23 Тамыз 14:59
...

Қазақтың білікті маманынан неге неміс жезөкшесінің бәсі жоғары?

Фото:
Африка елдерінің Конституциясы адам бостандығын ту етіп көтеріп жүрген АҚШ-тың ата заңынан да жақсырақ  жазылғаны ақиқат. Бірақ демократиялық елдерде заңның әр әрпін сақтауға ұмтылыс болса, үшінші әлемде жүрдім-бардым қарау етек алып кеткен. Бар гәп – осында. Еліміздің Еңбек кодексі туралы да осыны айтуға болады. Сарапшылар мен заңгерлердің пікірінше, еңбекші бұқараның құқығы көрсетілген заң көпшіліктің көңілінен шығады. Өрескел кемшіліктері жоқ. Халықаралық заңнамаларға сәйкес. Бірақ бар мәселе оның орындалуына келіп тіреледі. Осы мәселені зерттей келе, біздің түсінгеніміз – мемлекет қарапайым жұмыскердің, мамандардың құқығын қорғауға аса құлықты емес

.

Еңбек адамы неге қорғансыз?

Мәселен, бізде еңбек заңнамасын қадағалайтын екі мемлекеттік орган бар. Бірі – Еңбек инспекциясы, бірі – прокуратура. Еңбек қатынастарымен айналысып жүрген  заң ғылымдарының PhD докторы, Еңбек құқығы бойынша сарапшы Бибігүл Нұрашева еңбек инспекциясының жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Өйткені, еңбек инспекторларының санына қатысты да, сапасына қатысты да олқылық көп.

Бибігүл Нұрашева, Еңбек құқығы бойынша сарапшы

Министр Нұрымбетовтың айтуынша, бір мемлекеттік инспектордың басына алты мың кәсіпорыннан келеді. Бір жылда 365 күн бар дейік. Күн құрғатпай демалыссыз жұмыс істеген жағдайда, бір адам бір тәулікте 16,4 кәсіпорынның тау-тау қағаз-құжаттарына алып, шұқшиып қарап шығуы тиіс. Бұл – мүлде мүмкін емес нәрсе. Ал прокуратураның бұдан өзге де жұмыстары жетіп артылады. Сондықтан көп бас ауыртқысы келмейді.

Еңбек заңнамасын қадағалайтын мемлекеттік органдар тым әлсіз әрі құлықсыз. Бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметінен анық көрінеді. Осы уәзірліктің ресми сайтына жолданған еңбек қатынастарына қатысты халық тарапынан түскен сауалдарға бір жылдан бері мүлде жауап берілмеген.  Бұл мемлекеттің бұқараның құқығына деген көзқарасын нақты көрсете алады. Шетелдегідей бұқаранының құқығы үшін қасқайып қарсы тұратын кәсіподақтар бізде жоқтың қасы. Бұл – жұмыс беруші қол астындағыларының құқығын қалай бұзамын десе де ерік өзінде деген сөз. Жұмыс берушінің билігі бар. Ал маманның өз еңбек құқығын талап етіп, арқа сүйер, демеу көрер ешкімі жоқ. Іс жүзінде жағдай осылай болып тұр.  

Адам өмірі қысқалығының бір себебі – осы

Ғалым Сайын Борбасовтың пікірінше, еңбек адамы құқығының тапталуы – жабайы капитализмнің көрінісі. Бізде адам өмірінің қысқа болып жататыны сондықтан. Өндірістік апаттардың болуы, техникалық қауіпсіздіктің сақталмауының бір ұшы осында жатыр. Еңбек жағдайы дұрыс ұйымдастырылған. Бұл – биліктің қоғамдық қатынастарды дұрыс реттеуге қабілетсіздігі, құлықсыздығынан.

