15 Сәуір 10:32

Келіншектерге кеңес: Декретке қалай миллионмен шығуға болады?

Фото:

Декреттік демалысқа миллионмен шығуға болады. Оның бірнеше тиімді тәсілі бар. Жүктілікті жоспарлап жүрген болсаңыз, дәл осы жолмен өзіңіздің декреттік төлемдеріңізді көбейтуге мүмкіндік бар. 

Бұл жөнінде ақыл-кеңес беріп жүрген сарапшы Гүлнұр Нұрланқызы Шолпанқұлдың  кеңесіне құлақ түріп көрелік.

Декреттік төлемдер деп – босануға дейінгі, босанудан кейінгі және бір жасқа дейінгі жәрдемақыны айтады. Босанудан кейінгі пұл немесе сүйінші пұл деп аталатын баланың тууына байланысты берілетін жәрдемақы тұрақты болып келеді. Осы жерде жұмыс істейтін әйелдер босануға дейінгі жәрдемақыны не себепті алатынын түсіндіріп кеткен жөн.

Гүлнұр Нұрланқызы

Оның себебі, сіз үшін жұмыс берушіңіз әлеуметтік сақтандыру қорына аударым жасайды. Яғни әлеуметтік сақтандыру қорына ақша төленеді. Қарапайым тілмен айтқанда, сіз көлігіңізді сақтандырасыз, сәйкесінше, көлігіңіз апатқа ұшырайтын болса, сақтандыру компаниясы өтемақы қайтарады.

Дәл сол сияқты жұмыс істеу кезінде әлеуметтік сақтандыру қорына ақша төлеп отырсаңыз, жұмысқа қабілетсіз болған кезде сізге сақтандыру қоры ақша төлейді. 7 айдан кейін жұмыс істеу сіздің және балаңыздың өміріне қауіпті болғандықтан, сақтандыру қоры ақша бөледі. Сондықтан, босануға дейінгі жәрдемақы зейнетақыдан есептеледі екен деп шатаспаған жөн. Босануға дейінгі жәрдемақы әлеуметтік сақтандыру қорынан есептеледі. Сонымен…

Әлеуметтік төлемді қалай көбейтуге болады?

Мүлдем жұмыс істемей отырсаңыз, әлеуметтік төлем жүргізуге бола ма? Мысалы, зейнетақы қорына жеке тұлғалар өз атынан төлем жүргізе алады. Ал әлеуметтік төлемдерді олай төлеу мүмкін емес.

Әлеуметтік төлемді сіз үшін жұмыс беруші төлейді немесе жеке кәсіпкер ғана өз-өзіне төлей алады. Сондықтан сіз жұмыс істемей, үйде отырған болсаңыз, жеке кәсіп ашу арқылы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу арқылы ғана әлеуметтік төлемдерді жасай аласыз.

Егер сіз белгілі бір жерде жұмыс істеп, айлығыңыз белгілі бір межеге жетпесе, жеке кәсіпті тіркеу арқылы қалған жетіспей тұрған соманы толықтыруыңызға болады. Қазақстанда әлеуметтік сақтандырудың жоғарғы сомасы 7 АЕК. Ал төменгі айлық көрсеткіші – 42 500 теңге.

Сонда декретке төленетін жоғары табыс 297 500 теңгеден есептеледі. Сіз осы соманың 3,5%-ын әлеуметтік сақтандыру қорына аударасыз. Яғни ол 10 413 теңге болады.

Босанғанға дейін жәрдемақыны миллионға жеткізу үшін сіздің соңғы 12 айдағы ай сайынғы табысыңыз 280 мыңнан кем болмауы керек.

Сіз жұмыс істемейсіз делік, бірақ үйде отырып торт пісіресіз немесе интернетте отырып киім сатасыз. Яғни, сіздің осы уақытқа дейін тастамай айналысып келе жатқан кәсібіңіз бар. Бірақ сіз оны осы уақытқа дейін заңдастырмадыңыз. Көбісі салықтан қашады, оны артық шығын деп есептейді. Сөйтіп, тіркеуден бас тартады.

Бұл жерде үлкен құпияның бетін ашқан жөн. Егер оны тіркететін болсаңыз, үлкен олжаға кенелесіз. Жеке кәсіпкер ретінде (ИП) тіркеліп, өзіңізге әлеуметтік төлем мен зейнетақы аударасыз. Оны сіз кейін осылай декреттік демалысқа шыққан кезде босануға дейінгі жәрдемақы арқылы өзіңізге қайтарып аласыз. Сондықтанда ең бірінші қадам – өзіңізді жеке кәсіпкер (ИП) ретінде тіркеу.

ИП тіркеген кезде салық режимін таңдайсыз. Олар: жалпыға бірдей салық режимі, оңайлатылған салық режимі, патент.

Бұлардың барлығымен де декретке шығуға болады. Бірақ салық төлеуде айырмашылықтары бар. Солардың ішінде өзіңізге ыңғайлысын таңдап аласыз.

Егер сіз босанып алсаңыз немесе жүктіліктің 3 айынан ассаңыз, сіз ИП ашуға кеш қалдыңыз. Салған ақшаңызды ақтай алмай қаласыз. Сол себепті мұны бір жыл бұрын ойластырған дұрыс. Немесе кемі 6 ай бұрын ретке келтіре бастау керек. Егер кешігіп қалған болсаңыз, жүкті екеніңізді білген сәттен бастап 5 ай салсаңыз, 460 мың теңге алатын мүмкіндік бар.

Қанша төлейміз?

Табыс – 297 мың. Бұл – шамамен орташа көрсеткіш. Патенттің сауда емес түрінен 1% табыс салығы төленеді. Патент 1% (табыс салығы) – 2 970 теңге. Зейнетақы қоры 10% – 29 700 теңге. Әлеуметтік төлем 3,5 % – 10 395 теңге. Бастапқыда сіз осы 3 төлемді ғана төлейсіз.

Ал егер оңайлатылған салық режимі болса, айырмашылық тек қана табыс салығында болады. Табыс салығы 1,5%-ға тең. Және табыс салығы – 4 455 теңге. Ал қалған төлемдер дәл сол қалпында қалады. Патент болса, төлемдер ай сайын жіберіліп отырады, ал оңайлатылған салық режимінде алты айда бір рет төлем жасайсыз.

Келесі қадам:

Жүктіліктің 7-айы болған кезде гинеколог-дәрігер еңбекке жарамсыздық парағын береді. Алдын ала есепке тұрған кезде мынаны ескеріңіз: өзіңізде ИП барын және еңбекке жарамсыздық парағы керек екенін ескертесіз.

Еңбекке жарамсыздық парағын қолға алғаннан кейін, егер сізде ИП болса, екінші бетін өзіңіз толтырасыз. Мөр қою міндетті емес. Халыққа қызмет көрсету орталығына апаратын негізгі анықтамалардан бөлек, ИП-ны растайтын құжаттардың тізімі қажет. Олар:

1. ИП-ның ашылғанын растайтын құжат.

2. Жеке есеп-шот бойынша көшірме.

3. Салық есебі (оңайлатылған – №910 форма, патент – №911форма).

4. Хабарлама (салық есебінің тапсырылғанын растайтын құжат).

Міндетті түрде осы 4 құжатты өткізесіз. Оларды өткізгеннен кейін, екі аптаның ішінде «расталды, босанғанға дейінгі осындай көлемде жәрдемақы аласыз» деген хабарлама келеді. Егер келмесе, қандай да бір қателік жібергеніңізге байланысты қайта қарауға тапсырылады. Ондай жағдай болып жатса, уайымдаудың қажеті жоқ.

Құжаттарыңыз реттеліп, қалпына келтірілгеннен кейін міндетті түрде жәрдемақы қолыңызға тиеді. Босанғанға дейінгі жәрдемақыны бала 1 жасқа келгенге дейін алуыңызға болады. Сол себепті уайымдаудың қажеті жоқ. Қажет болмаса, ИП-ны тоқтатуға немесе жауып тастауға болады.

Қалай есептеледі?

Төмендегі формула арқылы өзіңіздің қанша теңге жәрдемақы алатыныңызды есептеуге болады.

Соңғы 12 айдағы айлықтың барлығын қосасыз, сосын оны 12-ге бөлесіз. Немесе оны орташа айлық деп атауға болады. Бұл жерде ең маңыздысы – әлеуметтік төлем. Орташа айлықты есептеп тапқан соң, оны 4,2-ге көбейтесіз.

Ескертетін жайт, босанғанға дейін берілетін жәрдемақының 10%-ын мемлекет зейнетақы қорына алып қалады. Міне, осыдан кейін шығатын соманы қолыңызға аласыз.

Босануға дейінгі жәрдемақыны есептеу формуласы: соңғы 12 айдың табысы/12*4,2 – 10%

ИП өзіңіздің атыңызға патент режимімен ашылған және әлеуметтік төлем 297 мыңнан түсіп жатыр деген есеппен:

– 3 ай салсаңыз: босанғанға дейінгі жәрдемақы 280 665 тг. Шығын: 129 060 тг.

– 4 ай салсаңыз: босанғанға дейінгі жәрдемақы 374 220 тг. Шығын: 172 080 тг.

– 5 ай салсаңыз: босанғанға дейінгі жәрдемақы 467 775 тг. Шығын: 215 100 тг.

– 6 ай салсаңыз: босанғанға дейінгі жәрдемақы 561 330 тг. Шығын: 258 120 тг.

– 7 ай салсаңыз: босанғанға дейінгі жәрдемақы 654 885 тг. Шығын: 301 140 тг.

– 8 ай салсаңыз: босанғанға дейінгі жәрдемақы 748 440 тг. Шығын: 344 160 тг.

– 9 ай салсаңыз: босанғанға дейінгі жәрдемақы 841 995 тг. Шығын: 387 180 тг.

– 10 ай салсаңыз: босанғанға дейінгі жәрдемақы 935 550 тг. Шығын: 430 200 тг.

– 11 ай салсаңыз: босанғанға дейінгі жәрдемақы 1 029 105 тг. Шығын: 473 220 тг.

Формулада 1 жасқа дейінгі балаларға төленетін жәрдемақыны есептеуге болады. Бұл жерде соңғы 24 ай есептеледі. Орташа айлықтың сомасы анықталғаннан кейін осыны 0,4-ке көбейтеміз.

Есептеу өте оңай. Негізі, барлығын алдын-ала жоспарлаған дұрыс. Бәрін нақты есептеп, жоспарға сәйкес жүргізсеңіз, миллионға дейін жәрдемақы алуға мүмкіндік бар. Мысалы 12 айдағы айлық табысыңыз 280 мыңнан кем болмаса, 1 миллионнан аса жәрдемақы беріледі.

ЕСП-мен декретке шығу жолдары

Декретке шығып жатқан ай сіздің босанғанға дейінгі (до родовой) ақшаңызға есептелмесе де, ол айға ЕСП төлену керек! Себебі, Салық кодексінің 774-бабында ЕСП төлеуші ретінде төленген күннен бастап, сол айдың соңғы күніне дейін танылады деп көрсетілген. Яғни, сіз соңғы рет ақпанның 3-інде төлесеңіз, сіз тек 28 ақпанға дейін ғана ЕСП төлеушісі деп саналасыз. Наурыз айына төлем болмаса, наурыз айында декретке шығып, жарамсыздық парағын (больничный лист) өткізе алмайсыз деген сөз. Соңғы айға төлем болмаса, жұмыстан шығып кеткенмен бірдей. Сондықтан жұмысқа жарамсыздық парағын алмай тұрып, бірінші сол айға төлем жасап алыңыз.

Тегтер: