Референдумнан кейін президент Тоқаев күшіне мінеді деп болжап едік. Соның бір көрінісі – өткен аптаның аяғы жаңа министрлер мен әкімдердің «парадына» айналды.
Өз басым бұл тізімдегі «қасқа мен жайсаңдар» арасынан бірқатар елге танымал, қоғамда өз орнын ойып алған тұлғаларды көріп, қуанып қалдым. Не дегенмен, Жаңа Қазақстанның жаңаруы жаңа кадрлардан басталуы керек қой. Бұл тұрғыдан алғанда мұндай бастаманы қолдау қажет сияқты.
- Тақырыпқа орай: Сауға сұраған сұхбат. Мен НЕГЕ Назарбаевты аядым?
Бірақ та, қазіргі кадр саясатына қатысты бірқатар сауал бар.
НЕГЕ президент тек қана жаңа ашылған облыстар мен министрліктердің басшыларын тағайындаумен шектелді? Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілейін деген қазіргі қиын жағдайды түзеу үшін мұндай жаңарту жеткіліксіз емес пе?
НЕГЕ референдум секілді елдің саяси өмірінің аса маңызды оқиғасынан кейін дағдарыстан шығар жолды таба алмай әлек боп жатқан үкімет пен облыс әкімдерінің бәрін бір жаңалап алмады? Конституциялық реформа сол кезде өзінің мықты көрінісі мен жалғасын тауып, қоғам санасында тұғырлана түсер еді.
НЕГЕ ел ішіндегі қоғамдық наразылыққа қарапайым халықтың жүрегіне үміт ұялайтындай мемлекеттік жауап берілмеді?
Егер де үкіметті түбегейлі жаңалап алғанда, президент ресми түрде ескі Қазақстанмен, осы күнге дейін оған Назарбаев таңып келген кадрлардан біржолата ат құйрығын кесіскенін де танытар еді. Оның өзі қоғамға һәм элиталарға арналған ерекше саяси сигнал болар еді.
НЕГЕ президент Тоқаев Қанды қаңтар қырғыны мен кешегі референдумнан кейін ел билігін тұтастай өз қолына алғанын ашықтан-ашық білдірмеді? Сондай жаңару арқылы ол ескі Қазақстаннан мұра боп келе жатқан, бәлкім, Қаңтар тұсында өзіне қарсы жұмыс істеген, өзі әлі қалай құтыларын білмей жүрген қаншама іштен тынған шендімен қош айтысар еді.
НЕГЕ осы оңтайлы, конституциялық сәтті «ұлттық сенім» идеясын жандандырған президент Қазақстан демократтары талайдан бері айтып келе жатқан Халық сенімі үкіметін құруға пайдаланбады?
Әрине, билікті сынаушылардың арасында әрқилы күштер мен адамдар бар. Ішінде Тоқаевтың жеке дұшпандары немесе кім болса да соған қарсы шығып, ұлттық диалогты мойындамайтындар да бар. Бірақ, ширек ғасыр оппозицияда жүріп бір байқағаным сол: оппозицияда, кеңірек айтсақ, алуан-түрлі пікірлі азаматтық қоғамда мемлекеттік, ұлттық мүддені басты мұрат санап, билікке сын айтса да, эволюциялық өзгерістерді қалайтын ұйымдар мен жеке тұлғалар бар.
Ә.Қосанов.
Ең бастысы – олардың көбі өз саласының маманы, балама ұсыныстары әбден орынды әрі көп жағдайда Тоқаев жариялаған «Жаңа Қазақстан» идеясына сай келіп жатады.
Барлық партиядан тыс тұрған президент өз үкіметіне, әкімдіктерге билік партиясынан басқа партиялардан да мамандар шақырса, орынды болмай ма?
НЕГЕ президентке сол күштер мен тұлғаларды маңайына тартып, Халық сенімі үкіметіне, жергілікті жердегі әкімдік жұмыстарға қатыстырмасқа?
Айтпақшы сол тұлғалардың көбі Назарбаев тұсында мемлекеттік қызметтен шеттетіліп, кейбірі қудаланып, сотталып еді.
Ескі Қазақстан есіркемеген оларды Жаңа Қазақстан жарылқамаса да, жақын тартса, жұрт та Тоқаевтың Назарбаевтан кадрлық һәм моральдық-саяси айырмашылығын сезер еді.
Жаңадан келген кадрларды құттықтаудың өзі қиындау, өйткені олар мемлекеттің ішкі және сыртқы жағдайы дағдарысқа ұшырап, үкіметтің қаржылық күйі құлдырап бара жатқан кезде үкіметке келіп отыр.
Коллаж: ғаламтордан.
Кез келген дағдарыс – тығырықтан шығар, тосын да тиімді, бүгіншілеп айтқанда, креативті идея мен бастама ұсына алатын менеджерлердің заманы. Бізге сондай дағдарыс-менеджерлері керек.
Президентке адал және қоғамда танымал болу, әлеуметтік желіде әдемі ой айтып, көзге түсу бүгінде мүлдем жеткіліксіз. Нақты саланы не өңірді басқарған адам қиын, соның ішінде, көпшілікке жаға бермейтін, бірақ мемлекет болашағы үшін қажет шешімдер қабылдай алмаса, жұмысы өнбейді: нақты саясатта популизмге орын жоқ. Мемлекеттік қызмет – әлеуметтік желіде лайк жинау емес!
Айтпақшы, дағдарыстың көкесі халықпен қарым-қатынас жасау саласы екенін де ұмытпайық.
«Бұл президенттің тапсырмасы. Біз тек оны орындаушымыз» деп отыз жыл бойына бар жауапкершілікті Назарбаевқа ысырып келген әкім мен министрлерден ел запы болды. Бізге басшылардың жауапкершілікті өз мойнына ала білетін жаңа формациясы ауадай қажет.