7 Желтоқсан 08:36

Өтемұратов пен ForteBank. Акционердің басына түскен іс НЕГЕ банкке әсер етпейді?

Фото:

Өтемұратов құласа, ForteBank құлай ма? Және осы банктің құлдырауы біздің экономикалық ландшафтқа қалай әсер етеді? Nege.kz кезекті рет сарапшыларға қоңырау шалды.

«ForteBank қыстан шыққан көтерем қой сияқты бірінен кейін бірі құлап жатқан ұсақ банктерге ұқсамайды», – дейді Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген сарапшылар. Және «Forte – жүйеқұраушы банк» дегенді айтады. Ол бір мезетте құласа, азаматтарға да, экономикаға да оңай тимесі анық.

«Акционердің проблемасы банкке тікелей кері әсерін тигізеді деп ойламаймын», – деп есептейді қаржы сарапшысы Владислав Туркин. «Банкті «өлтіру» туралы нақты қабылданған саяси шешім болмаса, ешкім ForteВankке зиянын тигізе алмайды».

«Банктің қазіргі портфелі проблемалық емес. Құрылымындағы өтімді активтердің үлесі шамамен 55 процентке тең».

«Бұл елдегі үшінші ірі банк», – деп жазады Ranking.kz сарапшысы Седред Асретов. «Қаржылық тұрақтылығы капиталдың жеткіліктілік нормасынан (k1: 20,5%) және өтімділік нормасынан (k4-1: 4.489) асады». Оның айтуынша, банк өзінің негізгі мақсаты – пайда табуды жақсы жолға қойған.

«2020 жылдың 10 айында банктің тапқан пайдасы 40,8 миллиард теңге болды, ал ROA және ROE тиімділігінің коэффициенттері сәйкесінше, 1,8% және 16,8%-ке жетті. Қазіргі жағдай көбіне саяси сипатқа ие. Оның нарықтық механизмдермен және экономикалық жағдаймен, немесе басқа да объективті себептермен ешқандай байланысы жоқ».

ForteBank бөлімшесі. Фото: Sputnik

«Қысқаша айтқанда, ForteBank – дені сау ағза. Сонымен қатар, мен банктің ақшасы тым көп деп айтар едім, 700H соңғы есептері бойынша Forte активтеріндегі қолма-қол ақшаның үлесі 3,5%-ке жуық», – деп жалғастырады Nege.kz тілдескен тағы бір қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.

«ForteBank таза қазақстандық бизнесті несиелеумен айналысады. Сыртқы тәуекелдері жоқ. Берілген несиелер мен активтердің ара салмағы 2020 жылдың басында 34,2% -дан 2020 жылдың 1 қарашасында 34,6% -ға дейін өсті. Бірақ бұл тәуекелдің шамадан тыс артқанын көрсетпейді. Банк соңғы жылдары тәуекелдерді бағалауда өте консервативті болды және әрқашан қолма-қол ақша қорын сақтап келді».

ForteBankkе қатысты әңгімелер Wall Street Journal Ұлыбритания сотының «БТА Банк» арызы бойынша қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратовтың 5 миллиард долларға бағаланатын активтерін бұғаттағанын жазғалы бері көбейе бастады. Өтемұратовтың активтерін басқаратын «Верный Капитал» компаниялар тобы екі күн бұрын Ұлыбританиядағы сот барысының олигархтың Қазақстандағы бизнесіне әсер етпейтініне сендіріп баққан болатын.

«Біз барлық активтерге иелік ету бойынша шектеу шаралары туралы ағылшын сотының шешімін алдық. Бұл шектеулер Болат Өтемұратов акционері саналатын компаниялардың, оның ішінде банктер, қонақ үйлер, телеком-операторлар, тау-кен өндіру компаниясы мен фаст-фуд мейрамханаларының операциялық қызметіне қатысты емес және ықпал етпейді. Активтерге салынған шектеу меншік иесі қожалық ететін компанияларды басқаруға қатысу құқығын шектемейді және бизнес жүргізуге кедергі келтірмейді. Барлық компаниялар жұмысын штаттық режимде жалғастырады», – делінген «Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспановтың атынан жазылған хатта.

Бірақ «Верный Капиталдың» ForteBankkе тікелей қатысы жоқ екенін айта кету керек. Банк акционерлері реестрінде Өтемұратовтың жеке өзі көрсетілген. Олигарх банктің 87,27 процентіне иелік етеді. Ол шамамен 80,6 миллион дана қарапайым акция.

Болат Өтемұратов. Фото: rureporter.com

ForteBank үшін ендігі соққы депозиттер базасының қашуы болуы мүмкін. Банкке қатысты алыпқашпа әңгімелерді естіген жүйкесі жұқа азаматтардың өз депозитін шеше бастайтынын байқауымыз ғажап емес. Мұндай сценарийді біз ел тарихында бірнеше рет көргенбіз.

Тегтер: