30 Наурыз 18:04

Қаржы пирамидаларын жарнамалағандарға қандай жаза қолданылады?

Фото:
Былтыр шілдеде Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» заңына қол қойған еді. Ол заң қаржы пирамидаларын жарнамалағандар үшін жауапкершілікті қатаңдатуды қарастырады.

Одан кейін де мемлекет басшысы қаржылық пирамидалар мәселесіне ерекше тоқталып жүрді. Бір сөзінде ол:

«Көптеген азаматтарымыз қаржы пирамидаларының құрбаны болуда. Тек бір ғана қылмыстық іс бойынша 17 мыңнан астам жәбірленуші бар. Мұндай қылмыстық істерді жүзеге асыру үшін алаяқтар бірыңғай транзакцияларды бірнеше рет өткізіп барып, жоқ болады. Күмән тудыратын осындай белсенділікті уақытылы анықтаған жағдайда көптеген адамдарды шалыс басудан сақтап, алаяқтарды жазалауға болар еді», – деп айтқан болатын. NEGE тілшісі осындай алаяқ топтарды анықтау мен бұғаттау қызметтерімен айналыстатын Қаржылық мониторинг агенттігі ресми өкілі Әлібек Әбділовтен қазіргі жасалып жатқан жұмыстың жай-күйін сұраған еді.

Ә.Әбділов

Қаржы пирамидаларын жарнамалағандар үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы заң қабылданса да бұл процесс әлі жалғасып келеді.  Оны жарнамалағандарды бақылау, жауапқа тарту іс жүзінде қалай жүзеге асады? Мысалы әлеуметтік желі посттары мен пікірлерді толықтай қадағалау мүмкін емес қой?

–Рақмет сұрағыңызға. Қазіргі ақпараттың қолжетімді, ғаламтордың дамыған заманында айтып отырған әлеуметтік желілердегі кез келген посттар мен пікірлерді қадағалап отыру мүмкін емес десек те, қол қусырып отырған ешкім жоқ. Қаржылық мониторинг агенттігінң ақпараттық жүйелері тәулік бойы интернет кеңістікті бақылай отырып, қаржы пирамидаларының белгісі бар сайттар мен аккаунттардың барлығын бұғаттайды.

Мысалы былтыр 6500 сайт бұғатталса, биыл жыл басынан бері 3000-ға жуық сайтқа тыйым салынды. Бұл жүйе автоматтандырылған.

Және ол Қазақстан Республикасының Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігі кибербақылау жүйесіне бұғаттау үшін жіберіледі.

Сонда күмәнді, күдікті тауарлар мен қызметтерді жарнамалайтын сайттарды тек қана Ақпарат министрлігі бұғаттап отыра ма?

–Біз де бұғаттаймыз. Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері «Байқа, пирамида!» деп аталатын телеграмм-месседжеріндегі ботты жасап шығарды. Қазіргі уақытта кез келген азамат әлеуметтік желінің немесе сайттың күмәнді бір сілтемесін байқаса, оны әлгі ботқа жібере алады. Оны жіберудің алдында басқа да бір азаматтардан нақты осы компанияға қатысты сұраныстар келіп түскен болса немесе сол компанияға қатысты іс жүргізіліп, сот үкімі шыққан болса автоматты түрде бірнеше секундтың ішінде жауап келеді. Ал егер бұл қосымша зерттеуді, тексеруді қажет етсе, яғни бірнеше сағаттан кейін белгіленген компания сілтемесінің қаржылық пирамида белгілері бар ма, жоқ па немесе аталған қаржылық нарығын реттеу және дамыту регистрінде тіркелген бе сол анықталады.

Демек, ол бот тек сілтемелер бойынша ғана анықтайды ғой алаяқ сайттарды?

–Жоқ, ол жерде тек жеке тұлғалар мен сайттар емес, БИН арқылы компанияларды да тексеруге болады. Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жұмыс осындай. Ал егер жарнамалауға келетін болсақ, былтыр Қылмыстық кодекстің 217-бабына «Қаржылық пирамиданы жарнамалау бойынша» деген қосымша тармақ енгізілген еді. Сондықтан да заң жүзінде оның барлығы белгіленіп, жұмыс жасалып жатыр. Бәрін агенттік пен құзырлы органдар бақылап отыр.

–Қаржы пирамидаларын жарнамалау бойынша Қылмыстық кодекстің 1 тармағы бойынша 6 миллион теңгеден астам айыппұл салу немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту көзделген. Бұл қандай категория үшін қолданылатын жауапкершілік? Ал мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылатын қылмыстық жаза кімдерге қолданылады?

– Қылмыстық кодексте екі тармақ қана бар. Оның кез келген тармағында мүлкі тәркілену деген жаза бар. Ал 217-баптың бірінші тармағына келетін болсақ, егерде қаржылық пирамиданы жарнамалау айтарлықтай залал келтіре отырып, ақпараттық жария түрінде немесе бұқаралық ақпарат құралдары мен электронды ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып адамдарды оған тартуға алып келген болатын болса, оның жауапкершілігі бөлек. Ал егер алдын ала келісу, яғни сөз байласу арқылы жасақталған адамдардың ішінде бір немесе бірнеше рет немесе өзінің қызметтік бабын асыра пайдалану арқылы жасалынған қылмыс болса, бұл 217-баптың екінші тармағында көрсетілген қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Сондықтан да ел тұрғындары, әсіресе блогер немесе танымал адамдар қандай да бір желілік немесе қаржылық пирамиданы жарнамалар алдында жақсылап ойланып алғаны дұрыс.

Тегтер: