4 Сәуір 13:13
...

Қайта тағайындалған «ЕСКІ ҚАЗАҚСТАН»

Фото:

Президент Тоқаев заманының бір саяси «ноу-хауы» дүниеге келді деуге болатын сияқты. Оның мәнісі мынада – кезектен тыс сайлау өткізіп, мемлекеттік басқару органдарын екі-үш айға тікелей міндеттерін атқарудың орнына билік партиясы мен кандидаттарын қолдауға жұмылдыру, содан соң парламентке (заң шығару органының жұмысына ешқандай да өзгеріс енгізе алмайтын бір-екі қуыршақ партияның бес-алты адамын есептемегенде) бұрынғы партияларды қайта сайлап алу. Содан соң үкіметті отставкаға жөнелтіп, оның басшыларын сол қалпында қайтадан тағайындау.

Бұл сөзімнің растығын өткен парламент сайлауы мен күні кеше президент Жарлығымен премьер мен оның бірнеше орынбасарының құтты орындарына қайта қонжиып алуы дәлелдеп отыр.

Осындайда мынадай бір орынды сұрақ туындайды: егер де парламент пен үкімет басшылары өзгермесе, онда елді улатып-шулатып, қыруар қаржы жұмсап, сол сайлауды өткізудің не керегі бар еді?!

Мұндай кадрлық тұралаудың төмендегідей себептері бар деп санаймын.

Коллаж: NEGE

Біріншіден, менің пайымдауымша, не дегенмен Тоқаев пен Назарбаевтың арасындағы 2019 жылғы өзара, жария етуге болмайтын келісім әлі де өз күшін жойған жоқ. Сол себепті ескі Қазақстаннан келе жатқан «жаңа үкіметтің» мұртын балта шаппады. Ел экономикасы құлдырап, баға мен тарифтер шарықтап, қарапайым адамдардың күнкөрісі күрт нашарлап, әр жерде ашынған жұрт ереуілге шығып жатса, да, үкімет қыңқ етпеді.

Басқа, өркениетті ел болса, мұндай үкімет баяғыда-ақ отставкаға жөнелтілер еді.

Екіншіден, биліктің қызмет етуінің өз заңдылықтары бар. Мәселен, уақыт өте, билік тармақтары мен нақты тұлғалар өзара тіл табыса бастайды. Әйгілі Паркинсон заңдары да соны айтады. Олардың ортақ (бір клан ішіндегі немесе кланаралық) мүдделері пайда болады, ал ол мақсаттарды орындау үшін олар өз орнында қалып, күш біріктіруі тиіс. Сол себепті олар көп жағдайда бір-біріне күні түсіп, бір-бірін қолдауға мәжбүр. Мұндай фактор олардың тұрақты болуына өз әсерін тигізеді.

Ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті білмеймін, алайда «кланаралық ынтымақ пен бірлік» деген су жаңа құбылыс осылай пайда болады. Және де ол экономикалық және саяси өмірдің шешуші факторына айналады. Әртүрлі клан өкілдері саналатын премьер мен оның бірнеше орынбасарының халық наразылығына қарамастан өз креслоларын сақтап қалуының бір себебі – осы.

Фото: Шүкір Шахай

Үшіншіден, үкіметтің өз орнында қалуының саяси салдары да бар. Жаңа Қазақстан идеясы ұсынылғаннан кейін жұрт жаңалықты Парламенттің жаңа құрамынан көргісі келді. Онысы болмады. Жаңалықты жаңа үкіметтен көргісі келді. Онысы да болмай қалды. «Кадрлар бәрін шешеді» деген сөз өз өзектігін жоғалтқан жоқ. Олай болса, Жаңа Қазақстанға деген елдің сенімі осындай қадамдардан кейін селдірей бастайтынын да ашық мойындауымыз керек.

Сонымен қатар, кешелі бергі кадрлық ауыс-түйістердің өзіндік ерекшеліктері бар.

Президент әкімшілігінің жетекшісі вице-премьер-сыртқы істер министрі боп тағайындалды. Номенклатуралық критерийлерге салсақ, бұл, сөзсіз, төмендеу. Президенттің көңілінен шыққан әкімшілік жетекшісі не орнында қалатын, не парламент палатасының спикері не премьер боп өсетін. Бұл жолы олай бола қоймады. Бәлкім, президенттің мұндай тосын шешім қабылдауына не постқаңтарлық ахуал, не өткен парламент сайлауына қатысты айтылып жатқан сын әсер еткен болар, не біз білмейтін басқа бір жайттар әсер еткен болар.

Бұл қазақ не көрмеді: соңғы 30 жылда екі президент пен... оншақты президент әкімшілігі жетекшісін көрді. Іштерінде «анадай да болды, мынадай да болды». Жұмсағы да болды, қаттысы да болды. Либералы да болды, консерваторы да болды. «Көгершіні» де болды, «қаршығасы» да болды.

Біздегідей суперпрезиденттік басқару жүйесінде президент әкімшілігінің шынайы, іс жүзіндегі саяси салмағы мен мүмкіншіліктері, керек десеңіз, билік тармақтарының конституциялық мәртебесі бар басшыларынан жоғары. Сондықтан ол адамға көп нәрсе байланысты.

Байқап отырсақ, елдің дамуы кезеңінің әртүрлі сипатына сай олардың әрқайсысының өз миссиялары болды.

Осы орынға құқық саласының маманы, біраз уақыт жемқорлықпен күреске белсене атсалысқан, коррупционерлердің үрейін қашырып, қылышынан қан тамған Антикорды басқарған азаматтың келуіне қарағанда, ендігі жерде әкімшілік жетекшісіне жаңаша міндет жүктелетін сықылды. Меніңше, нақты билікті қолға алып, ішкі ақпаратқа әбден қанық болған президент басқару жүйесінің ең басты дертінің бірі – парақорлық екенін түсінген сияқты. Бәлкім, президент әкімшілігінің жаңа жетекшісіне жүктелетін міндет осы бағытта болар.

О.Бектенов. Фото: 24.kz

Бірақ, президент әкімшілігі жетекшісінің рөлі мен маңызын ескерсек, осындай, бір ғана басым бағытқа баса назар аударып, оның бір ғана шаруамен айналысып, сол арқылы оның жұмысын бағалау мүлдем жеткіліксіз.

Билік транзиті жалғасып, 30 жыл бойына үндемей келген қоғамның дауысы шығып, билікке жаңаша талаптар қойылып жатқан қазіргі кезеңде бұл лауазымның маңызы жүз есе артып тұр. Егер де президент тұтас ұлтты өз маңайына топтастырғысы келсе, оның әкімшілігінің жетекшісі нағыз ұйыстырушы (консолидатор), біріктіруші, сан алуан сипатты саяси процестің қатысушыларын мәмілеге келтіруші, іштен тынып жатқан кланаралық қақтығыстар мен шиеленістерді дер кезінде шешуші, керек десеңіз, биліктің саяси оппонентерімен де жұмыс жасай алатын жан-жақты да терең тұлға болуы тиіс деп санаймын.

Жаңа жетекшінің бойынан осындай, саяси күрескерлік пен ішкі саяси дипломатияға деген қабілет, ең бастысы, саяси салмақ табыла ма – оны уақыт көрсетеді.

Тоқаевтың кадр саясатының тағы бір «ахиллес өкшесі» бар екенін осы күнгі отставкалар мен тағайындаулар көрсетіп отыр. Оның аты – кадр тұрақсыздығы. Кеше ғана сенім артылған президент әкімшілігінің жетекшісі мен «Самұрық-Қазына» басшысы ауысып жатыр.

Фото: primeminister.kz

Мемлекеттің басшы қызметтеріндегі мұндай тұрақсыздық мемлекеттің өз тұрақтылығына теріс әсер ететіні түсінікті. Өйткені, біздегі жүйеде бір бастықтың ауысуы төменгі жақта қандай дүрбелең туғызатыны белгілі! Яғни, екі-үш ай бойына сол құрылымдар өз жұмысымен айналыспай, кадрлық интригалармен шұғылданып кетеді.

Өз басым мұның себебін бұрын да айтқанмын. Біздің президент – кәсіби дипломат, ғұмырының біраз бөлігін сол салаға арнады, сол себепті оның айналасын негізінен дипломаттар құрап келді. Президент боп сайланғалы ол дәл сол ортадан шыққан кадрларды белсенді түрде жоғарғы мемлекеттік қызметке тарта бастады. Басқа саланың өкілдерін де сол дипломат көмекшілерінің айтуымен өсіргені де белгілі.

Ал сыртқы істер мен ішкі сала (экономика, қаржы, әлеуметтік және құқықты сала, ішкі саясат, керек десеңіз, қазақ қоғамының өз ерекшеліктері) – екі бөлек дүние.

Бәлкім, осы кемшіліктерден арылатын кез келген шығар.

Әміржан ҚОСАН, саясаткер.

Тегтер: