«Қарапайым заттар экономикасы» отандық кәсіпкерлердің тіршілігін қалай дөңгелетті?

Елімізде ауылшаруашылығы өнімдерін дамыту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске қосылып, отандық кәсіпкерлердің бизнесіне біраз серпіліс берді. Солардың бірі – «Қарапайым заттар экономикасы».
Аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында 1 трлн теңгеден астам сомаға 1,1 мыңнан астам жобаны субсидиялау мақұлданған болатын. Сондай-ақ 404 кәсіпорын осы бағдарлама аясында несиеге кепілдік алды. Ал мұндай шаралар қаншалықты тиімді? Бизнесмендер жұмыс орындары мен қатар қажетті көлемде халық тұтынатын тауарлар топтамасын нарыққа шығара алды ма?
NEGE тілшісі бағдарлама аясында ірі өндіріс ошақтарын жандандырған компаниялардың өкілдерімен тілдесіп көрді.
«Қарапайым заттар экономикасы» не үшін қажет?
«Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы экономиканың барлық секторын қайта іске қосуға көмектеседі. Компаниялардың дамып, нарықта құлаш жаюына мүмкіндік береді.
Қолданылу мерзімі 2023 жылдың соңына дейін ұзартылған бұл бағдарламаға еліміздің 10 ірі банкі мен Аграрлық несие корпорациясы қатысады.
Жоба импортталатын және әлеуметтік маңызы бар халық тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің өндірісі үшін құрылған. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы кәсіпкерлерді қолдап қана қоймай, бәсекеге қабілетті өндірістерді құруға жәрдемдеседі және Қазақстанның импортқа тәуелділігін төмендетеді. Ендеше, нарықта көш бастап келе жатқан солардың бірді-екілісіне тоқталайық.
Тауық етінің тапшылығы жойыла бастады
Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда тауық етіне қатысты қиындықтар болды. Соның бір дәлелі ретінде айтар болсақ, салмағының жартысын мұз алып тұратын дәмсіз американдық бөртпелер дүкен сөрелерінде жиі кездесетін.
Осыған орай ет өндіру бағытындағы құс фабрикаларын салу бірнеше мемлекеттік бағдарламалардың, оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасының» басым міндеттерінің бірі болды. Еліміздің құс шаруашылығындағы ірі өндіріс көзі Алматы облысындағы «Прима Кус» кәсіпорны болды.
«Бізде құрама жем өндірісі, инкубациялау, балапан-бройлер өсіру, мал сою цехы және айына 400 тоннаға дейін нагетс, сосиска және т.б. өндіретін қайта өңдеу цехы бар. Сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу мен тазарту құрылғылары да бар», – дейді ЖШС бас директоры Алексей Залевский.
Оның айтуынша, үлкен өндірісті құрудың бірінші кезеңі 2021-2022 жылдары іске асырылған. Оның құны $80 млн. Қаржыландыру KazakhExport сақтандырумен жүзеге асырылса, несиені RBK банкі берген.
2023 жылы кәсіпорынның екінші кезегін, 2024 жылы үшінші кезекті салу жоспарланған. Соңғы кезек пайдалануға берілгеннен кейін «Прима Кус» нарыққа жыл сайын 70 мың тоннаға дейін өнім шығаратын болады.
Айта кетейік, қазір Қазақстанда тауықтың жалпы жылдық тұтынылуы 440 мың тоннаға жетеді.
Кәсіпорынның жұмысымен егжей-тегжейлі таныстырып өткен Алексей Залевский қазір сырттан нарыққа құс етінің 40% -ға жуығы жеткізілетінін айтты. Осыған орай отандық құс фабрикалары иелерінің алдында импортты жабу міндеті тұрғанын ерекше атап өтті.
Өнімдерінің Қазақстан бойынша сатылатынын айтқан компанияның бас директоры: «Алдағы уақытта Қырғызстанға, сосын Өзбекстанға алғашқы экспорттық жеткізілімдер жасаймыз», – дейді.
Алексей Залевский Орталық Азия елдерінің нарықтары қазақстандық құс өсірушілер үшін өте қолайлы екенін айтады. Ал Қазақстан үлкен көлемде астық өндіреді, онсыз құс шаруашылығының аяқтан тұруы мүмкін емес.
Бағдарламаның IT саласына қандай септігі тиюде?
2019 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтар болсақ, басым салалар тізіміне IT секторы да қосылды. «Эколь Қазақстан» ЖШС жобасының жетекшісі Ердос Меңдібаев бұл жағдайға түсініктеме берді.
«Алматы – IT-компаниялар мен секторда жұмыс істейтін адамдар саны ең көп қала. Біздің индустриямыз тез өсіп келеді, бірақ бұл экономиканың қаржыландырудың жетіспеушілігінен зардап шегетін секторы, өйткені IT мамандарының банкке қоятын ешқандай кепілі жоқ. Мәселен, пәтер мен көлікті бір рет кепілге қоюға болады. Ал одан әрі кеңею үшін кепіл жоқ», – дейді Меңдібаев.
Компания инновациялық IT-академиясын құру үшін алынған банктік несиеге кепілдік алған. Мұнда бағдарламашы болғысы келетін 18-42 жас аралығындағы кез келген адам оқып, біліп алуға мүмкіндік алады. Оқу «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының қағидаты бойынша жүзеге асады.
Ердос Меңдібаевтың айтуынша, нарық ІТ саласының сауатты мамандарын үнемі қажет етеді. Себебі, бағдарламалық сервистерді әрбір кәсіпорын пайдаланады. Ал оларды құру мен қызмет көрсету үшін сала мамандары жетіспейтінін алға тартады. Мемлекет «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы бұл мәселені шешуді де қалыс қалдырмаған.
Айта кетейік, "Қарапайым заттар экономикасы" халық тұтынатын әлеуметтік маңызды тауарлардың импортын алмастыру үшін жасалған. Бағдарлама өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерді қолдап, бәсекелестікті күшейтіп, отандық өнімді дамытуға бағытталған. Ең бастысы, еліміздің импортқа деген тәуелділігін жою.
Қазір бағдарламаға 10 ірі банк пен Аграрлы несие корпорациясы қатысуда. Аталған бағдарламаны қаржыландыру Ұлттық Банктің еншілес ұйымы – "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ арқылы белсенді түрде іске асырылып келеді. Бағдарлама аясында банк беретін несие пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.
Осылайша, отандық кәсіпкерге жаңа іс бастауға немесе қолда бар өндірісті кеңейтуге мүмкіндік жасалған.
Қазақстанның орнықтылық қоры "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының арнайы сайтында іске қосқан болатын. Онда бағдарламаға қатысты толық мағлұматтар мен несиелеу шарттары, қажетті мерзімге несие сомасын есептеуге арналған калькулятор бар.