ІС бітті, ҚУ Беларуське кетті...
Шынымен де бұл күтпеген жағдай болды. Бірақ болар іс болды: іс бітті, қу Беларуське кетті.
Кез келген оқиғаның себептері мен салдары болады.
Біріншіден, Пригожин путчінің негізі себебі бір адамға ғана бағынған, биліктің ресми тармақтары емес, сол адамның маңайының ғана «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс», ең бастысы, жария, демократиялық институттары жұмыс істемейтін саяси жүйеде жатыр деп санаймын.
Кез келген монстр өз ішінен монстр туғызады! Ал егерде «жаңа туған» монстр әскери формада болса, оның қаупі қандай екенін «Вагнер» жеке әскери компаниясы танытып қалды.
Пригожиннің президент Путинмен тонның ішкі бауындай бірге жүргені ешкімге де құпия емес. Жақын әрі сенімді адамы болмаса, Путин оған дәл осындай құзырлы әрі қарулы құрылым құрып, басқаруды сеніп тапсырар ма еді?! Атам қазақ мұндайда «іштен шыққан жау жаман» деген емес пе?
Фото: ғаламтордан
Екіншіден, кландық, топтық негізде құрылған ондай жүйелерде міндетті түрде өзара бәсеке болады. Ашық қоғамда саяси бәсеке жария түрде жүрсе, жабық қоғамда ондай талас византиялық сипат алып, Шекспир қаламына лайықты небір сұмдық формаларға (интригалар, бір-біріне қарсы құпия соғыс ашу, арандату және тағы басқалары) ұласып жатады.
Өзінің алғашқы мәлімдемесінде «ертеректе Африкадағы, кейін Украинадағы арнайы операцияларға бөлінген қаржы РФ Қорғаныс министрлігі тарапынан талан-таражға түсіп жатыр» деп айыптауы көп нәрсені аңғартса керек: бір-бірін қырып-жойып, жеп қоюға әзір бір ыдыстың ішіндегі сарышаяндардың айқасы іспеттес.
Үшіншіден, «құланның қасуына мылтықтың басуы» да дәл келген сықылды: блицкриг жүзеге аспай, Украинадағы соғыс созылып кетті, ұжымдық Батыс жариялаған санкциялар пакеті 11-ге жетті. Күнделікті телепропаганданың қарқынына қарамастан, ел ішінде соғысқа, оны бастаған Путинге қарсы наразылық күн сайын артып барады. Сол себепті Путинге қарсы шыққан мына күшке ресейлік қоғам тарапынан біршама қолдау болғаны ап-анық сезіліп тұрды. Сол себепті Пригожиннің мына қадамын сол ішкі наразылықтың бір көрінісі деп қабылдауға болар.
Рас, кейбір сарапшылар бұл бүлікті «қолдан жасалған, ел назарын басқа жаққа аударып, ішкі тәртіпті одан сайын күшейтіп, саяси өмірді одан бетер қатқылдандыруға жол ашатын акция» ретінде көрсеткісі келді. Өз басым ондай долбарға сенбеймін, өйткені дәл осы бір күндік дүмпу Путинге ешқандай да абырой-бедел қосқан жоқ. Керісінше, оның беделіне орасан зор нұқсан келді деп санаймын.
Оқиғаның салдарына келейік.
Біріншіден, тек қана Путиннің жеке басының емес, тұтас бір мемлекеттің тұрақтылықты қамтамасыз ете алатынына өз елі де, басқа жұрт та бүгіннен бастап, үлкен күмәнмен қарай бастайды. Біртұтас әрі мызғымас Ресей туралы аңыз көкке ұшты: шағын ғана әскери топ бір күннің ішінде екі қаланы басып алып, Мәскеуге жақындап қалды.
Екіншіден, бұл бүлік ширек ғасырға созылған Путин дәуірінің аяқталуынан сыр бергендей. Бұл болса, кремльдік режимнің ішкі және сыртқы жауларына мықты сигнал!
Үшіншіден, 24 маусым күні постсоветтік елдер ғана емес, күллі әлем Ресейдегі оқыс жағдайды минут сайын бақылап отырды. Өйткені, Ресей сияқты «Титаник» құрдымға кетсе, оның геосаяси салдарын болжап, бағамдаудың өзі қиын!
Төртіншіден, бұл бүлік бүгінгі саясаттағы моральдың орны қай жерде екенін анық көрсетті. Соншама жыл Путиннің маңайында жүріп, оның жекебас билігін нығайтуға атсалысқан, кезінде қылмыскер болған адамның бір күнде мемлекет басшысы болып кету мүмкіндігінен, оны сырттағы (соның ішінде, Қазақстанда) соншама адамның қолдап шыға келуінен өз басым қорқып қалдым. Бір қылмыскердің орнына одан өткен екінші қылмыскер келу ықтималдығы біздің де қалауымыз боп шыққаны ма?!
Иә, Путин – нағыз автократ, бауырлас еліне қарсы соғыс ашқан агрессор. Бірақ, оған деген наразылық пен қарсылықтың арқасында, Конституцияға қарсы жолмен басқа бір, мақсаты мен мүддесі белгісіз адамның билікке келуінің салдары қандай – оны бір Құдайдың өзі біледі.
Бесіншіден, бұл жайт солтүстік көршісімен 7 жарым мың шақырым шекарасы бар, онымен бір одақта мүше болып отырған біздің елге де тікелей қатысы бар. Және мәселе тек қана шекараны нықтау, әскери күштерді ретке келтіру секілді формальды іс-шарамен шектелмеуі тиіс деп санаймын.
Ең бастысы, ертеңгі күні, ішкі және сыртқы қаупі шашетектен еліміздің өз ішінен «қазақ Пригожині» шыға келмесіне кепіл бар ма?!
Өкінішке қарай, ескі Қазақстан тұсында салтанат құрған кландық, топтық жүйе Жаңа Қазақстан тұсында біржолата жойыла қойған жоқ. Бізде Жаңа Қазақстанның жаңа кландары мен касталары пайда болып жатқандай. Оны Назарбаевтан қалған билік пен байлықты бөлісудің қоғам назары мен бақылауынан тыс өтіп жатқан процесі көрсетіп отыр!
Және де ондай наразылық пен қарсылықты басқаратын адамның моральдық, саяси болмысы қандай болмақ? Бүгінгі билікті жек көреміз деп, оған қарсы шыққан кез келген адамды қолдауымыз керек пе?!
Оның билікке келу жоспары қандай – өркениетті жол ма әлді бүлік пе? Ол адамның бағдарламасы қандай? Оны қандай күштер қолдап отыр? Олардың түпкі мақсат-мүддесі қандай?
Міне, осы сауалдардың бәрі билікке мынадай бір аса маңызды міндет жүктейді: қоғамдық-саяси процестер, соның ішінде биліктен дәмесі бар, ертеңгі сайлауларға қатысуы мүмкін балама күштер мейлінше ашық, жария түрде жұмыс істей алатындай жағдай жасалуы керек.
Әйтпесе, Қазақстандағы Қаңтар, Ресейдегіде Маусым оқиғасы қайталануы әбден мүмкін!