14 Қаңтар 07:51
...

Қай қылмысқа жаза күшейтілді?

Фото:

Қазақстанда түрлі қылмыстарға қатысты құқықтық жауапкершілік қатаңданып, заң күшейді. Бұған дейінгі бірнеше қылмыс түрі ауыр қылмыс санатына жатқызылып, ендігі жерде қылмыскерлер бірнеше жыл арқалап, сотталатын болды.

Зорлық-зомбылыққа қарсы заң қатаңдана түсті

Бұдан былай кісі зорлау және зорлық-зомбылық көрсету фактісі бойынша айыпталған қылмыскер 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл бап ауыр қылмыс санатына көшірілгендіктен, енді зорлықшы мен жәбірленуші арасында өзара татуласу деген болмайды, қылмыскер қайткенде де түрмеге отырады.

Жауапкершілігі ауырлатылған қылмыс түрлері мен оларға тағайындалған жазалар реті мынадай:

– Қызметтік міндетін орындау барысында бірнеше рет зорлауға ұмтылу және кісі өлтіру қаупімен қорқытқан адамдар үшін 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

– Кәмелетке жасы толмағандарды зорлау және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру;

– Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстарын жасырғаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Қазіргі жаңа заң бұндай қылмыстар үшін қос тараптың татуласуына мүлдем рұқсат етпейді. Бұрын осындай қылмыс үшін кей жағдайда тараптар татуласып, материалдық тұрғыда келтірілген залалдың шығынын өтеп, сотталудан құтылып кететін болса, ендігі жерде ешқандай да келісім мен татулық жүрмейді, қылмыскердің барар жері тек – түрме. Өткен, 2019 жылы зорлауға қатысты қылмыстық істің 51%-і (534 іс) ҚР Қылмыстық кодексінің 68-бабына сәйкес, «тараптардың өзара татуласуы» барысында қысқартылған.

Мал ұрлығы мен қарулы шабуыл теңестірілді

Елімізде халықты зар қақсатып келген қылмыстың бірі – мал ұрлығы. Азаматтардың жеке мүлкі мен маңдайақы адал тапқан малын ұрлау, тартып алу, қорасынан не үйінен алып кету – қазақстандықтардың тұрмысына орасан зардап шектіріп келгені рас. Тек қана жекелеген ұрылардың қолымен Алматы қаласында 56 ұрлық, Алматы облысында 65 ұрлық, Шығыс Қазақстан облысында 112 ұрлық тіркелген кездер де болған.

Қылмыстық кодекстегі осы заң нормасын жетілдіріп, күшейту мақсатында жаңа бап енгізілді.

Жекеменшіктің қорасына кіріп мал ұрлаумен қатар, тұрғын үйге, кеңсеге немесе өндірістік жайларға, қоймаға немесе көлік құралына заңсыз кіру арқылы жекенің меншігін не мүлкін ұрлау, тартып алу, қолды ету ісі де ендігі жерде «ауыр қылмыс» түріне жатқызылып, ұрлық үшін – 2 жылдан 7 жылға дейін, мал ұрлығы мен тонау қылмысы – 5 жылдан 10 жылға (жеке мүлкін тәркілей отырып), қарулы шабуыл үшін – 7 жылдан 12 жылға дейін (жеке мүлкін тәркілей отырып), бас бостандығынан айырылады.

Мас жүргізушіге кешірім жоқ!

Өткен жылы Қазақстан жолдарында мас күйінде көлік жүргізген 26 мың жүргізушіні, 2018 жылы 28 мың жүргізушіні ұстаған. Мас жүргізушілердің қатысуымен 495 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, солардың кесірінен 98 адам көз жұмған, 716 адам түрлі дене жарақатын алыпты.

Осындай көрсеткіштерге орай, биылдан бастап жол-көлік қатынасында да қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Егер жүргізуші көлік тізгініне мас күйде отырып, тіпті, ешқандай жол-көлік оқиғасын жасамаса да 15 күнге әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Бұл жағдай тағы да қайталанса, қамау мерзімі 20 күнге дейін ұзартылып, 8 жылға дейін жүргізушілік құқығынан айырылады.

