14 Ақпан 08:40
...

«Нұр» дәуірінің аяқталуы. «Нұрбанк» мәселесі НЕГЕ алаңдатады?

Фото:

«Нұрбанк» өзі таратқан 80 миллиард теңгедей кредитін қайтара алмай отыр. 2021 жылды шағын табыспен аяқтаған банк, биыл ҚНРДА пруденциалды нормалары өзгерсе, қайтадан шығынға батуы мүмкін.

Эльдар Сәрсенов «J.P. Finance Group» арқылы бақылайтын «Нұрбанк»-тің тәуекелі бойынша үшінші деңгейге жатқызылатын, былайша айтқанда, проблемалық кредиттерінің көлемі 81 миллиард теңгеге жетіп отыр. Пруденциалды нормалар бойынша оның жартысына пара-пар қаржыны, яғни 40 миллиард теңгені банк резерв ретінде ұстап отыруы тиіс. Бұдан былай мемлекеттің банктерге көмектеспейтінін ескерсек, биыл «Нұрбанк» үшін жағымсыз сигналдардың көбейгенін байқаймыз.

«Нұрбанк» АҚ қаржылық жағдай бойынша шоғырланбаған есебі

Әзірге «Нұрбанк» аудиттелмеген есебі бойынша 2021 жылды 2,3 миллиард теңге таза табыспен аяқтады. 2020 жылғы 30 миллиард теңге шығынмен салыстырғанда, қандай да болсын кірістің түсуі акционерлердің көңілін бір демеген сияқты.

Бірақ мұндай қуаныш ұзаққа созылмауы мүмкін. Банктің қайтарымсыз кредиттері 260 миллиард теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде 80 миллиард теңгесі нақты проблемалық деп есептеледі. 27,5 миллиард теңгенің кредиттері тәуекелдің екінші деңгейіне жатқызылды. Олар да артынан проблемалық несие ретінде танылуы ғажап емес.

«Нұрбанк» АҚ қаржылық жағдай бойынша шоғырланбаған есебі

Халықтың «Нұрбанкке» салған депозиттері мен есепшоттарындағы қаржы сомасы 150 миллиард теңге. Ал заңды тұлғалардың банкте жатқан қаржысы 190 миллиард теңге көлемінде. Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік компаниялар «Нұрбанкте» көп ақша ұстамайтынын көріп отырмыз. «Даму» қорының 7 миллиард теңгесі, Қазақстанның даму банкінің 3 миллиард теңгесі ғана жатыр.

Алда-жалда, қиындықтар туа қалса, мемлекетке «Нұрбанкті» құтқарудан гөрі жаба салу тиімді. Мұндай кезде, халықтың депозитін «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» өтейтіні анық. Ал мемлекет банктегі өз қаржысын бірінші кезекте өндіріп алатыны айтпаса да түсінікті.

Бірақ бұдан банкте есепшот ұстап отырған ортақол компаниялар зардап шегетін болады.

Тегтер: