ҚР-ға келетін шетелдіктер арасында тіркелген АИТВ жағдайларының 30% Ресей азаматтарына тиесілі
Соңғы үш жылда Қазақстанға келген шетел азаматтары арасында анықталған АИТВ жағдайларының 30 пайызы Ресейден келгендерге тиесілі. Денсаулық сақтау министрлігі бұл көрсеткіш Қазақстандағы жалпы эпидемиологиялық ахуалға айтарлықтай әсер етпейтінін айтты.
Эпидемиологиялық ахуал оң динамика көрсетіп келеді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Nege.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабына сәйкес, 2022–2025 жылдар аралығында Қазақстанда АИТВ жұқтырудың жаңа жағдайлары жыл сайын азайып келеді.
2025 жылдың алғашқы он айында 3089 жағдай тіркелген. Бұл – 100 мың тұрғынға шаққанда 14,4 жағдай деген сөз. Алдыңғы жылдарда бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары болған:
-
2022 жылы – 3877 жағдай (19,6),
-
2023 жылы – 3862 жағдай (19,5),
-
2024 жылы – 3811 жағдай (19,0).
АИТВ көбінесе жыныстық жолмен жұғады – барлық жағдайдың 85,6 пайызы. Оның ішінде гетеросексуалдық жолмен – 76,1%, гомосексуалдық жолмен – 9,5%. Ал 10,4 пайызы – қан арқылы (парентералдық жол).
2025 жылдың басында Қазақстанда АИТВ диагнозы бар 35 мың адам ресми тіркеуде тұр. Министрліктің бағалауы бойынша, елде АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың жалпы саны шамамен 43 мыңға жуық.
Шетелдік мигранттардан нақты қауіп бар ма?
Қазақстанға келетін шетел азаматтарының арасында бұл дерт сирек кездеседі.
-
2023 жылы 50,7 мың мигранттың ішінен 182 адамда АИТВ анықталды (0,39%).
-
2024 жылы 48,7 мың мигранттың ішінен 192 жағдай тіркелді (0,39%).
-
2025 жылдың алғашқы 10 айында 58,7 мың мигранттың ішінен 169 жағдай анықталды (0,30%).
– Анықталған жағдайлардың 30%-ын Ресей Федерациясы азаматтары құрайды. Осылайша, Ресейден келген мигранттар Қазақстандағы АИТВ эпидемиологиялық ахуалына елеулі әсер етпейді. Анықталу көрсеткіштері тұрақты, ал қолданыстағы бақылау, профилактика және қадағалау жүйесі ұлттық деңгейде тәуекелдерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді, – дейді министрлік.
Қазақстанда елде 90 күннен артық тұратын барлық шетелдіктер міндетті медициналық тексеруден өтеді. Оның ішінде АИТВ-ға тест тапсыру да бар. Бұл инфекцияны ерте анықтап, таралуын болдырмауға мүмкіндік береді.