6 Сәуір 20:16
...

Гүлнәр Атақызы: Қазақ пен түрікменнің қай жағынан да сабақтастығы басым

Фото:

Қазақ даласында өмір сүріп жатқан көп ұлттардың бірі – түрікмендер. Өз салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы ерекшеленіп тұратын ұлт жайында түрлі дерек көп. Ежелгі уақытта түрікмендер өздерін оғыздар, ал орта ғасырларда олар өздерін түрікмендер деп атай бастады.

Nege.kz тілшісі Алматы қалалық және Алматы облысының Түрікмен этномәдени орталығының төрайымы Гүлнәр Атақызы Аннакулиевамен әңгімелескен еді.  

«Қазақстанда 1-2 мыңдай түркімен тұрады делінеді»

– Өзім Түрікменстанда өмірге келдім, 1971 жылы Ашхабадтағы экономика факультетін «Өнеркәсіпті жоспарлау» мамандығы бойынша тәмамдадым. 1975 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу университетінде экономика ғылымдарының докторы Валерия Рутгайзердің жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғадым. Ал соңғы 25 жылда Қазақстан республикасы Экономика министрлігіне қарасты ғылыми-зерттеу экономика институтында жұмыс істедім.

1991 жылы кедейлік мәселесі және оны шешудің жолдары жөнінде еңбегім жарық көріп, ондағы идеям экономиканы ілгерілету ісінде кәдеге жарады.  Одан бөлек 150-ден астам ғылыми мақаланың авторымын. Қазір UIB оқу орнында доцентпін.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясы мүшесімін. Түрікмен этномәдени орталығының төрайымымын. Орталық 1997 жылы құрылды. Түрікмен мәдени орталығы үш бағытта жұмыс істейді. Этномәдени бағыт бойынша этностардың ішкі мәселесін шешу, сондай-ақ аймақтардағы түрікмен орталықтарымен тығыз байланыста болу. Қазір Алматыдан бөлек,  Нұр-Сұлтан, Маңғыстау, Қарағанды және Қостанай қалаларында мәдени орталықтар бар. 

Қазақстанда жыл сайын Түрікменстанның мәдени күндері тойланады. Екі елдің мәдени және зиялы қауым өкілдері қатысатын форумы бар. Осыдан біраз жыл бұрын аталмыш мерекенің ашылу салтанаты Алматы қаласында өтіп, Түрікменстанның өнерпаздары өнерлерін ортаға салған үлкен гала-концертке жалғасқан еді. Ә.Қастеев атындағы музейде Түрікменстан Ұлттық музейінің көрмесі өтіп, Кино үйінде олардың бірнеше төл фильмдері көрсетілді.

Қазақстанда түрікмен қорлары мен «Ватан» атты қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Бұл мекемелердің мақсаты – достық пен бірлікті ту етіп, ұлтаралық татулық пен ынтымақты насихаттау сондай-ақ өздерінің ұлттық мәдениетін дәріптеу.

Статистика бойынша, Қазақстанда 1-2 мыңдай түрікмен тұрады делінеді. Бірақ нақты 10 мыңдай түрікмен бар. Басқа диаспора өкілдері сияқты біздің де орталық ассамблея аясында түрлі шара өткізуге атсалысады. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтап қалу мақсатында орталықта жастардың басын жиі қосамыз. Бізде арнайы жексенбілік мектеп бар. Мұнда олар түрікмен тілімен қатар қазақ тілін де үйренеді. Мұнымен қоса этномәдени орталық қайырымдылық жұмыстарын да назардан тыс қалдырған емес. Іле ауданының тұрғыны Рүстем Бақтыбаев осы істің басы-қасынан табылады.

«Қазақ пен түрікменнің діні де, тілі де ұқсас»

– Қазақ пен түрікмен ұлтын қай жағынан алсақ та, сабақтастық жері көп. Ұстанатын діні де, тұрмыс салты да ұқсас. Жалпы, қазақ даласына қоныс аударған түрікмендердің дені Маңғыстау облысына тұрақтаған. Айталық, 2013 жылғы санақ бойынша Қазақстанда тұратын түрікмендердің саны 2 мың 400 адам деп есептелген. Ал Түркіменстанда өткен 2019 жылғы санақта түрікмендердің саны 5,94 млн делінген. Оның 85 пайызы – түркімен, 5 пайызы – өзбек, 4 пайызы – орыс. Дегенмен, соңғы деректерде түрікмендердің демографияға аса ден қойғаны байқалады. Түрікмендер Қазақстаннан бөлек, Иран, Ауғанстан, Ресейде де тұрады. Өзін Оғыз ханның ұрпағы санайтын олар түрікмен ұлтын қалыптастырды.  

Біздің халық негізінен ауыл және мал шаруашылғын кәсіп еткен. Екі саланы да тең ұстап, ұсақ малдың да, ірі қараның да тұқымын көбейтуге атсалысқан. Мұнымен қоса кілем тоқып, жібек өндіруді жолға қойғаны тағы бар. Нәтижесенде түрікмен ұлты да салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізді. Оны ұлттың өне бойынан да анық көруге болады. Әсіресе, ұлттық киімін үстінен тастамайтын халықтың дәстүрге деген аманаты берік.

Тарихшы, педагог-ғалым А.Е.Игнатович еңбегінде: «Түрікмендер туралы айтқанда бірден көз алдымызға шығыстың тамылжыған табиғаты, мақта алқаптары мен жазық дала, жарқын түсті киімдегі әйелдер бейнесі мен кілем тоқыған шеберлер келеді. Түрікмендер шығыс халықтарының бірі десек, аздық етеді. Олардың мәдениеті өзге орта азиялық елдерден әлдеқайда бөлек», – деп жазған.

Шын мәнінде, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жөн-жоралғысымен сақтап келе жатқан түркімендердің ұлтқа деген махаббатына тәнті боласыз.   

«Дәстүр: кілемді әр бойжеткен тоқи білуі керек»

– Түрікменстанда мамыр айының соңғы жексенбісінде ұлттық мереке – кілем күні тойланады. Тарихшылар өзге көршілес елдермен  салыстырғанда түрікмендердің кілем тоқу өнерінің тарихы тереңде жатқанын айтады. Ресейлік шығыстанушы, этнограф Самуил Дудиннің еңбектерінде түрікмен ұлтының кілем тоқу өнері парсы халқынан да ерте қалыптасқаны және кілем тоқу техникасында да айтарлықтай айырмашылық бар екені жазылған. Біздің эрамызға дейінгі ІІ ғасырдың ортасына тән кілем тоқыған көне құрал-жабдықтар түрікмен даласынан табылған деседі.

Бір қызығы, түрікмен отбасындағы әр бойжеткен кілем тоқи білуі дәстүрге айналған. Тіпті, құда түсіп келген жігіт жақ тұрмысқа шығатын қыздың қанша кілем тоқығанына да қарайтын болған. Қазір де түркімен отбасында осы құндылықтар сақталған.

Одан бөлек көшпенді түрікмендермен бірге жасап келе жатқан мұра – киіз үй. Олар киіз үйдің ішіндегі әбзелдердің бәрін киізден, жүннен, бояу мен терілерден жасаған. Ұлтқа тән ою-өрнектермен әшекейлеп, көздің жауын аларлық қолөнер бұйымдарын жасайды.

Негізі түрікмендер қызыл түске әуес. Олардың пайымынша, қызыл түстің магиялық қасиеті бар және түрлі жамандықтан қорғайды деген нанымға сенеді. Жасы егде тартқан әйелдер қызыл түске көк, қоңыр түсті жіптерді қосып кестеленген көйлек, камзол киетін болған. Әрі мұны кез келген қоғамдағы шараларға әдейі киіп барады. Бұл түрікмен ұлтының болмысын ерекшелендіреді. Яғни, қызыл түс – қуаныштың, бақыттылықтың белгісі.

Әр адамнан жақсылық пен ізгілік көру – түрікмендердің басты қасиеті. Олар кез келген адамға жылы қабақ танытып, асқан қонақжайлылықты көрсете алады. Дәл осы қасиет олардың болмыс-бітімін айрықша етіп көрсетеді. Қай жағынан алғанда да қазақ халқына ұқсастығы бар. Себебі, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, тілі, діні, әдет-ғұрпы жағынан да екі ұлт арасындағы тығыз байланысты көруге болады. 

Қазақ пен түрікмендердің дәстүрлі мейрамдары да бірдей. Көбі дінмен байланысты. Айталық, Құрбан айт, Ораза айт, Наурыз мейрамын ерекше леппен атап өтеді. Нәресте өмірге келгенде шілдехана тойын жасаса, теңіз жағасына қоныстанғанда қайық тойын думандатып өткізеді. Мұны жаңа қайық сатып алғанда немесе қолдан қайық жасап суға түсіргенде тойлайтын болған. 

Тегтер: