Офис VS «Удаленка». Коронавирус кеткеннен кейін қалай жұмыс істейміз?
Пандемия біткеннен кейін біз кеңсеге қайта ораламыз ба? «Удаленка» біз үшін уақытша режим болды ма? Бизнес үшін қай тәртіп тиімді? Осы сұрақтарға жауап іздеген Nege.kz тілшісі отандық HR мамандармен кездесті.
Кеңсе мен үйдің шекарасы жойылып барады. Ал қаржылық алпауыттар отыратын үлкен салтанатты ғимараттар дәуірі келмеске кетті, деп жазады The Guardian. Forbes-тің ойынша, қашықтан жұмыс істеу жаңа нормаға айналуы мүмкін.
Әлемде нобайы сызыла бастаған осы тенденция Қазақстанға келе ме? «Қазір тиімділік туралы сөз қозғағанда тек әкімшілік шығындарды азайту тұрғысынан ғана айта аламыз. Бірақ шығармашылық немесе жаңа өнімді әзірлеу тұрғысынан тиімділік туралы сөз қозғауға әлі ерте», – дейді Қазақстанның HR-менеджерлер қауымдастығы үйлестіру кеңесінің мүшесі, HR аналитик Сандуғаш Ескендірова.
«Біріншіден, бұл цифрлық мәдениетке қатысты. Ең алдымен қызметкерлер мен басшылардың өздері сандық технологияларға дайын ба, жұмысшылардың қызығушылығын сақтай ала ма, икемді болып қала бере ме, соған байланысты. Мысалы, Ресейде кадрлардың цифрлық эрудициясы өте төмен – тек 19% ғана, басшылардың 38%-ында сандық технологияларды жұмыс процессінде қалай пайдалану бойынша нақты көзқарас жоқ. Осыған байланысты бізде HR-менеджерлер қауымдастығы осы және басқа да өзекті тақырыптар бойынша зерттеу жүргізген болатын. Жеке өзім бұл саладағы жағдай тек IT және қаржы саласында жақсы болады деп ойлаймын».
- Тақырыпқа орай: «Удаленкада» отырғандар НЕГЕ кеңсені сағына бастады?
«Осы жылдың жартысына жуығын қашықтықтан жұмыс істей отырып, біздің көпшілігіміз оның мүмкін екенін, тіпті жұмыстың өз тиімділігін жоғалтпағанын көрдік. Болашақта қашықтан жүмыс істеуге толық ауысамыз ба? Бұл – өте қызық сұрақ. Қазір көріп отырғанымыздай, негізінен Facebook сияқты IT-компаниялар қызметкерлердің өз қалауы бойынша оларға қашықтан тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – дейді Қазақстан HR-менеджерлер қауымдастығының мүшесі, CIPD Associate member Жібек Тоқаева. Оның айтуынша, егер Қазақстанға келсек, біздегі жұмыс берушілер мұндай қадамға дайын емес. Бірақ компаниялар пандемия кезінде сынақтан өткен неғұрлым икемді жұмыс тәсілін ұстануды жоспарлап отыр.
Сонда бұл гибридті режим бе? «Удаленка мен кеңсе форматтарының арақатынасы қандай болуы керек дегенде, оған нақты жауап беру қиын. Себебі әр компанияның өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан оны әр ұжым өзі ғана шешеді. Алайда, менің ойымша, болашақ – гибридті форматта», – дейді Nege.kz тілшісі түсініктеме алған Beeline Қазақстан ішкі коммуникациялар бойынша сарапшысы, Happiness manager Марат Нұрғалиев.
«Қашықтан жұмыс істеудің қандай артықшылықтары бар екені қазірдің өзінде түсінікті. Бұл жұмысшының кеңседе үнемі болуын талап етпейтін, жаңа мүмкіндіктер ұсынатын және кеңсені жалдау құнын төмендететін режим. Сондықтан қазір тіреліп тұрған басты сұрақ – бизнестің тиімділігі, менеджерлердің қазіргі заманғы жабдықтар мен бағдарламаларды қолданған кезде қарамағындағы қызметкерлер мен техниканың мүмкіндігіне сенуге дайын болуы».
«Өз процестерін тез және тиімді түрде қалпына келтіре алған компаниялар көптеген қызметкерлерге пандемиядан кейін де қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік бере алады. Мысалы, қазір Beeline Қазақстан қызметкерлерінің 90% -дан астамы карантиннің әлсіреуіне қарамастан қашықтықтан жұмыс істейді және бұл жағдай 2020 жылдың аяғына дейін жалғаспақ»
«Бұған ықпал еткен бірнеше себеп бар. Біріншіден, біз жұмыс тиімділігін жоғалтпай қашықтықтан жұмыс істеуге болатындығын көрдік», – деп жалғастырады өз ойын Жібек Тоқаева. Екіншіден, жұмысшылардың өздері қашықтағы форматқа және икемді жұмыс уақытына үйреніп қалғандықтан, бұл оларды тұрақты ұстап қалатын қосымша тәсіл болуы мүмкін. Үшіншіден, ұзақ мерзімді перспективада кеңсе аумағын қысқарту арқылы жұмыс беруші өзінің шығындарын азайта алады.
«Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, он адамның төртеуі жұмыс орнына (кеңсеге) қайтып оралғысы келеді. Сондықтан жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында нақты диалогтың болуы маңызды. Барлық тараптың жеке қажеттіліктері ескерілуі керек»
Болашақта елімізде жұмыс тәртібінің қандай жаңа формалары қалыптасуы мүмкін? Марат Нұрғалиевтің айтуынша, алдағы уақытта офис не қашықтан жұмыс істеуін қызметкерді өзі шешеді немесе оларды араластырып пайдаланады. Мысалы, кеңседе екі күн жүріп, үшінші күні қашықтан жұмыс істеуі мүмкін.
«Жеке кестені таңдау еркіндігі жұмыс берушінің басты артықшылығы болатын сияқты. Үміткерлер мұндай ұсыныстарға көбірек назар аударады. Яғни тиімділік бірінші кезекке шығады, ол кеңседе өткізген сағат санымен өлшенбейді, тек нақты нәтижелерге байланысты болады. Сондай-ақ, ірі компаниялар үлкен кеңселерді коворкингтермен алмастыра алатын тенденцияны атап өткен жөн. Қызметкерлер өзара кездескісі келсе, смартфондағы қосымша арқылы коворкингті жалға алып, түрлі жиындар ұйымдастыра алады»
Жалпы біз әлемнің дамыған елдері ауысып жатқан жаңа үлгіге дайынбыз ба? Біздің бастықтар дайын ба? Қатардағы жұмысшылардың өздері ше? Сандуғаш Ескендірованың пікірінше, оған кедергі келтіріп тұрған бірнеше фактор бар.
«Үйдегі еңбек жағдайлары. Біз үйде отырып сабақ оқып жатқан балаларымызбен виртуалды кеңістіктегі орын үшін күресе бастадық. Бұл бізге қолайсыздықтар туғызды», –дейді Сандуғаш. Онымен бірге біздегі цифрлі инфрақұрылымның әлі де нашар екенін ескеру керек. Барлық қызметкерлер ноутбуктармен қамтамасыз етілмеген. Электронды-сандық қолтаңба наурыз айында жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсеткендей азаматтардың тек 18 процентінде ғана болған. Және жалпы интернет байланысының сапасы өте төмен.
«Бастысы, Қазақстандағы менеджметтің әлсіздігі. Оның бар күш-жігері ұйымды стратегиялық мақсаттарға жетелеу емес, қазіргі жедел мәселелерін шешу мен қадағалауға жұмсалып келеді. Бұл қызметкерлердің 90%-ының бейімделгіштігі төмен және әр қадамына басшылықтан рұқсат сұрауы қажет екенін көрсетеді»
Сандуғаш Ескендірованың айтуынша, созылмалы пандемия бәрібір бізді білім алуға, күшеюге мәжбүрлейді. Сондықтан біз аталған проблемалармен күресе отырып шынымен де тиімді әрі бәсекеге қабілетті бола аламыз. Демек, әлемнің кез келген нүктесінде отырып жұмыс істей аламыз. Болашақта кеңсеге бару қажеттілік емес, тек жайлылықтың атрибутына айналады.
Nege.kz есебінше, пандемия біткеннен кейін қазір «удаленкада» отырған қызметкерлердің кем дегенде 30 проценті сол қалпы үйінде қалуы мүмкін. Бірақ гибридті режимнің болашағы зор. Аптасына 2-3 күн кеңсеге барған жұмысшы, қалған екі күнін қашықтан жұмыс істесе, ол психологиялық тұрғыдан жағдайына қанағаттана түседі. Бұл жаңа режим оның жұмыс істеу өнімділігі мен тиімділігіне тікелей әсер етпек.