22 Желтоқсан 09:25

Кеңсе құлыптаулы. 2021 жылы компаниялар қызметкерлерін НЕГЕ үйінде қалдыратын болды?

Фото:

Биыл қашықтан жұмыс істеу пандемия салдарынан болған мәжбүрлі үрдіс деп қабылданса, келесі жылы кеңсесіз бизнес Қазақстанның жаңа тренді болуы мүмкін. Қызметкерлері «удаленкада» тиімді жұмыс істеген компаниялар ескі модельге енді оралмайтын болады.

Үкімет сауалнамасынан өткен британ азаматтарының көбісі келесі жылы үйде қалғысы келетінін білдірді деп жазады The Guardian. Вакцинаға қатысты жағымды жаңалықтар шығып жатса да, үйіндегі жайлылыққа үйреніп алған адамды енді кеңсеге шығару оңай болмайын деп тұр. Бұл тұста тіпті көптеген компанияларда тиімді жұмысшысына жайлы кесте ұсынбаса, айрылып қаламыз деген үрей де пайда болды.

Биыл Қазақстандағы іскерлік индексі (PMI) карантиннің алғашқы айларында құласа да, қазір адамдар удаленкада отырған кезде де жақсы өсім көрсетіп отыр. Ұлттық Банк мәліметінше, іскерлік индексі қарашада 53,1 пункт көрсеткен. Демек, «удаленканың» экономикаға зиянды әсері жоқ, керісінше, ірі қалалардың инфрақұрылымына деген жүктемені азайтуда үлкен көмегі бар. Бірақ, тиісінше, интернет инфрақұрылымын күшейтуге деген үлкен сұраныс туғызады.  

«Енді қашықтан жұмыс істеу режимі жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынастың бөлек формасына айналатын болады», – дейді «Қазатомпром» ұлттық компаниясының Адам ресурстарын басқару департаментінің HR сарапшысы Сәуле Истлеева. «Бірақ қашықтан жұмыс істеу басым бағытқа айнала ма? Бұл – өте қызық сұрақ әрі оның жауабы айқын емес».

«Біріншіден, мұнда барлығы компанияның даму деңгейіне байланысты болады. Даму деңгейі дегенде, компанияның технологиялық жағын – процестің архитектурасы, логистика, IT, қауіпсіздік, сапаны бақылау және адами жағын – менеджмент, жауапкершілік, қызметкерлердің рөлі мен құзыреттілігі, олардың тиімділігін бағалау мен корпоративті құндылықтарды айтамын».

«Биыл қашықтан жұмыс істеуге өту жұмыс берушілер үшін мәжбүрлі және кенеттен қолға алынған шара болды. Бұған оның алдында да қашықтан жұмыс істеу моделін қолданып келген кейбір компаниялар дайын болса, басқа компаниялар үшін осы процестерді тез арада жүзеге асыру қажеттілігі туындады», – дейді Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры HR сараптама орталығының жетекшісі Сәния Исмаилова.

Оның айтуынша, бұдан кейін «удаленкаға» үйреніп қалған компаниялар қашықтан жүмыс істеу моделін қолдана беретіні анық. Бизнес-процесстеріне қатысты, өз қызметкерлерінің оффлайн режиміне шығуын қажет ететін ұйымдар да бар.

«Қашықтан жұмыс істеген кезде кейбір компаниялар өз жұмыскерлерінің тиімділігін әртүрлі әдістерді қолдана отырып өлшей бастады. Тіпті кейбір салаларда тиімділік төмендеді деп ойлаймын».

«Қашықтан жұмыс істеу біздің өміріміздің бір бөлігі болады және үйде отырып халықаралық компанияларда қызмет етуге жаңа мүмкіндіктер ашады», - дейді, «WD Partners» бас директоры (СЕО) Ақмарал Найзабекова. Оның ойынша, «удаленка» біздің мамандарға сырттан жұмыс табуға үлкен басымдық береді. Компаниялар үшін де бұл өте тиімді.

«Дәл осы жағдай қазақстандық жұмыс берушілерге де қатысты. Енді қызметкерлер Нұр-Сұлтан мен Алматыда пәтер жалдамай-ақ, өз аудандарында тұрып, ірі ұлттық компанияларда жұмыс істей алады. Сонымен бірге, удаленканың арқасында өз бизнесін немесе екі жұмысты қатар алып жүруге болады. Себебі олардың жолға, ойын-сауыққа және басқа да мақсаттарға жұмсап келген уақыттары қазір босады».

«Пандемия кезінде «Қазатомпром» кеңсе қызметкерлерін қашықтан жұмыс режиміне жіберіп, өндірістік нысандардағы персоналдың шығуын барынша қысқартты. Сонымен қатар, қашықтан жұмыс режиміне көшу қызметкерлер мен олардың отбасылары, бизнес пен акционерлер үшін де еш қиындықсыз жүрді. Бұл компанияның жетілу деңгейінің жоғары екенін көрсетеді», – деп жалғастырады Сәуле Истлеева.

«2020 жылғы карантин көптеген компанияларды басқарудағы соқыр дақтарды анықтады. Осы уақытқа дейін жұмысшылардың удаленкаға кетуіне технологиялық негізде емес, адами тұрғыдан барынша қарсы болған бірқатар мекемелер де бар».

«Көптеген қызметкерлер бұған дейін менеджерлерімен күніне бірнеше рет бетпе-бет кездесіп, араласып жүргендіктен, қашықтан жұмыс істеуге қорықты. Бұл, әсіресе, көп деңгейлі басқару құрылымы бар компанияларда айқын байқалды. Енді жетекші лауазымдарды оңтайландыру мәселесі өздігінен күн тәртібіне шығып отыр».

«2020 жыл процестерді қайта құру тұрғысынан үлкен тәжірибе берді», – деп түйіндейді Сәния Исмаилова. «Осы жылдың ең жақсы әдістері келесі жылы қолданылатыны сөзсіз. Жақсы тәжірибелерді іске асыратын, оның ішінде қызметкерлердің әл-ауқатын қолдау бағдарламаларын жасайтын компаниялар жақсы өседі деп ойлаймын. Ол компанияның жұмыс беруші ретіндегі тиімділігі мен имиджіне жағымды әсер ететін болады».

Ал Сәуле Истлеева қашықтан жұмыс істеу қызметкерден өзін-өзі дамытып, ұйымдастырып, басқаруға деген жаңа құзіретті талап етеді деп есептейді. Ол өзіндік шешімдер іздеу, алдына міндет қойып, оны жүзеге асыруға тікелей жауапкершілік алу.

HR мамандардың ортақ пікірінше, адамдар удаленкаға тез арада кетіп қалса да, олардың қашықтықтан тиімді жұмыс істейтін қызметкерге айналуы үшін біршама уақыт керек. Қазақстан бұл тұста процессті тиімді ұйымдастыру бойынша Орталық Азия кеңістігінде бенчмарк бола алады.

Nege.kz есебінше, 2021 жыл оффлайн мен онлайнның гибридті жылы болмақ. Және келесі жылы пайда болатын шешімдер мен тәжірибелер алдағы он жылдағы отандық компаниялар мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынастың іргетасын қалайды.

Тегтер: