Қазақстанда есірткіге тәуелділердің саны он есе көп болуы мүмкін – ІІМ өкілі
Қазақстанда есірткі тұтынғандардың саны ресми дерек бойынша 108 мың, ал тәуелділері 18 мыңнан астам адам болса, тіркелмегендер саны тіпті он есе көп болуы мүмкін дейді мамандар.
Сондай-ақ, ІІМ өкілдерінің айтуынша есірткіге тәуелді адамдардың басым бөлігі, яғни 91 пайызы ерлер екен. Ал 18 бен 29 жас аралығындағы жастардың 15%-ы нашақор.
Өткен жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес есірткінің заңсыз айналымы мен нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, Үкіметтің қаулысымен бекітілген болатын. Мемлекет басшысы нақты бағыттарды белгілеп, есірткінің заңсыз айналымы мен нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру бойынша нақты міндеттер қойды.
«Кешенді жоспар – есірткіге қарсы жүйелі жұмыс үшін өте маңызды бағдарламалық құжат. Оның негізгі мақсаттары – қоғам үшін аса қауіпті, әсіресе синтетикалық препараттардың таралуының жолын кесу, олардың қолжетімділік деңгейін төмендету, нашақорлықты ерте анықтау жүйесін енгізу, есірткіні пайдаланатын адамдардың сенімді және нақты есебін қалыптастыру, орындаушылардың құзыреті мен мәртебесін арттыру және материалдық-техникалық жағдайды нығайту», – дейді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Әмірханов.
Бақытжан Әмірханов есірткінің заңсыз айналымы мен нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды ІІМ-нің ведомствоішілік деңгейінде сапалы және тиімді іске асыру мақсатында оның әрбір іс-шарасын орындау ведомствоның тиісті қызметтеріне бұйрықпен бекітілгенін айтып отыр.
«Бұл жұмысты үйлестіруді біз жүзеге асырамыз. ІІМ-де жоспардың әрбір тармағын іске асыру бойынша қадамдық іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Бұл оның орындалу динамикасын апта сайынғы сегментте бақылауға, қажет болған жағдайда біздің іс-әрекеттерімізді түзету шараларын қабылдауға мүмкіндік береді», – дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы.
Жоғарыда айтып өткеніміздей нашақорлардың 15 пайызы 18 бен 29 жас аралығындағы жастар болғандықтан жасөспірімдер мен жастар арасында есірткінің таралуын болдырмау және алдын алу шараларының маңызы зор. Осы орайда еліміздің барлық өңірлерінде әкім орынбасарлары есірткімен күресте алдын алу шараларын өткізу бойынша жоспар бекітті. Олар үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп есірткі саудасымен айналысатын сайттар көрсетілген граффити-жазуларды анықтау және бояу бойынша акциялар өткізген. Осы акцияға екі жүзге жуық ерікті қатысыпты. Қарқынды жұмыс нәтиже беріп, 6 мыңнан астам граффитиді олар бояп, көзін құртқан екен.
Жаман әдеттің алдын алудың бір жолы жастардың уақытын дұрыс пайдалануға, пайдалы іске қызығушылығын арттыруға бағыттау екені белгілі. Осы ретте аталған жоспар негізінде еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен жазғы лагерьлер мен үйірмелерде, аула клубтарында 12 жастан асқан балаларға арналған спорттық және демалыс іс-шаралары өткізілген екен.
Айта кететін бір жағдай, есірткінің заңсыз айналымына қатысудың салдары туралы студенттерге тиісті мәліметтер беріп, оларды құлағдар ету де кешенді жоспардың бір бөлігі көрінеді.
«ЖОО-дың оқу қосымшаларына орналастыру үшін, мектептер мен колледждердің оқушыларымен, сондай-ақ олардың ата-аналары үшін кездесулер өткізу үшін ақпараттық материалдар әзірленді. Осы айда біз есірткі қылмыстарын жасау үшін ықтимал қауіпті орындарды анықтау бойынша жұмысты аяқтаймыз. Содан кейін әкімдер алдында бейнебақылау камераларын орналастыру туралы сұрақтарға бастамашылық жасауды жоспарлап отырмыз», – дейді Бақытжан Әмірханов.
«ҚР ІІМ нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспар» аясында бірқатар шаралар іске аспақ. Оның ішіне елде дамып жатқан цифрлық жүйені пайдалану, яғни «отбасының цифрлық картасының» мүмкіндігін пайдалану арқылы есірткі тұтынушы мен оның жасырушысының әлеуметтік-экономикалық портреттерін электронды форматта қалыптастыру.
Сондай-ақ манандардың айтуынша, нашақорлықпен күреске қарапайым адамдарды, еріктілерді жұмылдыру қолға алынған. Айта кетелік, ІІМ мен ұлттық еріктілер желісі арасында «QR-кодтарды, электрондық мекенжайларды, суреттерді граффити-бояу» бойынша меморандум-келісімдер іске асырылуда. Жастар саясаты бойынша кеңес мүшелерінің орта және арнаулы оқу орындарында нашақорлықтың алдын алу жөніндегі нұсқаушы ретінде қатысуы да өз нәтижесін бермек. Сондай-ақ, еріктілер мен әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында, сонымен бірге қарапайым азаматтар арасында есірткіге міндетті талдау және скрининг жүргізу жұмыстары жүргізіледі. Себебі елдегі нашақорлардың саны әлі де анықталуы тиіс жұмыс болып отыр, дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті өкілдері.