Сайын Борбасов, саясаттанушы

«Бізде заң жағынан гәп жоқ. Бар мәселе – сол заңдарды орындамауда. Заң неге орындалмайды? Заңды не сот, не құқық қорғау органдары бақыламайды. Еңбек жағдайында түрлі апаттардың, еңбек жарақаттардың болуы адамдардың демалыссыз жұмыс істеуіне байланысты. Бұл біздегі құқық қорғау жүйесінің әлсіздігін көрсетеді. Құқық қорғау жүйесі осыны бақылап, адамдардың құқығын қорғамайды», – дейді ғалым Сайын Борбасов.

Сарапшының айтуынша, кемшілік азаматтардан да бар. Олар өз құқықтарын білмейді. Сол үшін күреспейді.

Кәсіподақтарсыз ештеңе өзгермейді

Саясаткер Тоғжан Қожалиева еңбек құқығының бұзылуын құқықтық сауаттың кемшілігі деп біледі. Қазақстанда Еңбек кодексі, еңбек шарттары түгілі еңбек міндеттері айқын көрсетілетін лауазымдық нұсқаулығында не жазылғанын біле бермейді.  

 Тоғжан Қожалиева, қоғам қайраткері 

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің міндеті – заң жобасын әзірлеп, қабылданған заңды қадағалау. Десе де, заңдардың орындалуы, жүзеге асуы кәсіподақтарға тікелей байланысты. Бізде кәсіподақтар мұнай-газ және тау-кен саласында ғана тәуір жұмыс істейді. Қалған салаларда жоқтың қасы. Болса да, аты бар да, заты жоқ. Өзге елдерде неге адамдар құқықтарын жақсы біледі? Өйткені кәсіподақтар жақсы жұмыс істейді. Тіпті Германияда жезөкшелердің кәсіподағы бар. Германияда дүкендер сағат 8-де жабылады. Демалыс күндері ешқандай дүкен мен дәріханалар жұмыс істемейді. Өйткені, олардың кәсіподақтарының талабы бойынша, бұл күндері адамдар демалуы керек», – дейді Тоғжан Қожалиева.

Елімізде жұмыс аптасы – 40 сағат. Бұл Кеңес одағынан мұраға қалған дәстүр. ТМД елдерінде 5/3, 8 сағаттан жұмыс істейді. Ал жұмыстан кейін қалып істеген уақытын ешкім есепке алып ақы төлеп жатқан ешкім жоқ. Жапондар көп жұмыс істейді деп үлгі ретінде жиі айтылады. Рас, олардың еңбекқорлығына күмән жоқ. Десе де, артық жұмыс істесе, жұмыс уақытынан тыс істеген сағаттарына жақсы ақы алатынын  да біледі. Яғни, неғұрлым көп жұмыс істесе, соғұрлым көп жалақы алады.

«Жұмыс уақыты біткен соң, бос уақытын адам өзіне, отбасына арнауға толық құқығы бар. Адамдар өз құқығын білмесе, заң қаншалықты жақсы болса да, ол орындалмайды. Өйткені, жұмыс берушілер де, жұмыскерлер де бұза береді. Қадлағалайтын орган жоқ. Біздің адамдар өз құқығын талап етуден қорқады. Өйткені, жұмыстан шығып қаламын ба, қудалауға түсемін ба деп үрейленеді», – дейді Тоғжан Қожалиева.

Оның пікірінше, бұқара құқығының сақталмауына кәсіп одақтардың дамымауы себеп. Егер кәсіподақ болса, түйіткілдерді, еңбек дауларын сол арқылы шешуге болады. «Егер адамдардың құқығын қорғайтын беделді кәсіподақтар болса, адамдар өз құқығын батыл қорғай алатын еді. Артында тұрған қолдаушы ешкім жоқ. Әріптестері әркім өз басын қорғап үндемейді. Кәсіподақтың міндеті – оған жарна төлейтін азаматтарды қорғау. Елімізде кәсіподақтар дамымай жатыр. Бұл жақсы ұйымдасқан күш болушы еді», – дейді сарапшы.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек...

Францияда бұдан үш жыл бұрын мынадай заң қабылдаған. Бастықтардың қол астындағы қызметкерлеріне жұмыстан тыс уақытта қоңырау соғып, мазасын алуға тыйым салынған. Тіпті, фирмалар мен ұйымдардың қызметкерлері жеке уақытында бастығынан келген хабарламаларды оқымауға толық құқығы бар. Бұл заңның қабылдануына француз дәрігерлері мұрындық болыпты. Өйткені, жұмыс уақытынан тыс кезде жұмыстан соғылған қоңырау адамның денсаулығына үлкен зиян тигізеді. Күйзеліске ұшыратады екен. Мұны бастығының айтқанын екі етпейтін, қай кезде де өтінішін жерге тастамайтын еңбекқор адамдарды зерттеген тәжірибе толық дәлелдеп шыққан. Францияда жұмыс аптасы небәрі 35 сағат қана. Бұл заң қабылданар алдында халықтан сауалнама жүргізген. Сонда жалдамалы жұмысшылардың дені аталмыш заңды қолдайтынын білдірген. Бұл – жай ғана қоңырауға қатысты. Бастықтар бірдеңе жайында білгісі келгенге, келесі аптаның жоспарын белгілеуге қатысты. Жексенбі күні күні бойы жұмыс істеуді талап етсе, онда бүкіл Франция өре түрегелері анық.

 Францияда ресми жұмыс күндері 35 сағаттан аспайды. Кәсіподақтар алты сағаттық жұмыс күні мен төрт күндік жұмыс аптасы туралы мәселе көтеріп келеді.

Еуропа елдері жұмыс уақытын қысқартудан алдына жан салмай келеді. Бірі төрт күндік жұмыс күніне көшсе, бірі жұмыс уақытын қысқартып отыр. Голландиялықтар аптасына 29 сағат жұмыс істейді. Аптасына 4 күн ғана. Ата-аналар әйел, еркегіне қарамастан аптасына 3 күн демалыс ала алады. Рас, басшылардың жұмыстан шығарып, жаңа үміткерлерді қабылдауға құқығы бар. Бірақ жұмыстан шығарса, екі жыл өтемақы төлеуі тиіс. Норвегияда да жағдай осындай. Алайда декретке шыққан анаға жыл бойы толық айлығы төленіп отырады. Сағат 16-ға дейін үйіне қайтамын деушілерге тыйым жоқ.

Швеция мен Италияда жұмыс аптасы – 36 сағат қана. Артық жұмыс істегендерге үстеме ақы төлейді. Бірақ жұмыс берушілердің өздері артық жұмысты қолдамайды екен. Жұмыс уақытынан кейін офисте ұдайы қалатындарға еңбекті дұрыс ұйымдастырмадың деп айыппұл салынады. 

Еңбекқор немістердің өзі аптасына 35 сағаттан артық жұмыс істемейді. Жұмыс күні екіге бөлінген. Олар 9-ден 13-ке дейін жұмыс істеп, 3-4 сағатқа созылатын түскі асқа кетеді. Сосын тағы үш сағат жұмыс істейді. Қаржылық дағдарыс кездерінде Германияда қызметкерлерді жұмыстан шығармай, көбіне жұмыс күнін қысқартады. Ал айлығы қысқарып қалса, толық көлемде мемлекет өтеп береді. Бельгияда жұмысшылардың бір жылға үзіліс алуға құқығы бар. Айлығы мен жұмыс орны сақталады. Еңбек демалысының ақысын мемлекет төлейді.

Ең ұзақ жұмыс уақыты Азияда. Жапония мен Кореяда 50-55 сағат жұмыс істейді. Сондықтан жапондардың арасында жұмыста өліп жатқан адамдар көп. Және өз-өзі қол салу жағынан алдыңғы орында.

Тегтер: