IPO-ның өзі де жоқ, ақшасы да жоқ. «Қазақтелеком» НЕГЕ қиын таңдау алдында тұр?
«Қазақтелеком» акционерлік қоғамын IPO-ға дайындау үшін «Самұрық-Қазына» қоры 2018-2021 жылдары шетелдік консультанттарға 1,3 миллиард теңге аударған. «Қазақтелеком» өзінің биржаға тұңғыш акция шығаруын және оны халыққа сатуын сонау 2006 жылдары өткізгенін ескерсек, одан кейін IPO жасамаған компания «1,3 миллиард теңгені не үшін жұмсады?» деген сұрақ туындайды.
«Қазақтелеком» 2022 жылдың қорытындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебін жариялады. Ұлттық оператор 2022 жылы 128,7 миллиард теңге таза кіріс алған. Бұл 2021 жылдың табысынан 30 миллиард теңгеге көп. Оның бір себебін былтыр «Қазақтелеком» тарифтерінің қымбаттауынан іздеуге болады. Онымен қоса, 2022 жылы 14,3 миллиард теңгеге мемлекеттен субсидия алған болатын. Ол қаржы ауылдық жерлерге интернет жүргізуге бағытталды.
"Қазақтелеком" АҚ 2022 жылғы аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young
2022 жыл – «Қазақтелеком» үшін тарихи сәт. Телекоммуникация алыбы Назарбаев кланының езгісінен құтылды. «Жаңа Қазақстан» Қайрат САТЫБАЛДЫДАН ұлттық компания акцияларын тартып алып, 28,2 пайыз акцияны Мемлекеттік мүлік пен жекешелендіру комитетіне қайтарып берді.
Әйтпесе оған дейін «Skyline Invest» пен «Алатау Капитал Инвест» фирмалары арқылы Сатыбалды ұлттық компания үлесін заңсыз иеленіп келген болатын. Қайрат Сатыбалдының «Қазақтелекомдағы» тірлігі мемлекетке 27 миллиард теңге шығын әкелді.
Сатыбалды кетсе де, Назарбаев кланының басқа өкілі Тимур ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ «Қазақтелекомды» баяғыдай майшелпек ретінде көретінін аңғаруға болады.
2022 жылы олигархқа қарасты «Халық Банкіне» «Қазақтелеком» 0,1 пайызбен шамамен бір миллиард теңгедей депозит салған. Ол жылы корпоративті банк депозиттерінің орта ставкасы 9 пайыз болғанын ескерсек, «Қазақтелеком» басшылығының мемлекет есебінен жасаған бұл жомарттығын түсіну қиын. Мұндай дисконттау мемлекетті 384 миллион теңге амортизациялық шығынға ұшыратты.
Назарбаевтардың ізі мұнда әлі күнге дейін сайлап жатыр. Мәселен «Қазақтелекомның» 3,4% акциясы «Даму қоры» корпоративті қорының иелігінде. Ол қор өз кезегінде «Назарбаев зиякерлік мектептерімен» тығыз байланысты. «Қазақтелеком» акцияларының осы қордың қолына қалай тигенін тексеру қажет.
Телекоммуникациялық компанияның ішкі проблемалары аз емес. Назарбаев дәуіріндегі бұрыс шешімдер енді бірнеше жыл бойы «Қазақтелекомның» алдынан шығып отыратын болады. Оның бір көрінісі – өте қымбат бағаға шетелдік консультанттарға жұмыс істемейтін стратегиялар, құжаттар жазғызу әдеті әлі күнге дейін қалып қалған.
Өтпеген және өтетіні де анықталмаған IPO-ға дайындық үшін шетелдік консультанттарға 1,3 миллиард теңге аудару қаншалықты қажет болды? Одан қандай пайда келді? 79,2 пайыз үлесі мемлекеттің меншігіндегі ұлттық компания осы сұраққа жауап береді деп үміттенеміз.