Мас жүргізушінің кесірінен жол оқиғасында азаматтардың денсаулығына зиян келсе, жүргізуші 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 10 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан, ал, кісі шығыны болса, 10 жылға дейін сотталып, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылады. Жүргізуші куәлігінен айырылған адамдар осы тақылеттес жол ережесін бұзған жағдайда, 10 жылға дейін сотталып, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылатын болады.

Қорықшы мәртебесі артты

Парламенттің бірлескен отырысында халыққа жасаған Жолдауында Мемлекет басшысы елдегі браконьерлік жайында «Бұл ұйымдасқан қылмыстың ең қауіпті түріне айналды. Браконьерлер жақсы жабдықталған және қаруланған, олар өздерін жазаға тартылмайтындай сезінеді» деп бұл қылмысқа қатысты құқықтық жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырған. Тапсырма екі кезеңмен жүзеге асырылды.

Біріншісі, браконьерлік қылмысқа қатысты жауапкершілікті қатаңдату 2019 жылғы 28 қазандағы «Агроөнеркәсіптік комплекстердегі мәселелерді реттестіру» заңы аясында қарастырылды. Балықты заңсыз аулау бабы «сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар балықтарға байланысты, сондай-ақ, тыйым салынған балық түрлеріне қатысты» қылмыстық жауапкершілік күшейтілді.

Заңсыз аң аулау әдістері нақты қылмыстық жазаланатын әрекеттерді тізімдеу арқылы нақтыланды. Атап айтқанда, атыс қаруын, пневматикалық, лақтыру, басқа да аң аулау құралдары мен аңшылық иттерді, жыртқыш құстарды, ат немесе ат көлігін пайдалану сияқты іс-шаралар қарастырылған.

Биылғы жылдың 11 қаңтарында күшіне енетін түзетулердің екінші кезеңінде заңсыз аң аулау (ҚК 337-бабы) және балық ресурстарын, су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алу (ҚК 335-бабы) қылмыстық жазадан орташа ауырлықтағы қылмыстарға ауыстырылып, жаза ретінде 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Қылмыстық топ боп жасаған заңсыз аң аулау түрінде жаңа қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Осыған байланысты аса ауыр зиян келтiрген немесе заңды күшіне енген сот үкіміне сәйкес аң аулау құқығынан айырылған адам 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Жаңа заң бойынша, мемлекеттік органның инспекторларын немесе жануарларды қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым қызметкерлерін қорғау тұрғысынан олар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және мемлекеттік арнайы органдар мен әскери қызметкерлерге теңестіріліп, олардың өміріне қауіп төндірген жағдайда қылмыскердің дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін сотталады.

Есірткі таратушыны енді аямайды

Есірткіні заңсыз жарнамалағаны және насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің қатаң түрі енгізілді. Оны заңсыз тұтынатын да, айналымға салатын да, құрамында есірткілік заттары бар өсімдіктерді пайдаланушы да - жастар мен жасөспірімдер. Әсіресе, жасөспірімдер заңсыз есірткі тұтынуға әуестеніп, тәуекелге жиі барады. Мәселен, 2019 жылы жалпы салмағы 11 келі болатын синтетикалық есірткіні пайдаланған 408 дерек тіркелді.

Жастар мен жасөспірімдерді заңға қарсы әрекеттерден аулақ ету үшін есірткі заттарын тарататындарды қатаң жазаға тарту керектігі анық. Қылмыстық кодекстің «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын, прекурсорларын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау» (ҚК-тің 299-1-бабы) заңы бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін жаңа норма енгізілді.

Есірткі құралдарын, психотроптық заттарға заңсыз жарнама жасау, атап айтқанда, есірткіні алатын орындар, оның сапасы мен бағасы және тағы басқа мәліметтер туралы ақпаратты тарату заңмен жазаға тартылады.

Топтардың қылмыстық іске бірнеше рет баруы, сондай-ақ бұл әрекетін БАҚ пен электрондық ресурстардың көмегіне жүгініп және қызметтік бабын асыра пайдаланып білім беру мекемелері мен қоғамдық орындарда жүзеге асырса, ондай қылмыскерлер 3 жылдан 6 жылға дейін сотталады.

Тегтер: