24 Сәуір 16:30

ҚУЛЫҒЫ мен ҚҰПИЯСЫ бітпейтін ERG. Машкевичтің жаңа схемасы ТОҚАЕВТЫҢ қолын НЕГЕ байлауы мүмкін?

Фото:

ERG корпорациясының Қазақстандағы компаниялары инвестиция салу үшін мемлекеттен 8 жыл бойы салық режимін өзгертпеуді сұрап отыр. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім бойынша қоғамдық талқылаулар аяқталды.

Енді Машкевичке оған қол қоюға ешкім кедергі болмайды. Дәл осы кезде ERG түрлі сылтаулар айтып, өзінің қаржылық есебін жұртшылықтан жасырып келеді. Мұндай құпияның сыры неде?

Бір жағынан алғанда, «ERG S.a.r.l.» трансұлттық холдингінің ең ірі акционері – Қазақстан Үкіметі. Біздің мемлекетке акциялардың 40 пайызы тиесілі. Бірақ, де-факто холдингке олигархтардың Еуразиялық үштігі иелік етеді. Себебі, акциялардың қалған 20,7% үлесі олигарх Александр МАШКЕВИЧТІҢ, 20,7%-ы Мұқадасқан ИБРАГИМОВАНЫҢ (Алиджан Ибрагимовтың жесірі – ред.), 18,6%-ы Патох ШОДИЕВТІҢ үлесінде. Сонда Еуразиялық үштіктің қолында 60% акция бар. Демек, Қазақстан Үкіметімен жасасқан келісімнің негізгі бенефициары да осы Еуразиялық үштік екенін ұмытпау керек.

Қазақстан Үкіметі өзі 40 пайыз акциясын ұстап отырған «ERG S.a.r.l.» холдингінің Қазақстандағы бағынышты компанияларымен қандай келісімге келді? «Қазақстан аллюминийі», «Қазхром», «Качары кені», «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің» әрқайсысы 8 жылдың ішінде өз өндірістеріне 259 миллиард теңгеден құюы тиіс. Егер осы инвестиция сол компаниялар табатын таза табыстың есебінен алынатынын есептесек, Машкевич бастаған Еуразиялық үштік екі жеп биге шығайын деп тұр.

Ол қалай? Холдинг табысының 40 пайызы мемлекетке тиесілі. Енді ол табыс осы келісімге отырған компаниялардың өндірістік линияларын жаңғыртуға жұмсалады. Сонда Машкевич Қазақстанға тиісті дивидендтер есебінен өз зауыттарын жаңартып алады да, 8 жыл бойы Қазақстандағы салық заңнамасын өзі үшін өзгермейтіндей қылып бекітеді. Демек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «кезінде инвесторлар өздеріне жасап алған әділетсіз шарттарды қайта қараймыз» деген қадамы Машкевичтерді айналып өтпек. Егер Қазақстанның өзі акционер болмағанда мұндай келісімнің реті бар деп айтуға болатын еді. Ал қазіргі жағдайда олигархтардың еуразиялық үштігі өздері жасауы тиіс жұмысқа мемлекетіміздің өзін жегіп қойған. Браво! Машкевичтің кезекті әккі схемасын мойындамасқа лаж жоқ.

Мысалы, 8 жылда 4 кәсіпорын жалпы алғанда 1 триллион теңге инвестиция құюы тиіс. 2021 жылы Қазхром 435,2 миллиард теңге, Соколов-Сарыбай бірлестігі 355,7 миллиард теңге, Қазақстан аллюминийі 30,9 миллиард теңге, Качары 29,9 миллиард теңге таза кіріс әкелді. 2022 жылдың аудиттелген есептері әлі шықпады, бірақ өткен жылғы табыстары да аз болмауы тиіс. 2021 жылы осы төрт кәсіпорын 851,7 миллиард теңге таза пайда әкелгенін ескерсек, оларға 8 жылда 1 триллион теңге инвестиция деген сөз емес. Және сол 1 триллионның 400 миллиард теңгесі Қазақстан есебінен төленетін болады.  

NEGE біраз уақыттан бері ERG холдингінің жариялануы тиіс аудиттелген қаржылық есебін таппай келеді. Себебі, ол сөз жүзінде бар, іс жүзінде жоқ. ERG корпоративті байланыстар департаменті басшысы Фатима ҚОСАЕВА бізге кезекті рет фейсбукта қайтарған жауабында Люксембургтың бизнес регистріне сілтеді. Біз үйренгендей, сілтеме бос болып шықты.

Фатима Қосаева берген сілтемемен қайта-қайта кірдік. Бірақ ештеңе таппадық.

Алдымен бос бет шықса, артынан регистрдің басқа бетіне шығарып жіберді. ERG деп тердік, бөлімдерді ақтардық, ештеңе жоқ. Егер сіздер таба аламын десеңіздер, сілтемесі міне, мархабат https://www.lbr.lu/.../jsp/IndexActionNotSecured.action...

ERG холдингінің қаржылық есептерін неге өз сайтына жүктемейтінін түсіне алмадық. Бізде мемлекеттің үлесі бар кез-келген компания өз сайтына қаржылық есебін жариялап отырады. Онда тұрған еш проблема жоқ. Тек ERG ғана қашып-пұшып, жұмбақтап сөйлеп, жасырынбақ ойнағанға әуес. Холдинг Қазақстан мен Люксембургтағы сайттарына тұрақты даму есебінен басқа ешқандай құжат шығармайтын болған. Бұл да кезекті қулық болса керек.

Қазір ERG трендтен қалмайын деп, өзін ESG қағидаттарын ұстанатын компания ретінде көрсетуге талпына бастады.

Бірақ ол қағидаттардың негізгі постулаттары адал жұмыс пен компанияның ашықтығынан тұратынын ескерсек, ERG мен ESG арасы жер мен көктей деп айтуға болады.  

Тегтер: