8 Ақпан 10:29

«Халықтың жағдайын жақсартатын Үкімет емес, бизнес» – Экономист

Бизнес
Фото: Коллаж postfactum.kz

Министрлер кабинетіне жаңадан төрт министр келді, ал қалғаны бұрынғы лауазымдарында қалды. Ауыс-түйіске түскендердің арасында қаржы және ұлттық экономика саласына қатысты министрліктерге ерекше назар аударылды.

Бұрынғы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың орнына Мәжіліс депутаты Мәди Тәкиев келсе, Ұлттық экономика министрлігіне Әлібек Қуантыровтың орнына Нұрлан Байбазаров келді. «Қаржы саласындағы екі бірдей министрдің ауысуы елге экономикалық өзгеріс әкеледі, елдің тұрмысына әсер етеді» дегенге сенуге бола ма?

Экс-министрлер Жамаубаев пен Қуантыровтың тұсында халықты жаппай декларациялау, мобильді аударымдарды бақылау және қосымша құн салығын арттыру мен бірыңғай жиынтық төлемді алып тастау, наразылық туғызған жаңа «Салық заңы» сияқты бірқатар даулы шешімдер шығарылғанымен есте қалды. Бюджетте тағы да тапшылық болып, оның орнын «Ұлттық қор» есебінен толтырды.

Ал жаңа министрлер Тәкиев пен Байбазаровпен бірге қандай өзгерістер жасалады? Халықтың тұрмыс жағдайы жақсаруы мүмкін бе? NEGE тілшісі бұл сұрақтарды экономист Мұрат ҚАСТАЕВҚА қойды.

Экономист
ғаламтордан

– Егер үкімет шынайы реформаларды жүзеге асыра алса, өзгеріс болады. Бұрынғы үкіметтер сияқты жайбарақат жүре берсе, еш нәрсе өзгермейді. Сондықтан халық тарапынан, депутаттар жағынан үкіметке әрдайым түртпек керек. Халықтың шыдамы 30 жыл ішінде шегіне жетті. Енді тағы уақыт созып жүретін биліктің мүмкіндігі де, уақыты да жоқ. Биліктегілер осыны жақсы түсінеді деп үміттенемін.

Ал халықтың жағдайын жақсартуға көп нәрсенің керегі жоқ. Істейтін амалдар бұрынғыдан анық. Ол – жемқорлықпен күресу, мемлекеттік шығындарды азайтып, салықты төмендету және кәсіпкерлерге барынша еркіндік беру.

Халықтың жағдайын жақсартып, табыстарын арттыра алатын мемлекет емес, Үкімет емес – бизнес. Бизнестің өсуіне мүмкіндік берсе, ол экономикаға инвестиция салады, жаңа жұмыс орындарын ашады, жалақыны көтереді, елді, экономиканы дамытады. Елдің экономикасы күшейсе, теңге де қуатты болады, инфляция төмендейді. Бизнес өскен сайын салықты да көбірек төлей бастайды, жергілікті бюджет толады, сол арқылы еліміздегі көптеген мәселе шешіледі.

Сонымен қатар, Үкімет экономиканы дамытуда ұлттық бизнеске баса назар аударуы тиіс. Үкімет тек ұлттық мүдделерді ойлауы қажет. Ол үшін Еуразиялық одақтан, ҰҚШҰ-дан (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) шығуға дайындалу керек. Елдің экономикалық, саяси, әскери саясатын қазақ елінің мүддесіне икемдеп, жаңадан құрған жөн. Осының бәрін қолға алса, 5-7 жыл ішінде үлкен өзгерістерге қол жеткізуге болады, – дейді экономист Мұрат Қастаев.