26 Тамыз 09:00

Цифрлі Қазақстан немесе Starlink. НЕГЕ Илон Маск қазақ ауылына Бағдат Мусиннен бұрын жетпек?

Фото:

Бағдат Мусин Қазақстандағы ауылдарға интернет тартып біткенше, Илон Маск бүкіл әлемді ғаламтормен жарылқауы мүмкін. Себебі біздегі техниктер мәселені талқылап, жиналыс өткізгенді, ал «SpaceX» компаниясындағы мамандар ғарышқа апта сайын жүздеген спутник ұшырғанды жақсы көреді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі елімізді интернетпен қамтамасыз етуді талқылауын әлі бітіре алмады. Соңғы жаңалықтар бойынша, вице-министр Дарын Тұяқов бас болып, Білім және ғылым министрлігінің жауапты жетекшілері, білім басқармаларының басшылары, облыс әкімі орынбасарлары, аудан әкімдері және байланыс операторлары онлайн режимде отырып алып, мәселені шешу жолдарын іздеуде.

Ал ауылдарға интернет тартудың нақты нәтижелері қандай? Жыл басынан бері 1026 шалғай ауыл кеңжолақты интернет желісіне қосылған. Жыл соңына дейін бұл сан 1250-ге дейін өседі. Бірақ оптикамен келген жылдам интернет кімге пайдасын тигізбек? Министрліктің өзі айтып отырғандай, ол интернет 3700-ден астам мемлекеттік органға, бюджеттік мекемелерге, мектептер, ауруханалар мен әкімдіктерге тартылмақ. Демек ауылда жүрген қарапайым тұрғынға, егер ол мектеп не әкімдік ғимаратына кіріп алып Wi-Fi-ға қосылмаса, ондай интернеттен еш қайран жоқ. Тіпті оған біреу Wi-Fi паролін бере қояды деу қиын. Қысқасы, қарапайым шопан өрісте жүріп, смартфонымен жылдам интернетке кіре алмайды.

 

«Ауыл аймағын түгел қамту үшін мобильді интернет керек. Wi-Fi проблеманы шешпейді», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. Ал бұл мәселеде цифрлік министрліктің аса қауқары болмай отыр. Олар бар болғаны ұялы байланыс операторларымен ынтымақтастық меморандумына қол қоя алған. Меморандум келісім-шарт емес, ол ешкімді ештеңеге міндеттей алмайды.

Меморандум тұрғындар саны саны 250 адамнан асатын 928 ауылға мобильді интернет жеткізуді көздейді. Оның ішінде бар болғаны 635 ауыл 4G, тым құрығанда 3G технологиясын алмақ. Елде 7 мыңнан астам ауыл бар екенін ескерсек, оның басым бөлігінің әлі күнге дейін ХХІ ғасырға ене алмай отырғанын мойындау керек

Бұл ретте бізге жақын жылдары жер шарын ғаламтормен қамтамасыз етуді көздеп отырған Илон Маск пен Марк Цукербергтер көмектесуі мүмкін. Әсіресе, бұл бағытта Илон Маск алға озып кетті. Ол негізін қалаған «Starlink» компаниясы айына 120 жер серігін әзірлеп, ғарышқа ұшырып жатыр. Қазір ғарышта ұшып жүрген интернет трансляторларының саны 600-ге жеткен. Бұл қарқынмен Илон Маск аз уақытта Қазақстан аумағына да жете алады.

«Техникалық жағынан еш қиындық жоқ. Бірақ өкінішке қарай, біздің шенеуіктер Илон Маскқа өз интернетін жүргізуге рұқсат бермейді», – дейді Қазақстан интернет қауымдастығының төрағасы Шавкат Сабиров.

«Мысалы, Facebook қазір Африкада интернет тартып жатыр. Бірақ жұмыстары баяу жүруде. Саяси астары көп. Ал Илон Маск үшін Еуропа мен АҚШ аумағы коммерциялық тұрғыдан алғанда анағұрлым қызығырақ»

Шавкат Сабировтың айтуынша, интернетті Қазақстанда бір тартса, тек қана Қазақтелеком тарта алады. Және осы мақсатта мемлекеттен субсидия алып отырғандықтан, бұл оның тікелей міндеті.

«Алыстағы ауыл тұрмақ, Алматының іргесіндегі Талғарда мобильді интернет жоқ. Себебі, біздің техниктерге тау кедергі болып тұр. Мәселе енді ғана мачта-ретранслятор орнату арқылы шешімін таппақ»

Интернет жобалардың продюсері Константин Горожанкин де Сабировтың айтқанымен келіседі. «Илон Маск бізге бірінші жетсе де, оған рұқсат бере қояды деу қиын. Тіпті спутниктен келген сигналды бұғаттаудың бірнеше тәсілі бар», – дейді маман.

Қазақстан аумағына интернет толық таралмай тұрып, экономиканы цифрландыру мүмкін емес нәрсе. Онда төртінші өндірістік революция елімізді сырт айналып өтеді. Дамыған елдердің табалдырығын 5G технологиясы қағып тұрғанда, біздегі ауылдардың интернетсіз отыруы – Қазақстанда жоспар мен нақты аяқталған жұмыстардың әлемдері бөлек екенін байқатады.

Тегтер: