26 Қыркүйек 12:07
...

«Қазақстан – КЕДЕЙ ел...»: Экономист халықты кедейшілікке апарған факторларды атады

Фото:

Соңғы жылы Қазақстанда тұтыну тауарлары едәуір қымбаттағаны белгілі. Сарапшылар бұл қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиіп жатқанын айтады.

«Қазақстанда табысы азық-түлік себеті құнынан төмен отбасылар саны былтырғы жылмен салыстырғанда үш есеге артып, 60 мың адамға жуықтаған. Ал 1 млн адам орташа күнкөріс деңгейінен төмен жағдайда өмір сүреді және бұл өткен жылдан 9,4 пайызға көп деп жазады», – Ranking экономикалық мониторинг порталы.

Ал бізге сұхбат берген экономист Бауыржан ЫСҚАҚОВ «елдегі қымбатшылық пен отандық өндірістің тұралап қалғаны халықтың күнкөріс деңгейінің төмендігіне әсер етіп отыр» дейді.

Фото: ғаламтордан

Халықтың күнкөріс деңгейі төмендеуіне басты себеп не?

– Бізде жалақы мәселесінің әлі де дұрыс жолға қойылмағаны – бір себеп. Ауылдағы халықтың басым көпшілігі күнделікті ішіп-жемін күнкөрістің ең төменгі мөлшеріндегі қаражатпен қамтамасыз етіп отыр. Ал коммуналдық шығындар мен несие сияқты басқа да ай сайынғы төленетін шығындардың көлемі жалақыдан да асып кетеді.

Күнкөрістің төмендеуінің өзі мемлекетке үлкен шығын әкеліп отыр. Бірінші кезекте, ауылдағы қара халықтың қалаға көшу процессі жиілеген. Одан кейін ауылдағы еңбекке жарамды азматтардың қалмағаны ауылшаруашылығын тұралатып отыр.

Сосын, тұтынатын тауарлардың қымбаттығы және отандық кәсіпорындардың халықтың ішкі сұранысын, яғни азық-түлік пен киім кешекке сұранысын қанағаттандыра алмай отырғаны. Ол тауарлық инфляцияның туындауына әкелді. Өйткені, бізге келетін тауарлардың басым бөлігі көршілес мемлекеттерден екені жасырын емес. Тұтынатын тауарларымыздың 70 пайызға дейіні Ресей мен Беларусь және Қырғызстан мен Өзбекстаннан келіп жатыр. Ол тауарлар елдің баға конъюнктурасына әсер ететін инфляцияға соқтырды. Былтырғы азық-түлік инфляциясы 25 пайыз болуының өзі басқа елдің тауарын ғана тұтынбай, сол елдің инфляциясын да алып отырғанымызды көрсетеді.

Азық-түлік себетіне қарап халықтың тұрмыс жағдайын қалай анықтаймыз?

– Негізі бізде ең төменгі жалақыны әзірлеу кезінде қолданылатын механизмдер де дұрыс емес. Ең төменгі жалақыны қарастырған кезде азық-түлік себеті деген болады. Сол себетке кіретін тауарлар саны сонау 2012 жылдан бері өзгермеген. Онда 54-55-ке тарта ғана азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар бар. Ол ең төменгі жалақы мөлшерінің қалыптасуына әсерін тигізетін фактор болғандықтан, біз ондағы тауарлар санын арттыруымыз керек.

Фото: ғаламтордан.

Мысалға, Америка Құрама Штаттарында немесе Германияда  оның көлемі екі жүзден асып кетеді. Тіпті себетке иттерін ветеринарлық клиникаға апарып емдететін немесе шаштаразға баратын шығындар мен туған күнге әкелетін сыйлықтардың өздерін адамдардың ішкі шығындарына қосып отыр. Міне, осының барлығы адамның күнкөріс деңгейінің қандай екенін анықтауға обьективті себеп болады. Ал бізде ең қажетті тауарларды ғана жазған. Ал адамның дамуына қосымша, еңбек демалысы, спортпен айналысуы сияқты басқа да қажетті шығындарды қоспаған. Ал ол ең төменгі жалақының сол дәрежеде қалып қоюына әсерін тигізіп отыр.

Жалпы, халықаралық норма бойынша, жалақының 50 пайыздан астамын азық-түлік және несие мен коммуналды қызметтер сияқты басқа шығындарға төлейтін болса, ол – адамдардың кедей екенін білдіретін фактор. Яғни табыстың 50 пайызы ғана жеке дамуына қалатын болса, ол мемлекетті кедей деп есептеуге толық негіз бар. Ал бізде адамдардың негізгі шығындарының өзі 80-90 пайызға дейін жетіп отыр.

Біз өзіміздің дамуымыз бен басқа да қосымша шығындарымызға 5-10 пайыз ғана алып қалады екенбіз. Осы көрсеткішті төмендетуге тырысуымыз керек. Ол ең төменгі жалақының көтерілуіне септігін тигізуі тиіс. Адамдардың қалтасынан шығатын қаражаттардың өзімізде шығатын неғұрлым арзан, әрі сапалы өнімдерге жұмсалғаны дұрыс.

Коллаж: 365info.kz

Халықтың тұрмыс жағдайы төмендеуінің бірнеше себебін айттыңыз. Бұл мәселелер шешілмесе салдары қандай болуы мүмкін?

– Халықтың күнкөріс деңгейі көтерілмесе қылмыстың көбеюі, демографиялық мәселелер, білімді кадрлардың шетелге кетуі немесе бизнес ашуға сұраныстың азаюы сияқты көптеген кері әсерлері болады. Яғни оның әлеуметтік-экономикалық салдары ауыр болмас үшін, қазір осы мәселелерді шешуіміз қажет.

Біріншіден, экспортқа шығатын тауарларымызды шикізат ретінде ғана емес, дайын өнімдер шығару процессін қолға алғанымыз жөн. Дайын өнім шығару пайда ғана емес, елдегі кадрлардың дамуына да өз әсерін тигізеді. Егер біз шикізат ретінде ғана сатсақ, дайын өнім шығаратын басқа елдің интеллектуалды потенциалын дамытуға ғана әсерін тигізеді. Сырттан келетін тауарларға бәсеке болатын кәсіпорындар құруға мүмкіндік беретін болсақ, ол өзінің нәтижесін көп күттірмей береді.

Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана

Тегтер: