«Қазақ тілінің мәселесін орыс тілділердің өздері ушықтырады»
Choco холдингінің басшысы Рамиль Мухоряповтың сөзі кешеден бері әлеуметтік желілер мен қоғамда үлкен талқыға түсіп жатыр. Ол мобилизацияда келген Ресей азаматтарымен кездесуде орыс тілін білмейтін, орысша жауап бере алмайтын қазақтарды «ұлтшыл, төмен мәдениет өкілдері» деп бағалады.
Forbes тізімі бойынша Chocolife компаниясы алғашқы елулікке енеді. 10 жылдан бері Қазақстанда дамып келе жатқан компанияның aviata.kz, chokotravel.kz, lensmark.kz, chocofood.kz сияқты желілерінің сайттарында мемлекеттік тілде қызмет көрсетілмеген. Тек кешегі қысымнан кейін алғашқы қазақша посттарын жаза бастады.
NEGE тілшісі мемлекеттік тіл мәртебесі үшін күресіп жүрген қоғам белсендісі, QazaqGrammar парақшасының әкімшісі Нұрсұлтан Бағидолламен сұхбаттасты.
– Кәсіпкердің бұл сөзі осындай ойда жүрген көп бизнесменнің көрініп қалған бір ғана мысалы сияқты. Осы мемлекетте кәсібін дөңгелетіп отырған үлкен компаниялар неге мемлекеттік тілге қырын қарайды?
– Менің ойымша, кішігірім компаниялар арасында да тілге қатысты осындай мәселе бар. Рамиль сияқты ойлайтын кәсіпкерлер де аз емес.
Мысалы, жұмысқа алатын кезде де «орысша өте жақсы білу керек, ал қазақ тілін «желательно» немесе «будет плюсом» дей салады.
Шын мәнінде, жұмыс процесінде ол керек емес. Өзім де біраз IT компанияларында жұмыс істеп көрдім. Жалпы орысша, кейде ағылшынша жүреді жұмыс. Мұндай жердегі мемлекеттік тілге деген көзқарас айтпаса да түсінікті. Қазақ тілі мүлдем қолданылмайды десем болады. Оны бизнес тілі, ғылым тілі деп санамайды.
Р.Мухоряпов. Фото: sxodim.com
– Жалпы, тіл мәселесіне келгенде шырылдайтын – қарапайым халық. Жай ғана қоғамдық орындарда қазақша қызмет ала алмай жүргенде, техника мен ғылым тілін қазақшалау деген мүмкін емес нәрсе сияқты...
– Бұл мәселенің тамыры кеңестік кезеңнен бастап әбден бекіген. Ел арасында «жұмысқа тұру үшін орыс тілін білу керек», «орысша қызмет көрсету керек» деген түсінік әлі де бар. Тіпті қазақтілді азаматтардың өзі бұл қағиданы өзгертуге аса талпынбайды. Қазақ тілінде қызмет етуді талап ету туралы көпшілік ойламайтын да сияқты. Соны жиі айта беру керек. Және құқықтық тұрғыдан талап ету керек. Сол кезде ғана жағдай өзгереді. Ол сұраныс халық тарапынан болса, билік те оған атсалысуы тиіс.
– Сол билік тарапынан жасалу керек істерді өзімізше болжап көрсек...
– Ұлтжанды азаматтардың көбісі «Конституциядан орыс тілін мүлде алып тастау керек» дейді. Негізі ол – биліктің қолында тұрған дүние. Егер оны «радикалды» шешім деп санаса, заңға тиіспей-ақ қаншама әрекеттер жасауға болады.
Қарапайым балабақшадан бастап, бастауыш сыныптардың барлығын толықтай қазақша білім беретін дәрежеге көтерсе, құжатты қазақша толтыруға тапсырма берсе, соның өзі үлкен өзгерістер әкелуі мүмкін.
«Тіл туралы заңда» да ақпаратты қазақша алу туралы нақты айтылмаған. Оған «ақпарат мемлекеттік тілде бірінші берілу керек және жазылу керек» деп дәлдеп көрсетсе ғой. Бұл процесті ондаған жылға созбай, қысқа мерзімде нәтижеге жетуге болады.
Сондай-ақ, жұмысқа тұратын кезде де мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтайтын арнайы тест жасаса. Кішігірім ғана емес, үлкен компанияларға да қызметке тұру үшін үшін осындай тест тапсыру міндеттелгені дұрыс еді.
Коллаж: ғаламтордан
– Жуырда министрлердің меңгерген тілдерінің тізімі шықты. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өзінің тілдік барьерін тек қана «русский» деп бағалаған. Парламент депутаттарының ішінде де қазақша сөйлемейтіндер бар. Ал негізінде, мемқызмет өкілдерінің барлығы мемлекеттік тілді білуі керек қой?
