24 Ақпан 17:50

Принтерді өшіреміз! НЕГЕ Ұлттық Банк екі жылдан кейін экономикаға араласуын доғармақ?

Фото:

Екі жылдан кейін Ұлттық Банк мемлекеттік бағдарламалардан кетпек. Яғни ол бизнесті кредиттеу, халыққа ипотека беру сынды жұмыстарын тоқтататын болады. Бірақ Ұлттық Банктің бұл бағыттан кетуі, мемлекеттің кетуін білдіре ме? Сарапшылар оның мүмкін еместігін айтады.

Ұлттық Банк түрлі салаларды кредиттеуін қойса да, үкімет «Бәйтерек» холдингі арқылы оларды билеп төстеуін жалғастыра бермек. Бизнес «Даму» қоры, «Өндірісті дамыту қоры», «Қазақстанның даму банкі» сынды институттар арқылы арзан несие, лизинг алуын сақтап қалады. Ал «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» үй салып, ипотека нарығында «Отбасы банк» өз монополиясын одан әрі нығайта  түспек.

Демек мемлекет экономикадан кетпейді. Тек Ұлттық Банк өзінің тікелей функциясы – ақша-кредит және монетарлы саясатпен ғана айналысуы тиіс.

Фото: Kursiv.kz, Аскар Ахметуллин

«Менің ойымша, Ұлттық Банктің өзіне жатпайтын қызметтерден кетуі дұрыс», - дейді, қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов. «Көптеген елдерде тұрғын үй құрылысын мемлекет өз мойнына алады. Бұл өз халқына қолдау көрсету және сонымен бірге әлеуметтік саясат жүргізу мүмкіндігі.

«Сондықтан мемлекет ешқашан тұрғын үй секторына араласудан бас тартпайды. Олар арнайы даму институтын – «Отбасы банкін» құрды. Тіпті квазимемлекеттік құрылыс компаниясын құрса, мен таң қалмас едім. Бұл экономика үшін қаншалықты пайдалы? Оған қатысты үлкен сұрақ туындайды. Бірақ бәрі орындаушыларға байланысты»

«Ұлттық банктің кетуі эмиссия механизмі арқылы экономикаға қатысуын тоқтататынын білдіреді», - деп түсіндіреді, қаржы сарапшысы Владислав Туркин. "Инфляцияны таргеттеу аясында Ұлттық Банктің былай араласуы өрескел ереже бұзу ретінде қарастырылды. Тиісінше, енді ол экономиканы қаржыландырудан кетсе, инфляциялық таргеттеудің нағыз «дұрыс» саясатын ұстана бастаймыз".

«Ақша эмиссиясы экономикаға үлкен кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар әртүрлі құрылымдық проблемаларды күшейтеді. Бұл мемлекет кетіп қалды дегенді білдірмейді. Ол дұрыс ақша-несие саясатын құруда. Ұлттық банкке экономиканы тікелей ынталандыру міндеттері тән болмауы тиіс»

«Эмиссия дегеніміз – ақша басып шығару», - дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «7 жыл бойы Ұлттық Банк теңгені станокта басып, оларды жекеменшік банктерге, бизнесті кредиттеу мен ипотекаға беріп келеді. Қазір Ұлттық Банк доллармен алынған ипотеканы қайта қаржыландырып, теңгеге ескі бағаммен айырбастау, кәсіпкерлік нысандарына 8% жеңілдетілген несие беру, «7-20-25» ипотекасы сынды бағдарламалармен айналысып отыр.

«Мысалы «7-20-25» ипотекасының 2018 жылы басталып, қаржыландыру мерзімі 5 жыл деп көрсетілгенін ескерсек, Ұлттық Банк 2023 жылдан бастап ол бағдарламадан бас тартпақ. Демек ипотека тек револьверді түрде азаматтардың несие жабуынан қайтатын қаржыға ғана беріліп отыратын болады. Бұл әрине, банктерге лимит қойылып, болашақта жалпы ол ипотека көлемінің қысқарып қалатынынын білдіреді»

Nege.kz есебінше, Ұлттық Банктің экономикаға дендеп еніп кетуі зиянын тигізе бастады. Ол жалпы экономиканың құрылымын бұзып отыр. Бірақ мемлекеттің ол ойыннан Ұлттық Банкті шығарып тастап, керісінше үкіметтің квазисекторын топырлатып кіргізуі мүлде ақылға симайды. Шынымен экономиканың құрылымын қисайтпау үшін мемлекет экономикадан толық шығуы тиіс еді.

Сарапшылар дәл осы идеология президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылымдық реформасына негіз болады деп күткен еді. Бірақ әзірге олай болмай отыр.

Ешқандай құрылымдық реформа жоқ. Сол үшін құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіндегі азаматтардың не істеп отырғаны мүлде түсініксіз.

Тегтер: