18 Мамыр 20:27
...

Белгілі журналист Ержұман Смайыл тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

ааа
Фото: Ерлан Омар

Астана қаласында БАҚ саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ел газеті «Egemen Qazaqstan»-ды екі рет басқарған Ержұман Смайыл тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта ілінді. 

Бұл салтанатты іс-шараға Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов, филология ғылымдарының докторы, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, ардагер журналист, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Жанболат Аупбаев, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редактры Ғабит Іскендерұлы және ардагер журналистер, Е.Смайылдың отбасы, туған туыстары қатысты.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында алдымен журналист Сауытбек Абдрахманов сөз сөйлеп, замандас әріптесі жайлы естеліктерін тебірене жеткізді.

– Ержұман ағамыз «газетчик» ұғымын жоғары биікке көтерген адам. Сол арқылы мамандықтың мәртебесін асырды. Ол прозаға да барған жоқ, басқа жанрларға да қызыққан жоқ, тіпті Ерекеңнің алғашқы кітабы жасы елуден асқанда жарық көрді. Сонда да Е.Смайыл ерекше құрметтің иесі болды. Ұйымдастырушылық талантымен, өзгеге болсын деген өзгеше жомарт жүрегімен, жастарға деген қамқорлығымен көзге түсті. Бар өмірін журналистикаға, газеттің қара жұмысына арнаумен өтті. Сөйте жүріп БАҚ саласынадағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды, – деді С.Абдрахманов.

Ал белгілі журналист, танымал жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы жастар газеті «Лениншіл жасқа» қатар келгендерін және Е.Смайылдың келе сала өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлігімен ерекшеленгенін жеткізді.

«Лениншіл жастағы» мықты аудармашылар баспа саласына ауысып кеткен кез еді. Ержұман келе салып бірден аударма ісін алып кетті. Тіпті мәтінді бірден «диктовка» жасап отырып аударып тастайтын. Шаршамайтын, талмайтын Ержұман «Егеменде» де қара жұмыстың үстінде отырушы еді. Түнімен кезекшілікте болса да, таңертең жұмыста отыратын. Біз соған таңғалатынбыз, – деді Ж.Бейсенбайұлы.

ааа
Ерлан Омар

 

Журналист, Сенат депутаты Н.Жүсіп Е.Смайылдың өте сауатты адам болғанына тоқталды.

– Ерекеңді қазақтың сөзін бүкіл мақал-мәтелі мен фразеологиялық тіркестердің барлығының қалай сақталуын газет арқылы қалың қазаққа жеткізіп отырған тіл зергері деп айтуға болады. Адамдық қырына келетін болсақ, бір сөзбен айтқанда Ержұман аға «Egemen Qazaqstan» дейтін қадірлі де қастерлі қарашаңырақтың құты болды, – деген Н.Жүсіп Е.Смайылдың басшы мен тілшіні қатар қабылдайтын қарапайымдылығын, қай істе болсын елгезектік танытып ұйымдыдастыру жұмыстарының басы-қасында жүретінін айрықша атап өтті.

«Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Іскендерұлы Е.Смайылдың мінезді адам болғанын, сол мінезінің арқасында елге қадірлі болғанын айтып өтті.

– Шерхан Мұртазаның 60 жылдық мерейтойында қазақ журналистикасының корифейі Камал Смайылов «Басылым бастығына тартады» деп айтқан еді. Сол сияқты «Egemen Qazaqstan» Ераға басқарған жылдары мінезділігімен халқына жақты, жақын болды. Егер ол кезде Ерағада мінез болмаса газеттің болмысы да басқаша болар ма еді. Сондықтан осындай мінезді ағамызға, елге, қазақ журналистикасына еңбегі сіңген Ерағаға осындай құрмет көрсетуді заңдылық деп есептеймін, – деді Ғ.Іскендерұлы.

Қабырғадағы тақта бетін жауып тұрған ақ шүберекті сенатор Н.Жүсіп пен журналист С.Абдрахманов түрді. Жиналған көпшілік қара мәрмәрға қашалған Ержұман Өтешұлының әппақ бейнесіне ұзақ қарап, көңілі бір марқайып қалды.