– Билікте көбіне өткен заманның адамдары отыр. Оларға да нақты талап қойылу керек. «Мемлекеттік тілді меңгермесең, қызметке қабылданбайсың» деген сияқты. Егер депутат, министрлер халықтың өкілі, халыққа қызмет етуші орган боп саналса, неге олар сол халықтың тілінде сөйлемейді? Тілді білетінін дәлелдесін, содан кейін ғана қызметін атқарсын. Ол азаматтар Ата Заңның 151-1, 4-бабындағы «Мемлекеттік тілді меңгеру – ҚР әрбір азаматының парызы» деген сөзді есте ұстауға міндетті.
Жалпы, тілге қатысты қоғамда қалыптасқан қате мифтер бар. Мысалы, Қазақстанды қостілді мемлекет санайтындар Конституцияның 7-бап, 1-тармағындағы «Мемлекеттік тіл біреу ғана – ол қазақ тілі» деген сөзді оқысын.
Ал «Орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» дегенді алға тартатындарға айтарым, бұл сөз 1989-1993 жылғы заңдарда жазылған еді, қазір ондай түсінік мүлдем жоқ.
Орыс тілін барлық жерде қазақ тілімен бірдей қолдануды ойлап жүргендер 7-бап, 2-тармақтағы «Орыс тілі мемлекетті ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» дегенді жаттап алсын. Бұл жерде «орыс тілі – ресми тіл» деген де сөз жоқ. Соны шатастырмау керек.
– Осы «қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөздің өзі орыс тіліне басымдық беріп тұрған сияқты...
– Оны алып тастауға да болатын еді, негізі. Бұл енді шикі дүниелер.
Фото: ғаламтордан
– Тілге қатысты мәселені көтерген кезде атқамінер азаматтардың көбі «Барлығын билікке артып қойып отырмау керек, бірінші өзіңнен баста» деген сияқты ой айтады. Егер билік өкілінің тілге қатысты бір ауыз сөзі біраз дүниені өзгертуге қауқарлы болса, жаңағы сөз қаншалықты логикаға сыйымды?
– Иә, ол сөздің де жаны бар. Халықтан да сұраныс болу керек қой. Халық өз қолынан келгенін жасасын, бірақ олар шеше алмайтын саяси процестер, заңнама сияқты дүниелер бар. Оған билік араласуы керек. Екі жақтан жүретін жұмыстар ғой бәрі. Тіл мәселесіне келгенде өздері толық сөйлей алмай тұрып, барлығын халыққа итеріп тастап отыруы дұрыс емес, әрине.
– Соңғы саяси жағдайлар кезінде QazaqGrammar жазылушылары күрт өсті. Ең бастысы, сіздер «Тек қазақша сөйлейік», «Қазақша қызметті талап етейік» деген мәтінмен өз позицияларыңызды анық көрсетесіздер.Оған наразы болғандар да шықты. Ұлтқа, тілге қатысты көзқарас білдіру кезінде көп белсенді «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» өтетін жолды іздейді ғой.
– Халықтың көпшілігінде қазақ тілін қолдану әдетке айналмаған. Мысалы, қазақша да, орысша да еркін сөйлейтін адамдар бар. Олар қазақша контенттің аздығын, жұмыс процесінің көбіне орысша екенін алға тартып, «Қазақ тілін білемін ғой» дейді де, орысша сөйлеп жүре береді. Менің де осындай көп танысым бар.
Міне, сол адамдар қазақ тілінің қолданылу аясының тар болуына үлес қосып жүргендерін байқамайды. Бұған үлкен мән беру керек. Тілге қатысты посттарымызды оқып, өздері де жазып, қоғамның көзі ашылып жатқан сияқты.
Қазақ тілін үйрететін онлайн, офлайн форматтағы "Tildes" клубымызға жазылып, мемлекеттік тілді меңгеруге талпынып жатқандар да артып келеді. Өзгеру керек екенін, ояну керек екенін түсінгендей. Бара-бара үлкен өзгеріс болады деп ойлаймын. Адамдар тек сөзбен емес, іспен де дәлелдесе екен.
– Біздің қоғамның мемлекеттік тілді білмейтіндерге көз жұма қарап, ал қазақша сөйлейтіндерге «ұлтшыл» деген негізсіз айып тағуға дайын тұруын немен түсіндіресіз?
– Бұл – үлкен парадокс. Демократиялық қоғам саналсақ та, тілге қатысты ой айтудан, талап етуден көп адам қорқады. Нақты өз көзқарасын көрсете бермейді. Бұдан қорқатын ештеңе жоқ. Себебі бұл жерде заңға қайшы ешқандай әрекет те жоқ. Біз өзге ұлттарды кемсітіп емес, жай ғана өз тіліміздің тең, заңды формада қолданылуын талап етеміз.