29 Наурыз 17:35
...

Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ:  «Мылқау, керең, соқыр» депутаттардың саны көбеймесе, азайған жоқ.

Фото:

Ақпарат заманында, яғни әрбір адамның қолында смартфон жүрген дәуірде бұрынғыдай бірдеңені жасырып қалу мүмкін емес. Қазір бар дүние алақандағыдай көрінеді. Кемшілігі де, артықшылығы да. Мәжілістің жаңа құрамына қатысты да осыны айтуға болады.

Дүбірлі саяси науқанның қызуы әлі басылған жоқ. Кейбір су жаңа депутаттардың ойын еркін жеткізе алмауы немесе жауап беруден жалтаруы абың-күбің әңгімеге түрткі болуы да осыдан. Десе де, объективті баға беру – сарапшылардың еншісінде.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ NEGE-ге берген сұхбатында заң шығару органның жаңа құрамы, оның кәсібилігі және артықшылығы мен кемшін тұстары жөнінде таразылап берді.

Қ.Майгелдинов.

– Саясаттанушы ретінде мәжілістің жаңа құрамына қандай баға берер едіңіз?

– Мәжілістің сегізінші шақырылымының өзге шақырылымдардан өзгешелігі сол, соңғы 20 жылда бізде бірінші рет аралас сайлау жүйесі арқылы депутаттар сайланды. Яғни, партиялық тізіммен және бір мандатты округтен. Соның ішінде, көппартиялық жүйенің даму үрдісі ретінде көріп отырғанымыз, парламентке ресми тіркелген жеті партияның алтауы, яғни 90 пайызы өтті. Демек, көптүрлілік бар.

«Аманат» партиясының, ЖСДП, «Ауыл», «Республика», «Ақ жол» және ҚХП партияларының құрамы сапалық тұрғыдан сын көтереді деуге болады. Қазіргі басты қағида – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында бізге бұрынғыдай «керең, мылқау, соқыр» депутаттар керек емес.

Керісінше, сөйлей алатын, халық мұңын жеткізе алатын, халық мүддесін қорғай алатын, мәселені жабық күйде қалдырмайтын, ойын ашық айта алатын сауатты депутаттар қажет болды. Осы қоғамның талабы мен сұранысына сай тұлғалар керек еді.

– Қазір ел арасында «бұл Мәжіліс саясаттанушы, журналист, блогерлердің парламенті болып кетті» деген сынды жиі естіп жүрміз. Кеңес одағы тұсында сауыншы, тракторшы, қойшы да депутат болушы еді. Осыны еске түсірмей ме? Жалпы, жаңа парламенттің кәсібилігіне қатысты не айтар едіңіз?

– «Аманат» партиясының құрамына қарайтын болсаңыздар, журналистер, блогерлер, саясаттанушылар бар. Дегенмен, олардың өзіндік бэкграунды бар. Бұған дейін халық ықыласына ие болған азаматтар аз емес. Оны жоққа шығара алмаймыз.

ЖСДП, «Ақ жол», «Республика» және «Ауыл» партияларын алып қарасақ, партия төрағаларының өздері белсенділігімен, ерекшелігімен келіп отыр. Оларды алдағы уақытта жұмыс барысында көретін боламыз.

Екінші мәселе 29 округтан сайланған азаматтарға байланысты. Менің саясаттанушы ретінде айтарым, бір мандатты округтар арқылы келген депутаттарға ең жоғары талап, ең жоғары сұраныс, ең жоғары қызығушылық болған еді. Өйткені, шын мәнінде белсенді, халық арасында беделі бар азаматтар келеді деген үміт болған. Өкінішке қарай, бұл депутаттардың 90 пайызынан астамы талаптарға сай келмеді. Олар «мылқау, керең, соқыр» депутаттардың санын көбейтпесе, азайтқан жоқ.

Бұған бірнеше мысал бар. Күні кеше ресми тіркелу кезінде кейбір депутаттардың микрофоннан қашқанын, сөз саптауының өте төмен дәрежеде екенін көріп қалдық. Мұның бәрі қатаң сұрыптаудан өткенін емес, депутаттыққа белгілі бір жағдайларға байланысты өткенін байқатады. Бұл азаматтарға қойылатын сауал да көп болады. Қазіргі таңда да олар кәсіби тұрғыдан көңіл көншітпейді.

– Заңшығарушы органда заңгер көп болуы тиіс деген пікір бар. Мұнымен келісесіз бе?

– Парламент бұл ең жоғарғы заң шығарушы орган болғаннан кейін кәсіби заңгерлердің болғаны қажет.  Көпшілік дауыс алған «Аманат» партиясындағы қырық адамның ішіндегі 18 адам – жетінші шақырымның депутаттары. Соның ішінде кәсіби адамдардың өткенін көріп отырмыз. Олар – тәжірибелі депутаттар. Мәселен, Марат Бәшімов заңгер ретінде өтіп отыр.

Парламентке жаңа өткен Республика, ЖСДП партияларының құрамындағы депутаттар да – өзіндік тәжірибесі, бэкграунды бар азаматтар. Қорыта айтсам, партиялық тізіммен өткен азаматтарға сын аз. Ал бір мандатты округтан бұған дейін ештеңе істемеген, жетістікке жетпеген, халық мүддесін қорғап, мәселе шешпеген азаматтар келіп отыр.

Бір ғана мысал, Ұлытау ауданында бір ғана монополист компания – «Қазақмыстың»  өкілдері өтіп отырған. Бұл – ашық мәлімет. Осы жолы да сол «Қазақмыстың» мүддесін қорғайтын азамат өтті. Ол дебатқа, пікірталасқа шығуға қауқарсыз азамат болды. 29 депутаттың ішінде мұндайлар көп.

Заңшығарушы органға көп заңгер емес, сол заңды қорғай алатын, өткізе алатын, жұмыс істете алатын азаматтар керек. Бұл тұрғыдан партиялық тізіммен келген 69 депутаттың мүмкіндігі зор. Президент Мәжіліс алдына бірнеше заң жобасын қабылдау міндетін қойды. Қысқа мерзім ішінде бұл заңдарды қандай сапада қабылдауынан сегізінші шақырылымның кәсібилігін аңғаратын боламыз.

– Жаңа мәжіліс Тоқаев жариялаған реформаларды тереңдетуге қауқарлы ма?

– Жаңа Мәжілістің құрамында саяси реформаларды жүргізе алатын тәжірибелі бірнеше депутат бар. Көпшілік дауыс алған партия «Аманатта» ғана емес, ЖСДП, ҚХП құрамында да білікті азаматтар бар екенін көріп отырмыз. Реформаларды тереңдетуге емес, тиянақты жүзеге асыруға қауқары жетуі тиіс. Бірақ бұл алдағы жарты жылдықта нақты көрініс табатын болады. Өйткені, қоғам тарапынан қатаң талап, қатаң сауал қойылып отыр. Әлеуметтік желілер арқылы қадағалау да жоғары деңгейде. Барынша белсенді болу – осы шақырылымдағы әрбір депутаттың басты міндеті.

Сұқбатыңыз рахмет!

Тегтер: