Қазақ сарбаздары Сирияға «таяқ тастам» жерде жүр

120 сарбаздан тұратын қазақ әскері Таяу Шығыстағы мәселе шиеленіскен жағдайда қалай әрекет етеді? Дәл қазір бітімгершілік күштері Ливанда не істеп жүр? Осы тақылеттес сауалдарымызды Қазақстанның қорғаныс министрлігіне жолдап, оған жауап алдық. Төменде құзырлы министрліктің берген түсініктемесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Қазір әлемнің қай елінде қанша қазақ әскері бар?
– ҚР Парламентінің 2018 жылдың 31 қазанындағы қаулысына сәйкес, «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясының шығыс секторындағы үнді батальонының құрамында бірінші қазақстандық бітімгерлік ротасы (120 әскери) қызмет етуде. Осы уақытқа дейін үш мәрте ауысқан қазақ сарбаздарының дайындық деңгейін БҰҰ басшылығы жоғары бағалады және бітімгерлік күштері санының өскеніне мүдделі. Қазақстандық бітімгерлік күштері өзара түсіністік және техникалық келісім меморандумының (Қазақстан – БҰҰ – Үндістан) аясында бітімгершілік миссиясын атқарады.
– Қазақстанның бітімгерлік миссиясына қандай міндеттер жүктелген? Олар нақты не істейді?
– Қазақ әскеріне өзіне тапсырылған аймақты бақылау, күзету, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдармен бірлесіп іс-қимыл жасау, ротаға меншіктелген бақылау-өткізу бекеттерінде қызмет ету, бітімгерлік базасын күзету және қорғау, сонымен бірге жергілікті халықпен байланыс орнату міндеттемелері жүктелген.
– Әскери қақтығыстар болған жағдайда біздің әскер оған араласа ма?
– Бітімгерлік операцияларына қатысатын бітімгер күштерінің басты қағидаларының бірі – жауласқан қос тараптың шиеленіс аймағына бітімгерлік күштерінің келуіне келісім беруі. Бітімгерлік күштері тек өздерін қорғауға ғана құзіретті. Осыған орай, БҰҰ-ның күштері әскери қақтығыстарға араласпайды.
– Жағдай ушығып кеткен жағдайда қазақ әскері елге қайтарыла ма?
– Жауласқан қос тарап бітім шарттарын, келісімдерді сақтамаған жағдайда БҰҰ бітімгерлік күштерін қақтығыс өршіген аймақтан алып кету туралы шешім қабылдай алады. Бұл мәселені БҰҰ басшылығы шешеді. ҚР заңнамаларына сәйкес, ҚР президенті де «әскери операция жүріп жатқан аумақтан ұлттық әскерді мерзімінен бұрын шығару, сонымен бірге жедел көшіру» туралы шешім қабылдауға құзыретті. Бұл жағдайда бітімігерлік күштері бітімгерлік операциясы өтіп жатқан аймақтан БҰҰ-мен келісе отырып шығарылады.
– Иракта Қазақстанның бітімгерлік күштері бар ма? Ол жаққа бітімгерлік әскерін жіберу көзделген бе?
– Иракта Қазақстан әскері жоқ. Бұл елге бітімгерлік миссиясын жолдау көзделмеген. Жалпы БҰҰ аясындағы бітімгерлік миссиясында әскер құрамы жарты жылда ауысып тұрады. Және қазақ әскерінің Ливан елінде қанша болатыны БҰҰ басшылығымен кеңесе отырып шешілетіндіктен, ҚР бітімгерлік миссиясының бұл елдегі қызметінің қашан аяқталатынын дөп басып айту қиын.
Әділ Ұзақбай