Маңдайына «лох» деп жазылған. «KEGOC» НЕГЕ әлі күнге дейін сорлап келеді?

«Ескі Қазақстанның» кезіндегі ақылға сыймайтын шешімдерінен қазір көптеген ұлттық компаниялар зардап шегуде. Мысалы, KEGOC ұлттық компаниясы 2017 жылы Үкіметтің пәрменімен мүлде өзіне қатысы жоқ іспен – олигарх Владимир Ким сатып алып жатқан «RBK» банкін құтқаруға көмектескен.
Осының ақыры сотқа келіп тірелді. KEGOC 2024 жылы өзінің банкке көрсеткен көмегін қайтарып алу үшін «Қазақмыс» корпорациясымен соттасып, әрең дегенде 411 миллион теңгесін қайтарып алды. Одан өзге, кезінде ұлттық компания өзінің ақшасын депозит ретінде салып көмектескен «Эксимбанк», «DeltaBank», «Казинвестбанк» сынды банкрот болып жабылған қаржы ұйымдарынан бірнеше миллиард теңгесін қайтара алмай отыр.

2017 жылы Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес, «KEGOC» тобы ұлттық компаниясы «DSFK арнайы қаржы компаниясы» ЖШС-ның облигацияларын сатып алды. Ол «RBK» банкте жатқан депозитті беру есебінен жасалған еді. Сол уақытта ұлттық компанияның RBK-да 1,5 миллиард теңге депозиті жатты. Қаржының қайтуына «Қазақмыс» корпорациясы 411 миллион теңге көлемінде кепілдік берді.
-
-
Тақырыпқа орай: «KEGOC» амортизациясы. Ұлттық компания НЕГЕ шығынға батып кетті?
-
Бірақ келісілген 5 жыл өткеннен кейін де Владимир Кимнің иелігіндегі «Қазақмыс» кепілдікті беруге асықпаған. KEGOC жарты миллиард теңге соманы тек сот арқылы өндіріп алуға мәжбүр болды. Ал қалған бір миллиард теңгенің қашан қайтатыны белгісіз.

Одан бөлек, кезінде Үкімет ұлттық компанияны түрлі тәуекелі жоғары банктерде қаржы ұстауға міндеттеп келді. Нәтижесінде олар жабылып, банкрот болып, мемлекеттік кәсіпорын ақша жоғалтты. Қазір KEGOC «Эксимбанк»-тен 1,6 миллиард теңге, «DeltaBank»-тен 1,2 миллиард теңге, «Казинвестбанк»-тен 1,18 миллиард теңге өндіре ала алмай отыр. 2024 жылы «Казинвестбанктің» ликвидациялық комиссиясы 35,1 мың доллар мен 179 мың теңге ғана қайтара алды. Ал DeltaBank мүлде қарызын төлеуді қойған.
Банктерге жем болса да, 2024 жыл KEGOC үшін жаман болмады. Ұлттық компанияның таза кірісі 59,5 миллиард теңгеге жетті. Ортақ түсім 320 миллиард теңге болды.
Алдағы уақытта компания мемлекетке және миноритарлы акционерлеріне дивиденд төлей бастауы тиіс.