8 Желтоқсан 15:10

ТИМУР атындағы реформа. Құлыбаевтың өмірінде келесі жылы НЕГЕ біз күтпеген өзгерістер болуы мүмкін?

Фото:

2023 жыл аяқталайын деп жатқанда Тимур Құлыбаев кезінде өзі құрған «KazEnergy» қауымдастығының төрағалығынан кетті және портфельді компанияларында жаппай кадрлық ауыс-түйістер жасай бастады. NEGE дереккөзі «мұндай кадрлық шешімдер әдетте үлкен өзгерістер алдында болады» дейді.

Тимур Құлыбаев жасап келген қадамдардың логикалық тізбегі оның Қазақстандағы активтерін арттыратынын емес, керісінше, барынша қысқартатынын меңзейді. Тимур Асқарұлы ойыннан шығуға, болмаса барынша кішіреюге бет алатын сияқты.

«Халық Банкі» өзінің басқа елдердегі еншілес ұйымдарын белсенді түрде сата бастады. Бұдан шығатын бір қорытынды – болашақта Тимур мен Динара Құлыбаевтар «АЛМЭКС» холдингі арқылы иелік етіп отырған «Халық Банкі» акцияларын да сатуға шығаратын болады.  

Коллаж: NEGE

Тимур Құлыбаевтың «Каспий мұнай» компаниясы Астанадағы AIX биржасынан кетпек. Демек, ол бұрынғыдай қаржылық жағдайын ашық жариялау міндетінен құтылады. Құлыбаев империясының жағдайы нашарлап барады және біз оны осы ашық қаржылық есептіліктен көріп жүретінбіз. Енді «Каспий мұнайға» қатысты мәліметтер құпия болмақ.

Тимур Асқарұлы кадрларды жаңартып, ескі үзеңгілестерін жауапкершіліктен барынша жылыстата бастады. Өзінің холдингі «Joint Resources» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінен Раушан САҒДИЕВА, Әсел ТӨКЕЕВА мен Шолпан АЙНАБАЕВАНЫ шығарып жіберді. Әсіресе, Раушан Сағдиева Тимур Құлыбаевтың барлық бизнес құпияларын тым жақсы біледі. Сондықтан оның Сингапурға кетіп қалуына барлық жағдай жасалды. Енді Раушан Сағдиева Қазақстанға қайтпауы да мүмкін.

Коллаж: NEGE

«Халық Банк» өзінің Ресей, Тәжікстан мен Қырғызстандағы еншілес банктерін сатып жібергеннен кейін, келесі жылы Грузия мен Өзбекстандағы банктерінен құтылады деген болжам бар. Бұдан кейін Құлыбаевтарға тиесілі АЛМЭКС холдингі өзінің қолындағы «Халық Банк» акцияларының елеулі бөлігін биржаға шығарып сата бастауы ықтимал. Қазір олар өз қолында банк акцияларының 69,5 пайызын ұстап отыр. Кемінде 30 пайыз акцияны сатса, онда банктің мажоритарлы, басқарушы емес, тек ірі акционері болып қала бермек.

Құлыбаевтар Қазақстандағы активтерін сатып, қолдарындағы заңды кэшпен басқа елдің ірі бизнесмені бола алады. Оған дайындықтың қызу жүріп жатқанын да көре аламыз. Тимур Асқарұлы дивиденд ретінде өзіне бағынышты «Joint Recourses» холдингінен 35,6 миллиард теңге, «Каспий нефть» компаниясынан 142,1 миллиард теңге, «Шұбаркөл премиум» алпауытынан 20,9 миллиард теңге шығарып алды.

Бірақ ең басты миллиардтарын ол «Халық Банк» акцияларын сатқанда ала алады. Сондықтан Құлыбаев үшін бір есік жабылса, бірнеше жаңа есік ашылып тұр...

Тегтер: