31 Наурыз 17:56
...

Ғазиза Ұзақ, волонтер: «28 ілмек» клубы әлемнің он үш елінде ашылды

Фото:

Әлем бойынша жылына 15 миллиондай нәресте шала туылады. Ал Қазақстанда жылына 3500-4000-дай нәресте уақытынан бұрын дүниеге келеді екен. Яғни, әрбір оныншы бала шала туылады. Оларды аман алып қалу бүгінгі медицинаның қауқарына байланысты. Десе де, ерекше күтімді қажет ететін «шалабайлардың» ширап кетуіне «28 ілмек» қоғамдық қорындағы еріктілердің де көмегі зор. Бұл туралы Nege.kz тілшісіне клубтың үйлестірушісі Ғазиза Ұзақ айтып берді. 

Ертеде қазақ отбасы «шалабайды» тымаққа салып, керегеге ілген

– Алматы қаласының тұрғынымын. Бала кезден апам мен анамның тоқыма тоқып отыратынын көріп өстім. Әрине, «Ана көрген тон пішер» демекші, бұл өнерді мен де үйрендім. 2012 жылы «28 ілмек» қоғамдық қорының бар екенін естідім де, соған кіргім келді. Жан-жақтан ақпарат іздей бастадым. Кейін әлеуметтік желі арқылы біраз мәлімет тауып, 2014 жылдың көктем мезгілінде клубқа мүше болдым.

Бұл – еріктілер клубы. Оны ашу идеясы журналист Карла Нұрдың 2012 жылы жариялаған «Граммовый гражданин Казахстана» атты мақаласынан кейін туындаған. Ол мақала жазу үшін перзентханаға барғанда бір шала туған нәрестенің аяғындағы жүн шұлықты көреді. Дәрігерден «Жүн шұлығының не пайдасы бар?» деп сұрағанда: «Кішкентай шақалаққа жылы температура жетіспейді. Бұл нәрестенің ата-анасы үйінен әкеп, кигізіп қойған», – дейді.

Мақала жарияланған соң қаншама адам хабарласып, шала туған нәрестелерге киім тоқып, көмектескісі келетінін айтады. Бұдан кейін автор «Неге осындай клуб ашпасқа?!» деп, идеяны жүзеге асыруға кіріскен. Нәтижесі – осы.

Бұған дейін шала туған нәрестелерді аман алып қалу сирек жағдай болатын. Елімізде 2008-2009 жылдары бала өлімі дерегі көбейіп кетті. Яғни, отандық медицина оған дейін тек 7 айлық нәрестені ғана аман алып қалуға тырысатын. Алайда, кейін 500 грамм шақалақты да адам қатарына қосуға болатынын дәлелдеді. Білуімізше, бала өлімінің көрсеткіші де азайған. Және бұған біздің де қосып жатқан үлесіміз бар екеніне қуанамыз.

Шала туған нәрестенің киімі жоқ. Ең кішкентай өлшемдегі киімнің өзі кең болады. Ал жүннің пайдасы туралы көп адам біле бермейді. Клуб жұмысы арқасында біраз ақпарат таралды. Ертеде қазақ отбасы «шалабайды» тымаққа салып, керегеге ілсе, орыстар шәлі орамалға орап, пештің үстіне жатқызып қойған. Қазір заман басқа. Шала туған нәрестесі барлар еріктілердің арқасында тоқыма киім жинағын алып жатыр.    

Клуб неге «28 ілмек» деп аталады? Себебі, біз балалар шұлығын тоқу үшін 28 ілмек тереміз. Мұндағы адамдар шала туған нәрестелерге таза жүн жібінен киім жинағын тігеді. Өзім Алматы қаласы бойынша клубтың үйлестірушісімін. Ұйымдастыру шараларының басы-қасында жүремін. Одан кейін Қазақстанның 15 қаласында, тіпті қазір әлемнің 13 мемлекетінде ашылып жатыр. 2015 жылы Қырғызстанның Бішкек қаласындағы осындай клубтың тұсаукесеріне қатысып, куә болдым.

Бүгінде Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Ресей, Украина, Беларусь, Латвия, Эстония, Грузия, Молдова, Германияда клубтар ашылып, жұмыс істеп жатыр. Бұл жаңалықты естігенде қатты қуандық. 13 мемлекетте 150 клуб бар. Онда 3591 ерікті жұмыс істейді. Яғни, «28 ілмекті» халықаралық клуб деп айтуға болады. Алматыда бастау алған шағын клуб аз уақыттың ішінде әлемге таралып кетті.

Биыл клубқа – 10 жыл. 2012 жылы ашылған клубтың атқарған жұмысы көп. Біз Алматы қаласы ғана емес, Алматы облысына қарасты қала мен елді мекендегі шала туған нәрестесі бар отбасыларға да көмектесеміз. Біз ата-аналармен күн сайын байланыста емеспіз, көбінесе перзентханалармен өзара келісім бар. Бізге хабарласып айтады. 2-3 айда 15-20 киім жинағын апарып береміз. Сосын біткен кезде тағы да хабарын береді. 2012 жылдан бері перинаталды орталықтарға 293 мың 169 тоқыма киімі берілді. Ал өз бетінше көмек сұраған ата-анаға тек сенімді болған соң ғана береміз.

«82 және 77 жастағы апа да киім тоқиды»

– Еріктілердің арасында ер азаматтар да, қарттар да, балалар да бар. Менің тобымда 20-25 шақты адам бар. Оның ішінде 82 жастағы және 77 жастағы апа киім тоқиды. Олар «бір пайдамыз тисін» деп өздері сұранып, көмек бергісі келді. Сол сияқты көпбалалы және ерекше балалардың анасы, мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Клубқа кіруге ешқандай шектеу жоқ. Ұлт пен ұлысқа, жасқа, қызметке бөлінбейді. Ең бастысы – көмектескісі келетін ниеті болу керек. Бәріміздің де миссиямыз – осы.

Қажетті материалды өз қаражатымызға аламыз. Бізге таза жүннен иірген жіп керек. Өкінішке қарай, оның бәрі Ресей, Италия, Түркиядан келеді. Қазіргі экономикалық қиындықтарға байланысты жүн жіптің бағасы да шарықтап кетті. Бір балаға екі орама жіп керек. Ең арзаны 600 теңге тұратын еді. Сол қазір 1000 теңге болып кеткен. Бір балаға 2 мың теңгенің жібі керек. Бізден сол елдер жүнді шикізат ретінде алып, бірнеше есеге өзімізге сатады. Бізге қоспасыз таза жүн жібі керек. 

Біз тоқитын киімнің уақытынан бұрын өмірге келген шалабайлардың тезірек салмақ жинап, шымыр болып, адам қатарына қосылып кетуіне өзіндік ықпалы бар. Ата-бабамыз шала туған нәрестені тымаққа салып керегеге іліп қойғанын білеміз. Бұл туралы талай ертегі, әңгімеден оқыдық та. Бұл – тегін емес. Қазір мұны бірі білсе, бірі білмейді.

Біз тоқыған киім мен көрпешемізді ерікті түрде перзентханаларға жеткізіп тұрамыз. Бұл киім денесіне жылы болып қана қоймай әрі тітіркендіреді. Сол кезде нәресте де әрі-бері жыбырлап, өзінше әрекет ете бастайды. Мұндай бала тезірек ширығады. Ол өзінің жарық дүниеге келгенін сезеді.

Психологтардың айтуынша, шала туған нәресте өмір есігін ашқанын немесе анасының құшағында жатқанын түсінбейді екен. Сондықтан оларды қажетті температурада ұстайды. Ал біз берген тоқыма киімді кигізіп, көрпешемізге жатқызса, қимылдап, ширай түсетініне сенім мол.

«АҚШ-та тұратын қазақ қызы көмектеседі»

– Кейбір аға-әпкелеріміз жасап жатқан ісімізді көріп, «береке берсін» деп азын-аулақ ашқасын салып жатады. Осындай қайырымды жандардың арқасында жіп сатып алатын ақша жиналады. Біз тоқыған киімдерді танымал тұлғалар да балаларына сатып алады. Мысалы, әнші Тоқтар Серіков өмірге егіз ұлы келгенде біздің киімді алып кетті. Осы тізімнің қатарында әнші Төреғали Төрәлі, «Өнер қырандары» әртісі Құдырет Жұмабек, әнші Көркем Сейсенбек пен журналист Гүлдана Иманбайдың егіз қыздары да бар. Бәріне тегін береміз.

Клубқа үнемі көмектесіп тұратын жанашырлар бар. Мәселен, 20 жыл бұрын АҚШ-қа көшіп кеткен Қазақстанның азаматы пианист Хадиша Оңалбаеваны айтуға болады. Ол бізге үнемі қолдау білдіріп жүреді. АҚШ-тан жіп жіберіп, кейде ақшалай көмек береді. Қазақстанға гастролдік сапармен келсе, міндетті түрде бізге қажетті материалдарды әкеледі.

2019 жылы Алматыға келгенде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығындағы неантология бөліміне барып, шала туған нәрестелерді өз көзімен көрді. Біз де өз тарапымыздан апайды әркез көмек қолын созатын қолдаушымыз екенін айтып, таныстырдық.

«Қолым қалт етсе, тоқи беремін»  

– 2014 жылдан бері 5 мыңнан астам зат тоқыппын. Себебі, әр тоқыған дүниені ерінбей суретке түсіремін. Бұл әркімнің қарым-қабілетіне, икеміне байланысты. Қолым қалт етсе, тоқи беремін. Кейде банкке барғанда кезек көбейіп кетсе, дереу сөмкемнен тоқымамды шығарып, тоқимын. Ұзақ жолға шыққанда да солай. Жұрт қызығып сұрайды. Суретке де түсіреді. Сырт көзге ерсілеу көрінетін шығар, бірақ өз миссиямды өзім білем ғой. 8 жылда тоқыған киімімді киген қанша нәресте тірі қалғанын білмеймін. Бірақ биыл сол балалардың біразы мектеп табалдырығын аттады. Соның өзі біз үшін қуаныш.

Тоқыма тоқу өнері көңіл-күйге де байланысты. Кейде клубтағылар сырқаттанып қалса, тоқымайды. Олар бұл энергия балаға да жұғады деп санайды. Сондықтан жақсы көңіл-күйде тоқығанды қалайды. Мәселен, көбі теларнадан концерт немесе өзіне ұнайтын телесериал көріп отырып тоқиды.

Негізі бір балаға арнап тоқитын жинақтың ішінде көрпеше, шұлық, бас киім, күртеше бар. Сонда бір балаға 4 зат береміз. Соның өзінде алғанын қанағат етпей «тегін беріп жатырсыңдар ғой, тағы да үш-төртеуін бере сал» дейтіндер кездеседі. Тіпті, «мен мына жақта тұрамын, үйге әкеп бер» дейтін адамдар да бар. Бізде кеңсе жоқ қой. Әркім өз үйінде тоқиды. Айтсақ, түсінбейді.

Тағы бірде жас аналар күйеуін жібереді де, артынан «Маған түсі ұнамады. Неге басқа түсін бермедіңдер?» деп ренжіп шығады. Бір қазақ апаның немересі шала туған екен. Қайырымдылыққа деп 5 мың теңге беріп, артық ақшасын қайтаруымды сұрап тұр. «Ондай ниетпен бермей-ақ қойыңыз» деп ақшасын өзіне қайтарып бердім. Әртүрлі адам болады. Бір бала үшін 5 адам хабарласқан жағдай кездесті. Бұл дұрыс емес. Біреудің еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Және өзі сияқты сол киімге жете алмай жатқан қаншама отбасы барын да ойлауы керек.

17 қараша дүниежүзілік шала туған нәрестелер күні ретінде аталып өтіледі. Сол күні әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. «28 ілмек» қоғамдық қорының клубы денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін 2017 жылы «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлығының лауреаты атанды.

Клубтың сайты, әлеуметтік желіде өз парақшасы бар. Оны идея авторы Карла Нұр жүргізеді. Әрбір адамның көмегі теңізге тамған тамшы тәрізді. Егер шала туған нәрестенің тезірек ширап кетуіне көмек беретін қайырымды жандар, еріктілер болса, қуана қарсы аламыз.

Тегтер: