Интернет кеңістіктегі экстремизмді қалай реттеуге болады?
Еліміз егемендік алғаннан кейін етек-жеңімізді жиғанша төрт құбыламыз ашық-шашық жатты. Дәл осы кезде әртүрлі діни ағым өкілдері жан-жақтан ентелей кірген. Соның салдарынан заңсыз жолмен миссионерлік қызмет атқарғандар қаншама жастардың санасын улап келді. Бұл мәселе тек «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданған соң реттелді.
Алайда, діни ағым өкілдері бұл жұмысын соңғы кезде интернет кеңістікте жалғастырып жатқаны анық. Интернет арқылы кеңінен жүргізіліп жатқан діни экстремизмнің алдын алу қалай жүзеге асып жатыр? Бұл мәселеге жауап беретін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Дін істері комитеті қандай шаруалар атқаруда?
Қолда бар деректерге сүйенсек, былтыр елімізде ресми түрде 367 миссионер тіркелген. Оның 293-і – шетелдіктер, 74-і Қазақстан азаматы. Тарқатып айтсақ, католиктер – 244, православтар – 47, Иса әулиелері соңғы күндер шіркеуі (мормондар) – 1, Жаңа Апостол шіркеуі – 10, Кришна санасы қоғамы – 14, пресвитериан шіркеуі – 15, баптистер – 12, жетінші күн адвентистері – 11, ислам – 2, иудаизм – 3, лютеран – 1, ехоба куәгерлері – 2, буддистер – 1.
Ал жақында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Парламент мәжілісінде «1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге Қосымша келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстыру кезінде елімізде қанша миссионердің жұмыс істейтінін тілге тиек еткен. Министрдің айтуынша, Қазақстанда 232 миссионер заң аясында әрекет етеді.
«Егер аталған келісім ратификацияланса, олардың мәртебесі өзгереді. Олардың басым бөлігі 90 күннен кейін визасыз создыруға мәжбүр. Осы келісімнен кейін оларға Қазақстанда тұратынын куәландыратын құжатты беріледі», – деген министр Марат Ахметжанов.
Айта кету керек, миссионерлік қызмет заңмен реттеледі. 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 8-бабы, 1-тармақшасына сәйкес, аты аталған бірлестіктегілер миссионерлiк жұмысын тiркеуден өткеннен кейiн ғана жүзеге асыруы тиіс. Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын адамдарды тіркеуді Діни қызмет саласындағы жергілікті атқарушы органдар құжаттарды тапсырған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізеді.
Миссионер ұсынған материалдар бойынша қорытынды алу үшін дінтану сараптамасын жүргізу кезінде тіркеу мерзімі тоқтатылады. Сондай-ақ, еліміздің аумағындағы миссионерлер жыл сайын жергілікті атқарушы органдарда қайта тіркеуден өтуге міндетті. Мұндай тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу мемлекеттік қызмет көрсету ережесіне сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға арнайы қажетті құжаттарды ұсыну арқылы шешімін табады.
Миссионер ретінде тіркеуден өту үшін құжаттарды ұсынған Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға дінтану сараптамасының теріс қорытындысы негізінде, сондай-ақ егер оның миссионерлік қызметі конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адамның құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндірсе, тіркеуден бас тартылады. Миссионерлердің діни мазмұндағы материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануына дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін жол беріледі.
Ал тіркеуге тұрмай, астыртын айналысса, заңсыз деп танылады. Мұндайларға белгіленген айыппұл да бар. Олар «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекстің 490-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100 АЕК айыппұл төлейді.
Дін істері комитеті интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алу бойынша жергілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, өңірдегі осы іске жауапты мекемелердің жұмысын үйлестіруге атсалысуның нәтижесінде 2023 жылғы бірінші тоқсанда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, конфессияаралық келісімді ілгерілету және қазақстандық қоғамның зайырлы құндылықтарын нығайту бойынша жұмыста пайдаланылатын 2504 түрлі форматтағы, атап айтқанда бейне, фото, мәтін материалын дайындады. Діни істері комитетінің мәліметінше, оның 799-ы еліміздің ақпарат құралдарында жарияланды. Дәлірегінде, 63-і республикалық, 716 материал жергілікті ақпарат құралдарында жарық көрді. Сол сияқты кейінгі кезде өміріміздің бір бөлшегіне айналған танымал әлеуметтік желілерде 23 мың 293 жарияланым орналастырылған.
Десек те, бұған қарап елдегі діни жағдай тұрақты деуге негіз жоқ. Мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 18 конфессияны құрайтын 3824 діни бірлестік жұмыс істейді. Құзырлы органдар діни бірлестіктердің заң аясында әрекет ететініне көз жеткізу үшін конструктивті байланыс орнатады.
Дінтанушы, діндерді зерттеу орталығының бөлім меңгерушісі Бексұлтан Абдулловтың пікірінше, қазір жастардың дені діни білімді ақпарат алаңына айналған интернет кеңістігінен алуға құштар. «Соның салдарынан жстарды қармағына түсіріп жатқан жат діни ағымдар бар. Мысалы, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде «Ислам» сұранысы бойынша 1357, «Құран» бойынша 88, ал «Сүннет» бойынша 181 қауымдастық табылды», – дейді дінтанушы.
Расында да, мұндағы ақпараттың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін таразылап жатқан ешкім жоқ. Интернет кеңістіктен бірін кетірсең, екіншісі шығады. Тіпті, атауын да адам тартатындай етіп қоятын олардың іс-әрекетін бақылауда ұстау мүмкін бе? Экстремистік мазмұндағы толассыз ақпарат арқылы сауатын ашқан жастардың бұрыс жолға түсіп кетпейтініне кім кепілдік береді? Осы тұрғыда Діндерді зерттеу орталығы 2020 жылдан бері әлеуметтік желідегі қаптаған қауымдастыққа кіріп, кеңесін тұрақты пайдаланып жүргендерді шығару бойынша жұмыс жүргізіп, 4 мыңдай адамға ескерту жасаған. Десек те, бұл ескерту мәселені шешпейді. Тек алдын алу ғана. Тіпті, байқамай экстремистік бағыттағы материалдарға лайк басып, бөлісу де заң бұзуға алып келетінін қаперде ұстаған жөн. Айта кетсек, мұндай жағдайда Әкімшілік кодекстің 453 және 490-баптарын бұзды деп есептеліп, 50 АЕК айыппұл төлеуіне тура келеді.