10 Сәуір 18:15

«Қарғын су экологиялық апат, індет әкеле жатыр» – Эколог

Су тасқыны
Фото: Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қарғын су елімізге экологиялық апатқа ұшыратты. Құнарлы топырақ қабаты шайылып, ауыл шаруашылығына үлкен залал келді. Кәріз жүйесі, қоқыс полигондары мен молаларды су басты. Бұл жайт елімізде індеттің өршуіне себеп болуы әбден мүмкін. Ал Оңтүстік өңірде сел қаупі күшейген. «Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады» дегеннің кері, алда алапат құрғақшылық келе жатыр…

Қазақстандық экологтар осындай болжам жасап, дабыл қағып отыр. Эколог Тимур ЕЛЕУСІЗОВ қарқын судың зардаптары жөнінде NEGE-ге әңгімелеп берді.

– Қарғын судың ел экологиясына тигізген зардабын қалай бағамдар едіңіз?

– Қарғын су Қазақстанның он өңірін басты. Бұл үлкен экологиялық шығын әкеледі. Біріншіден, қарғын су басылған соң, үлкен құрғақшылық болады. Өйткені, су құнарлы топырақты бүлдіріп, ағызып әкетті. Егін егілетін алқаптарды шайып, жалаңаштап тастады. Мұның кесірінен еліміз азық-түлік тапшылығына ұшырауы мүмкін. Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне орасан нұқсан келіп отыр.

Қарғын судың келтірген залалы көп. Бұл су сіңіп, жер кепкен соң айқын байқалады. Қазір егіске әзірлік басталып жатқан кезең.

Эколог
Т.Елеусізов. Фото: ғаламтордан

– Су молалар мен дәретханаларды, қауіпті дерттен қырылған малдарды көмген жерлердішайып кетіп жатқаны белгілі. Бұл елдің санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын асқындыруы қаншалықты мүмкін?

– Сібір жарасы және басқа да бактериялық індеттер тарау қаупі өте жоғары. Өлекселердің денелері алқаптарда шіриді. Канализация, септиктегі қалдықтар да егістікке жайылып кетті. Бұдан бөлек, қоқыс полигондарын да су ағызып, жан-жаққа таратты. Мұның экологиялық зардабы ауыр болады. Қарғын су экологиялық апат, індет әкелетін түрі бар.

– Алапат тасқынның алдын алуға болар ма еді? Неге шарасыз қалдық?

– Бұл ең алдымен Қазақстанның қарғын су мәселесін шеше алмайтынын көрсетіп отыр. Қазір мұндай апаттардың алдын алатын кең көлемді стратегия әзірлеу керек.

– Батыс, Солтүстік, Шығыс аймақтар әлі де тасқынмен алысып жатыр. Ал оңтүстік аймақтарда су жетіспеушілігі мәселесі бар. Қарғын су мәселесін оңтайлы шешуге бола ма?

– Оңтүстік өңір таулы аймақтарға жатады. Сондықтан қазір сел қаупі күшейіп тұр. Бар суды жинақтап, қор жасап жатқан жоқпыз. Олар босқа сіңіп, ауаға ұшып жатыр.

Жетісу облысынан Қызылордаға дейінгі аймақтарда су жетіспеушілігі бар. Қазір осы мәселені шұғыл шешу әдістемесін әзірлеу қажет. Ирригациялық каналдар қазып, суды барынша сақтау үшін су жинайтын қоймалар керек. Орталық Азияның қатты қызып кетуіне қарсы шара ретінде көгалдандыруға баса назар аударған жөн.

Қазақстан
Фото: ғаламтордан

– Су астында қалып жатсақ та, құрғақшылық тағы алдымыздан шықпақ па?

– Қазақстанның батысы және Қызылорда өңірі құрғақшылық зардабын қатты тартатын болады. Өйткені, фермерлер суды тиімді пайдаланып жатқан жоқ. Бір ғана амал, кейбір дақылдарды өсіруден мүлде бас тарту қажет. Бұл өңірлерде судың 70 пайызы босқа рәсуа болып жатыр. Өнімнің өзіндік құны да тым жоғары. Мұның бәрі мемлекет тарапынан субсидияланып жатыр.

Тығырықтан қалай шығуға болады? Қандай амалы бар?

– Ауыл шаруашылығы, су, экология және индустрия мәселелерін дереу қайта қарау қажет. Құзырлы министрліктер өзара тығыз байланыста, жұмыла әрекет етуі тиіс.

Қазір өзара байланыс жоқ. Соның кесірінен астан-кестең болып жатыр. Енді салдарын көзімізбен көріп отырмыз. Бірақ ешкім жауапкершілікті мойнына алмайды. Жауапкершіліктен қашпау керек.