17 Мамыр 17:00
...

Амалы жоқ. Машкевичтер НЕГЕ Еуразиялық банк қызығын көре алмай жүр?

Еуразия
Фото: Фото: Nege.kz

«Еуразиялық банк» АҚ 2023 жылдың қорытындысы бойынша мол пайдаға кенеліп, 96,9 миллиард теңге таза кіріс алды. Бірақ банк қожайындары, Машкевич бастаған олигархтардың еуразиялық үштігі одан бір тиын дивиденд ала алмайды.

Акционерлер банктен пайда көре бастау үшін 2017 жылы мемлекеттен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында көмек ретінде алған 150 миллиард теңгені қайтаруы тиіс. Қаржы нарығының тұрақтылығы бағдарламасы аясында 2017 жылы «Еуразиялық банк» АҚ жылдық кірістілігі 4 пайызбен 15 жылдық облигация орналастырып, оны Ұлттық Банкке қарасты Қазақстанның орнықтылық қоры сатып алған болатын.

Ким
Фото: Nege.kz

Былтыр «Еуразиялық банктің» 15 миллиард теңге қарызын қайтарғаны ескеріле отырып, банктің 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есептілігінде енді мемлекетке 64,6 миллиард теңге қарыз деп көрсетілген. Ереже бойынша, банктер қаржылық тұрақтылық бағдарламасынан шықпайынша, өз акционерлеріне дивиденд төлей алмайды және топ-менеджерлердің бонусы кесіліп отырады. Қаржы ұйымы мемлекеттің ақшасын бір тиынына дейін орнына қоймайынша, ол аталған бағдарламадан шықты деп есептелмейді.

«Еуразиялық банк» мемлекет қарызын ертерек қайтара ала ма? Былтырғы жыл нәтижесі бойынша банктің 96,9 миллиард теңге таза кіріс алғанын айттық. Өткен жылдардың табысымен қосылып, қазір банкте 228,8 миллиард теңге үлестірілмеген пайда қордаланып қалған. Бұл, әрине, мемлекеттік көмекті мерзімінен ерте қайтаруға жетеді.

Алайда, NTGE дереккөзі банк басшылығының 2025 жылға дейін қарызды тек келісілген график бойынша төлеп, табыс есебінен акционерлік капиталды ұлғайту жоспарының бар екенін хабарлады.

Бір жағынан, бұл банктің қаржылық тұрақтылығын арттырады. Бірақ екінші жағы бар: банк қожайындары – әрқайсысы 33% акция ұстап отырған Александр Машкевич, Патох Шодиев пен Мұқадасхан Ибрагимова кемі тағы екі жыл бойы дивиденд көрмейді. Осыған қарағанда, акционерлер – олигархтардың еуразиялық үштігі дәл қазір банктен дивиденд шығаруға аса құлықты емес сияқты.

Отчет
Фото: "Еуразиялық Банк" АҚ 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: KPMG

«Еуразиялық банк» активтері 2023 жылы 2,7 триллион теңгеге дейін өсті. Былтыр қаржы ұйымы 1,36 триллион теңге несие берген. Банк нарықтың автокредит сегментінде көшбасшы саналады. Бүгінгі күнге ондағы капиталдың жеткіліктілік коэффициенті – 21,7%.

Қазір елімізде мемлекеттен қолдау алған бес банк бар: «Еуразиялық банк», «ЦентрКредит Банкі», «Нұрбанк», Bank RBK, Jusan Bank. Алтыншы болып тізімде жүрген «Халық банкі» биыл мемлекет ақшасын түгелімен қайтарып берді. Енді оның негізгі акционерлері – Тимур мен Динара Құлыбаевтар емін-еркін дивиденд ала алады. Jusan мемлекетке 100 миллиард теңге қайтарса да, қарызы әлі де бастан асады. Сондықтан Ғалымжан Есеновке әлі де ұйқысы бөлініп жүр...