Кәсіптік білім беру: Білім мен тәжірибе ұштасуы керек

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жобалар тізбесін бекіту бойынша жарлыққа қол қойған еді. Соның негізінде 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы қабылданды. Бұл жобаның да іске қосылғанына бір жыл толмақ.
2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасындағы тағы бір міндет – техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. Бұл бойынша 2025 жылға қарай жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту көзделген.
Кәсіптік білім мен техникалық мамандыққа деген сұранысты қамтамасыз ету мәселесі бойынша Алматы сервистік қызмет көрсету колледжінің өндірістік оқыту ісі бойынша директордың орынбасары Гүлнар Ерғазина Жүнісбекқызы айтып берді.
– ҚР Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асуға тиісті «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын қабылдағаны белгілі. Осы жобаның алға қойған міндеттерінің бірінде техникалық және кәсіптік білім беру саласын қолжетімді ету, 2025 жылға қарай жастардың 100 пайызы қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету қажеттілігі айтылған.
Біз Алматы сервистік қызмет көрсету колледжі де мемлекет тапсырмасын алға қойған мақсатпен ұдайы ұштастыра жұмыс атқарып келеміз. Атап айтсам, биыл біздің колледжге былтырғы жылға қарағанда 125 грант артық бөлініп, қабылдау жүріп жатыр. Мәселен, 2021-2022 оқу жылы –300 грант, 2022-2023 оқу жылына – 425 грант бөлінді.
– Колледж жастары биылғы аймақтық WorldSkills чемпионатында топ жарыпты. Осы жеңіске қалай жетті?
– Білімді ұлт жобасында халықаралық талаптарға сәйкес, құзыреттілік орындарының болуы баса айтылған. Алматы сервистік қызмет көрсету колледжінде құзыреттілік орталығы жұмыс істейді. «Жас маман» жобасы бойынша зертханалар мен шеберханалар жаңа технологиялармен жабдықталған. Әрине, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау өз нәтижеін беруде. Студенттер мамандығын игеру мақсатында заманауи құралдармен жұмыс істей отырып, WorldSkills жұмысшы мамандарының чемпионатында биік дәрежеге жетіп жатыр. Биылғы аймақтық WorldSkills чемпионатында Алматы қаласынан 4-курс студенті Жауыш Жалғас «Аспаз» құзіреттілігі бойынша, «Визуалды сауда және терезе безендіру» құзіреттілігі бойынша жүлделі 1 орынды 1 курс студенті Политова Мария иеленді.
Алдағы күзде болатын ұлттық чемпионатта студенттеріміз Алматы қаласының намысын қорғамақ.
Сонымен қатар ұстаздар оқу бағдарламаларына WorldSkills стандарттарының элементтерін қосу арқылы жаңа талапқа сай даму үстінде, халықаралық талаптарды игеру мақсатында білімін арттыру курстарынан, Алматы қаласының ірі мекемелерінде тағылымдамадан өтеді.
– Студент жастар шетелде де тәжірибесін шыңдай ала ма?
– Колледж мамандары халықаралық, республикалық, қалалық деңгейде оқу орындар және орталықтармен келісімшарт жасасып, тәжірибе алмасу нәтижесінде білім беру деңгейін көтеріп жатыр. Түркия мемлекетінің «Kaspian Academy» білім орталығымен арадағы меморандумға орай, студенттер 3-4 жылдың ішінде осы елдің түрлі қалаларында тәжірибеден өтіп, мамандығын шыңдайды. Сондай-ақ өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушылары Бішкек қаласында «Жас маман» жобасы бойынша тағылымдамадан өтіп, сертификат алды. Одан бөлек меморандумға сәйкес, «Қазақстан» қонақ үйі, «Туризм және қонақжайлылық» колледжімен т.б мекемелер мен оқу орындарымен тәжірибе алмасып келеміз.
«Білімді ұлт жобасында» көрсетілген сапалы білім беру тетіктерінің бірі – тәжірибе алмасу. Мұның нәтижесінде өндірістен маман тарту арқылы өндірістік оқыту шеберлерінің қатары толығып отырады, атап айтсақ дуалды оқыту бойынша «Детский мир» дүкені филиалдары, «Қазақстан» қонақ үйі, «Беккер и К» мекемесі, «Первомайские деликатесы», «Rixos» отелі, «Abli-hotels» отелі, K– Management Астана интер отель, «Ақсай нан» комбинаты сияқты ірі мекемелерде студенттер тәжірибеден өтіп, теория мен практикасын ұштастырады.
Әрине қиындықтар да жоқ емес. Бірақ мемлекет тарапынан осындай жағдай жасалып жатқанына қуанамыз. Соңғы жылдары бас ұстазымыз А.Аймағамбетовтің іскерлік танытып, ауқымды жұмыстарды бастағанына ел куә. Ұстаз еліміздің болашағын, өскелең ұрпағын тәрбиелейді. Елдің басшысы да, данасы да, тіпті ғалымы да ұстаздың алдынан өтеді, білім нәрін сіңіреді. Сондықтан білімді де ұлтжанды жастар тәрбиелеу – ұстаздардың міндеті.
– Сіздерге өндірістен келіп жұмыс істеуге мүмкіндік бар ма?
– 2022 жылдың қаңтарынан бастап жұмысқа қабылдау бойынша жаңа заң қабылданып, күшіне енді. Жұмыс беруші enbek.kz сайтына қажетті маманға тапсырыс береді. Сосын мұны көрген жұмыс іздеуші ұсынысын тастайды. Егер біздің талапқа сәйкес келсе, портал арқылы байқау жариялаймыз. Одан кейін әңгімелесу өткізіледі. Комиссия мүшелері оқу орнынан бөлек тәуелсіз мекемелерден болуы мүмкін. Бірақ әңгімелесуден өтсе де, мамандығы бойынша ұлттық біліктілік тестін тапсырып, шекті бал алуы тиіс. Жарайды, жоғары оқу орнын бітіріп келгендер тапсыратын шығар, алайда өндірістен келген мамандар қиналады. Олардың көбі күндіз-түні ауысымда жұмыс істейтін жасы келгендер. Студенттерге білім мен тәжірибені ұштастыру үшін сондай мамандардың колледждерге жұмысқа орналасуын жеңілдету керек сияқты.
– Әңгімеңізге рахмет!