда 3 мыңнан астам отбасы сол жаққа қоныстанды. Жалпы 12 мыңнан астам адам сол өңірлерге көшті. Қазіргі 5 айдың қорытындысы бойынша қоныс аударған отбасы саны – 177», – деді өңір басшысы. 

Облыс әкімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге Оңтүстік Кореяға еңбек мигранттарын дайындайтын орталық ашатынын айтты.

«Бізде бірінші рет Еңбек министрлігімен бірлесіп, сыртқа шығатын еңбек мигранттарымызды дайындайтын орталық ашу жоспарда бар. Өңірдегі жас азаматтар Оңтүстік Кореяға турист ретінде және ем алуға жиі барады және сол жерде қалып қояды. Ешқандай сақтандырулары болмайды. Сол мәселені бір жолға қою үшін біз пилоттық жоба ретінде Түркістан облысында осы жұмыстарды қолға алдық. Оны Еңбек министрлігімен және Оңтүстік Корея тарапымен бірлесіп қыркүйек айында ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Егер ол ашылған жағдайда, Корея тарапы бізге 20 мың адамға еңбек квотасын береді. Ол орталықта кәріс тілін үйретеміз, сол жердегі зауыттарға керекті мамандықтардың тізімін аламыз. Сол тізімдегі мамандықтар бойынша кадрлар даярлаймыз. Жұмыс істеймін дегендерді медициналық сақтандырумен жүйелі түрде жіберіп, мониторинг жасап отыратын боламыз», – деді Дархан Сатыбалды. 

Сондай-ақ бюджеттен ең көп қаржы Түркістан облысына бөлінетіні белгілі. 2022 жылдың тексеру қорытындысы бойынша қанша қаржы тиімсіз жұмсалған? Қаржылық заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапқа тартылғандар бар ма? Тілшіміз қойған екінші сауал осындай болды. 

«Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдайлар болады. Бірақ Республикалық бюджетке тәуелді болғаннан кейін әрбір аудан, қала әкімдері және басқарма басшыларына: «Әрбір тиынды үнемді, дұрыс қолдануымыз керек», – деп айтып отырамын. Бірақ, менің қолымда нақты мәлімет жоқ. Бақылау органдарынан тексеру болып тұрады. Ол жерде тиімсіз жаратылған қаражат та, заңды бұзғандар да бар. Ондай фактілер болған кезде, әрине, тиісті жауапкершілікке тартылады. Ең көп әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар – мемлекеттік сатып алуларды бұзғандар. Дұрыс статистикалық деректер бермеген, электронды порталдағы есепте айырмашылығы бар ауылдық округтердің әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды», –  деп жауап берді Түркістан облысынң әкімі. 

NEGE порталы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына қатысты ресми сауал жолдайтын болады. 

Тегтер: