Халық шөлдеп отыр, шабан Үкіметті Мәжіліс қашанғы қамшылайды?

– шабан Үкімет – қамшылаған Мәжіліс. Парламент қабырғасында кешегі өткен Төменгі Палатаның Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің отырысын осылай деп суреттеуге болады. Күн тәртібінде «Нұра топтық су құбыры» РМК-нің жағдайы қаралды. Ал ондағы ахуал адам аярлық.
Адам аярлық дейтініміз, дәл қазір Ақмола облысындағы осы құбырдың бойында орналасқан бес ауданның үшеуінің тұрғындары сусыз отыр. Бұл дегеніміз, 30 елді мекен. Он жылдан бері апаттық жағдайда әр жерінен бір жарылып, су ысырап болып, жамау-жасқаумен әрең тұрған құбыр биыл мүлдем істен шығыпты. Осыған сәйкес облыс әкімдігі 25 мамыр күні төтенше жағдай жариялаған.
Сәл шегініс жасап айта кетсек, 1967-1979 жылдары кезең-кезеңімен пайдалануға берілген Нұра магистральдық су құбырының жалпы ұзындығы 1237,57 шақырым екен. Астрахан, Атбасар, Егіндікөл, Қорғалжын және Целиноград аудандарының тұрғындары осы су жеткізіп тұрған құбырдың бүгінде тек 336,91 шақырымының ғана игілігін көріп отыр, қалған бөлігі пайдаға жарамсыз, су қысымын көтере алмайды. Соңғы 10 жылдам астан уақытта апаттан көз ашпаған құбырдың жағдайын түзеуге Үкімет те асықпаған. Егер, Мәжіліс Төрағасы араласпаса, Үкіметтің жоспарында оның күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылға қарастырылып отыр екен. Онда да нақтылығы күмәнді. Агрокомитеттің отырысында ең бірінші кезекте осы процесті жеделдету мәселесіне басымдық берілді.
«1 маусым күні Мәжіліс Төрағасы Ерлан ЖАҚАНҰЛЫ Ақмола облысына сапары барысында жергілікті дихандарымен кездескен болатын. Сол кездесуде Қорғалжын ауданының тұрғындары осы үлкен мәселені көтеріп, 3-4 жылдан бері су құбыры нашар жұмыс істеуіне байланысты 30-ға жуық елдімекен сусыз қалып отырғанын жеткізді. Негізі бұл жұмыстар Үкіметтің назарында бар. Оның реконструкциясына жалпы сомасы 8 млрд теңге қарастырылған. Бірақ соңғы бірнеше жылдан бері созылып келеді. Мысалы, су бүгін керек, ал жобаға жауаптылардың баяндамасын тыңдасақ олар жылдың соңында тек қана құжаттарын бітіреміз деп отыр. Қазіргі мына күннің ыстығында, басқаны айтпағанда, ауруханалар, балабақшалар сусыз отыр. Ауылдың адамдары мал ішетін көлден су ішіп отырмыз дейді. Сондықтан да мұны дер кезінде шешу керек. Жағдайды мұншама мүшкіл ететіндей, жергілікті билік қайда қарап отыр дейін десек, магистраль өкінішке қарай, оларға қарамайды, республикалық меншікте. Экология министрлігіне бағынысты «Нұра топтық су құбыры» РМК-не қарайды. Ауыл тұрғындары дабыл қағып бізге жанайқайын жеткізбегенде, оған депутаттар араласпағанда, бұл мәселе бюрократияның батпағынан шыға алмайтындай, биыл шешімсіз қалатындай түсі бар екен. Сондықтан да Мәжіліс Спикерінің тапсырмасымен бұл жағдайды өз бақылауымызға алып, шешу жолдарын іздеп жатырмыз», – дейді Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік ЕГІЗБАЕВ.
Отырысқа Экология, Қаржы министрліктерінің, Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері, РМК басшылығы, облыстық мәслихат депутаты, комитет мүшелері қатысты. Мәслихат депутатының айтуынша, сусыз отырған тұрғындарды ұзақ уақыт қиын жағдайда қалдыруға болмайды. Өйткені, оның салдары халықты тұрмыстық-әлеуметтік жағдайына, денсаулығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан да халық қалаулысы аталған 336 шақырымның ең маңызды деген 86 шақырымын, соның ішінде де одан да маңызды деген 34 шақырымын бірінші кезекте күрделі жөндеуден өткізуді сұрап отыр.
«Қазір халық тұрмыстық мақсаттағы суларды сол маңайдағы өзен-көлдерден, ал ауыз суды тасытып алып ішіп отыр. Бұлай ұзақ жалғаса беруге болмайды. Мұның салдары әлеуметтік наразылыққа алып келуі мүмкін. Сондықтан да, тұтастай магистральдың реконструкциясы біртіндеп бастала берер. Бірақ, Сабындыдан Егіндікөл ауылына баратын тармағын шұғыл жөндеу қажет. Осы мақсатта жарияланған төтенше жағдайды негіз етіп, құжаттарды бекіту, сараптама беру, Қаулы шығару, қаржы бөлу, тендер өткізу жұмыстарын тездетіп жіберсе болмай ма? Мәселен, бір құжатты қарауға 45 күн кетеді екен соны бес күнде қараса, сараптама жасау, қаржы бөлу құжаттарын мақұлдауды тездетіп, бір көзден деген тәсілмен өткізсе, бірден оншақты мердігер құрылыс компаниясын жалдап, 34 шақырымның әр-әр апатты жерінен жұмыстарды бастап кетсе, бұл жұмыстар бір айдың жобасында бітер еді», – дейді облыстық мәслихат депутаты Әбілқайыр ОШАҚБАЕВ.
Сөйтсек, бұл біздің бюрократиясы көп мемлекеттік басқару жүйесінде мүмкін емес екен. Негізгі жауапты мекеме – «Нұра топтық су құбыры» РМК жетекшісі Гамзат САҒАНДЫҚОВ Жобалық-сметалық құжаттаманың өзі 4 кезеңге бөлінгенін айтады.
«Су құбырын толық реконструкциялауды жүзеге асыру мақсатында мердігер ұйым - «Казгипроводхоз» Институты жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуде. ЖСҚ әзірлеуге 387, 301 млн. теңге бөлінді. Жоба 4 кезеңнен және 2 кезектен тұрады. Бірінші кезең бірінші кезекте - су құбыры құрылыстарының алаңы, яки суды көтеру сорғылары, 8 ұңғыға тоқ беретін ПС 35/10 кВ электр тарату желілері, бірінші орналасқан таза су резервуарлары, су тазарту станциясы және жинақтаушы тоған құжаттары әзірленеді. Екінші кезең бірінші кезекте - магистральдық су құбыры, яки пайдалану жолы бар су құбыры құрылыстары алаңынан Сабынды ауылына дейінгі аралық, 8 ұңғыма және жинақтаушы тоған құжаты дайын болады. Үшінші кезең екінші кезекте - Жантеке және Қараегін ауылдарының магистральдық су құбырынан және су құбыры құрылыстарының алаңынан бұру және төртінші кезең екінші кезекте - Қорғалжын, Арықты, Майшұқыр және ішінара Сабынды ауылдарында тарату желілерін салу жобасы дайын болады. Қазіргі уақытта 1-кезең мемлекеттік сараптамадан өтуге жіберілді, толықтығы тексеруден өтуде. 2-кезеңді мемлекеттік сараптамадан өткізуді осы маусым айының соңына дейін бастау жоспарлануда. Барлық 4 кезеңді жобалауды аяқтау 2023 жылға жоспарланған. Ал одан кейінгі басталатын құрылыс-монтаждау жұмыстарының нормативтік мерзімі – 24 ай», – дейді ол.
Шенеуніктің айтуынша, мұның барлығы заңда қарастырылған процедуралар. Мысалы РМК-ның тапсырысымен жасалған ЖСҚ 45 күндей Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сараптамасынан өтуі керек. Онда да оң нәтиже алары, немесе қайта түзетуге жіберілер-жіберілмесі белгісіз. Одан кейін Қаржы министрлігінің Қаулысын күтіп тағы жатпақ. Сонда осы уақыт бойы халық сусыз отырмақ па? Депутаттарды да қынжылтатыны осы.
«Экология министрлігінің бірінші вице министрі қасына ілесіп келген мамандармен біздерге осындай алгоритм ұсынып отыр. Олар әуелде егерде әкімшілік заңға сүйене отырып төтенше жағдай жарияласа, біздерге ол жұмыстарды жеңілдетуге болады делінген еді. Әкімшілік төтенше жағдай жариялады. Енді соған орай министрлік бүгінгі жиналыста жылдың аяғына дейін емес, 20 маусымға дейін 380 шақырымға дейінгі су құбырының барлық құжаттарын істетіп үлгереміз деп отыр. Содан кейін, оны индустрия министрлігінен 45 жұмыс күні емес, кем дегенде 1 жұманың ішінде сараптап беруді талап еткелі отырмыз. Қаржы министрлігін де асықтыратын боламыз. Осылайша қағаз жүзінде атқарылатын жұмыстарды жоқ дегенде 1 айдың ішінде шешіп, кем дегенде тамыз айында нақты құрылыс жұмыстарына кірісіп кететіндей жағдай туғызу керек», – дейді Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет төрағасы Серік ЕГІЗБАЕВ.
Бюракратиялық процестердің мұншалықты күрделі боп тұрғаны су құбырының республикалық меншікте екендігінде. Ол бұрын жергілікті «Ақмола су арнасы» МКК балансында болған екен. Бірақ қарызға белшеден батқан, материалдық-техникалық базасы баланстық құнын жоғалтып, жарамсыз боп қалған соң республикалық бюджетке беріліпті. Таяқтың екі ұшы бар демекші, жергілікті баланстағы нысандарды шұғыл жөндеуде бюрократия аз болғанымен, әкімдіктердің ақшасы жоқ. Бюджет кодексіне сәйкес, оларға республикадан ақша бөлуге болмайды. Мәселе осында болып тұр. Оның үстіне Ақмола облысы донор емес, трансфертпен отырған өңір. Ендеше, бұл отырыстан түйгеніміз: жылдар бойы қордаланған проблемада Үкіметтің бюрократиялық шабандығы, бюджеттің модельдік ебедейсіздігі жатқан сияқты. Ал ақмолалық шөлдеген жұртқа жыл соңына дейін шыдағаннан басқа амал қалмай тұр. Онда да болса, Мәжіліс қамшылап қана қоймай, ұйымдастыру мен жоспарлау жұмысындағы түрлі тұсауларды шеше алса ғана, Нұра су құбыры торабына су келмек.