8 Сәуір 09:00

ERG-ден 160 миллион доллар жиналды ма? ҚДБ қаржылық есебі НЕГЕ елең еткізді?

БРК
Фото: Фото: Nege.kz

Үкіметке тиесілі «Бәйтерек» холдингінің құрамына кіретін Қазақстанның Даму банкі 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есебін жариялады. Мемлекеттік банк мол пайда тапқан. Бірақ осы есебінде 2022 жылы ERG тарапынан салынған ортақ құны 160 миллион долларға тартатын екі жинақтаушы шот туралы айтылады. NEGE порталы дәл осы шоттардың Стати ісі бойынша Люксембургте бұғатталған Қазақстанға тиісті дивиденд екеніне сенімді.

2022 жылы «Қазақстанның Даму банкі» (ҚДБ) Люксембургте тіркелген Eurasian Resources Group S.a.r.l компаниясына 5 жыл мерзімге және 0,24% жылдық сыйақы мөлшерлемесімен ортақ сомасы 160 326 000 АҚШ долларына екі жинақтаушы шот ашқан. Теңгелей ол 2023 жылы 103,4 миллиардты көрсетіп тұрды.

БРК
Фото: "Қазақстанның Даму банкі" АҚ 2023 жылғы аудиттелген шоғырланбаған қаржылық есебі. Аудитор: KPMG

Eurasian Resources Group S.a.r.l үшін еркін айналымдағы капиталды 0,24 пайызбен жинақтау мүлде тиімсіз екенін ескерсек, бұл шоттың әлдебір міндеттемелерге кепілдік ретінде ашылғанын байқауға болады.

2017 жылдан бері Люксембург сотының шешіміне орай, Стати ісі бойынша «ERG S.a.r.l.» тарапынан Қазақстан бюджетіне түсуі тиіс дивиденд бұғатталып келеді. 2021 жылы ERG өкілі Фатима Қосаева әлеуметтік желіде бұғатталған дивидендтердің ҚДБ арнайы шотында жинақталып жатқанын айтып қалған болатын.

Бірақ оған «Қазақстанның Даму банкінің» қатысы қанша деген редакция сұрағына сол жылдары ҚДБ да, ERG де, ERG транұлттық корпорациясында Қазақстан атынан акционер болып отырған Қаржы министрлігі де жауап бере алмағаны есте.

БРК
Фото: Nege.kz

Қазақстан Үкіметі «ERG S.a.r.l.» халықаралық корпорациясының ірі акционері саналады. Біздің мемлекетке акциялардың 40 пайызы тиесілі. Қалғаны 20,7% үлеске олигарх Александр Машкеевич, 20,7%-ына Мұқадасқан Ибрагимова (марқұм Әліджан Ибрагимовтың жесірі), 18,6%-ына Патох Шодиев иелік етеді.

Дивиденд 2017 жылдан бері қордаланып келе жатыр десек, 5 жыл ішінде Қазақстанға тиесілі табыс сомасы небары 103 миллиард теңге ғана болғаны ма? «Elge qaitaru» қорының есебінше, ERG 2017-2020 жылдар аралығында Қазақстандық кәсіпорындарынан 2 триллион теңге дивиденд шығарып алған. Сонда біздің үлесіміз кемінде 797 миллиард теңге болуы тиіс.

БРК
Фото: Nege.kz

Иә, 2020 жылдан бері ERG-дің жағдайы мәз емес. Біздің есебімізше, қазір ERG қарызы шамамен 7,5 миллиард долларға жеткен. Және оның ауқымды бөлшегін «ВТБ» мен «Сбер» сынды Ресей банктеріне биылдан бастап төлей бастауы керек.

2022 жылы Eurasian Resources Group S.a.r.l. EBITDA-сы 2021 жылмен салыстырғанда 19,4 пайызға құлдырап, 3,39 миллиард долларға түсті. Топтың жалпы түсімі 7,9 миллиард доллар болды. Осыдан-ақ ERG табысы жыл сайын құлап бара жатқанын байқауға болады.