«Хан Тәңірі» халық театры көрерменмен қайта қауышты

Райымбек аудандық «ХАН ТӘҢІРІ» халық театры облыс орталығы Талдықорған қаласында халықтық атауын қайта қорғауына орай Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында баспасөз мәслихатын өткізді.
Талдықорған, NEGE. Қазіргі күні жаңа атауға ие болып, бір кездері «Нарынқол» халық театры атанған өнер ордасының қысқаша тарихына тоқталсақ, үжым 1960 жылы құрылып, 1963 жылы «Нарынқол Халық театры» атағын қорғаған еді.
Театрдың ірге тасын қалаушылардың бірі әрі алғашқы режиссері Мақай Нұрқасов. Театрдың негізін қалаушылардың қатарында айтулы ақын Еркін Ібітанов, жазушы Тұрсынбек Тілемісов, Тұрақан Сыдықова, Майдан аға, Мэлс Серғалиев, Клара Қалиева, Нұрлыбек Жылқыайдаров бар.
«Халық театры» атағын Алматыда қорғаған соң бұл театрға ерекше көңіл аударылады. Қазақ ССР-і мәдениет минстрлігі ауыл мәдениетін көркейту үшін кәсіби мамандарды осындай халық театрларына көмекке баруына, кеңесші болып, үйретуге, оқытуға арнайы тапсырма береді. Сол кездері М.Әуезов театрында қызмет істеп жүрген актер, режиссер, Қазақ ССРінің еңбек сіңірген өнер қайраткері Алдаберген Нұрбеков Нарынқол халық театрына режиссер болып тағайындалады.
Алдаберген Нұрбеков кәсіби маман болғандықтан Нарынқол халық театрына жеке штат бөлініп, актерлары басқа жұмыстардан босатылып, тек театрда ғана еңбек ететін жеке мекеме ретінде кәсіби театр болып құрылады.
Өзге театрларда ауыл еңбеккерлері, мұғалімдер немесе өнерге бейімі бар адамдар бос кездерінде келіп театр жұмысына қатысып жүрсе, Нарынқол театры бөлек отау құрады. Бір жағынан Алматы қаласына жақындығы театрдың шығармашылық өсу, өркендеуіне көп септігін тигізеді.
Әрбір жаңа спектакльдің премьерасына Асқар Тоқпанов, Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Ыдырыс Ноғайбаев сынды шеберлер келіп, сын-ескерпесін айтып, ақыл қосып жүрді. Алдаберген ағамыздың өзі де театр артистерін кәсіби деңгейде тәрбиелеп, театр туралы әдебиеттер мен оқулықтарды алғызып, қойылымдарды сахналау барысында оқытумен де айналысты.
М. Әуезовтің "Түнгі сарын" спектаклін сахналаған кезде мәдениет министрлігі арнайы үлкен қабылдау өткізіп, театр сыншысы Бағыбек Құндақбаев "Сомодеятельный деуге аузың бармайтын, үлкен драма театрларын ұятқа қалдыратын қойылым болыпты! Мұны көпшілікке көрсету керек" деген пікір айтады. Ол пікірді минстрлік те қолдап, Алматыға М. Әуезов театрының сахнасында ойнатады. Сол кезде қазақ телевидениесі де студияда қойғызып, бастан-аяқ қорға жазып алады. Өкінішке қарай, ол жазба сақталмаған.
1970 жылы театр Мәскеу қаласына барып, Бүкілодақтық байқауға қатысады. Мәскеудің бірнеше сахнасында өнер көрсетеді. Театрға бүкіл аудандағы өнерпаздар түгел жиналып, оркестр, би, драмалық қойылымдарға көптеген адам қатысады. Хореграфиясын даярлауға Қазақ ССР-інің халық артисі Дәурен Абиров ат салысады. Театр Мәскеуден Бүкілодақтық байқаудың лауреты атағымен оралады.
Алдаберген Нұрбеков зейнетке шыққан соң аз уақыт Жанұзақ Қырманшиев режиссер болады. Ол да театр студиясын бітірген, режиссерлық білімі жетілген, кәсіби сахнада ұзақ жыл еңбек еткен білімді азамат еді. Тек өмірі қысқа болды.
Содан кейін ұзақ жылдар Әбдіғалым Наймантаев режиссер болды. Әбдіғалым Наймантаев пен зайыбы Рафия Райжанова Нарынқол театрына 1964 жылы келген екен. 1963 жылы Қазақ ССРінің халық артисі Дәнеш Рақышев Панфилов ауданы Үшарал ұжымшарында халық театрын ашып, Мәскеуге алып барады. Ол театрдың да алғашқы құрамы керемет еді. Қазіргі танымал актер, асыл ағамыз Нұржұман Ықтымбаев, Дәнеш ағамыздай сері, әнші Ерғали Наймантаевтар еңбек етеді. Сол Мәскеу сапарынан келген соң, ол кезде Панфилов ауданы Алматы облысына қарағандықтан, сахнада ерекше көзге түскен Әбдіғалым мен Рафияны байқап қалған Алдаберген Нұрбеков мәдениет минстрлігі арқылы табандап отырып алып, екеуін Нарынқолға ауыстырып алады.
Әбдіғалым Наймантаев шебер суретші де еді. Театрдың актері әрі суретшісі болып орналасады. Қабілетін байқағандықтан Алдаберген Нұрбеков Әбдіғалым Наймантаевті Ташкент, Ресейге режиссерлық курстарға жиі жіберіп, кәсіби шеберлігі арттырып, білікті режиссер болуына сондай жағдай жасаған. Ал Рафия Райжанова болса, Қытай Халық Республикасында 11-жасынан әскери ән-би ансамблінде оқып, тәрбие алған кәсіби биші, әнші еді. Сол әскери ән-би ансамблінің сахнасында жүріп дүние жүзін аралап, Мәскеуге келіп, алғашқы Қытайға барған қазақ зиялылары Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтардың алдында өнер көрсеткен.
Әбдіғалым Наймантаев басқарған тұста театр қазіргі Қайнар ауылына, Н. Крупская атындағы ұжымшарға 1978 жылы көшеді. Себебі Нарынқолдың орталығындағы "Қазақстанның 40-жылдығы" атындағы ұжымшар картоп кеңшары болады. Ал, халық театры ұжымшардың балансында болу керек екен. Театр Қайнарға келген соң екі жылдан кейін ауылдың үлкен Мәдениет үйі пайдалануға беріледі. Әбдіғалым Наймантаев 1971 жылдан мезгілсіз қайтыс болған 1984 жылға дейін театрдың режиссері болды. Аяулы жары Рафия аудан тарап, театр қызметін тоқтатқанға дейін еңбек етеді.
Әбдіғалым Наймантаевтан кейін театрды аз уақыт, оқуға кеткенше ұлы Асқар Наймантаев, сосын бір-екі жыл Әбіш Мейірманов (қазір Кеген ауданы, Тасашы ауылында тұрады), кейін Ибрагим деген театр-көркемсурет институтының түлегі, одан кейін Бақытжан Атакелдиев (қазір Шеңгелді ауылында тұрады) басқарды.
Халық театрында ұзақ жыл табанды еңбек етіп, ел құрметіне бөленген артистер аз емес. Мэлс Серғалив, Клара Қалиева, Екен Әбілдаев, Мұхамед аға, Төлеген аға, Бақытжан Атакелдиев, Несіпхан Бектемірова, Света Базарбаева, Аманкелді Төлебаев, Еркін Әбдіқалов.
2018 жылдың сәуірінде Райымбек ауданы қайта ашылды. Сол кездегі әкім марқұм Жолан Омаров өнердің қарашаңырағын қайта көтеруге мұрындық болып, орайластырып келе жатқанда Талғар ауданына ауысып кетті. Бірақ игі бастама аяқсыз қалмады. Жаңа аудан әкімі Нұржан Кеңесұлы театрдың қайта жаңғыруына ықыласты болып, облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Марлен Көлбаевтың қолдауымен Талдықорған төріне келіп, «Хантәңірі халық театры» атағын қорғауды міндет санапты.
Бұдан кейін Б.Римова атындағы Талдықорған театрында сахнасында Райымбек ауданы, «Хан Тәңірі» театрының шымылдығы қайта ашылып, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы сахналанды. «Хан тәңірі» театры аталмыш шығарманы басқа қырынан көрсетіп, жаңаша сипатта сахналады. Қойылым адамзаттың сан түрлі ағымдарға қосылып, адасып бара жатқандығын, табиғатқа жасаған аяусыз қиянатын айқын суреттейді.