Ұлттық қордан балаларға 11,5 млн доллар түскен

Алматы, NEGE. Бұл соманың көбі екі бағытқа бөлінген:
- 6,7 млн доллар – баспана жағдайын жақсартуға
- 4,8 млн доллар – оқу ақысын төлеуге
Азаматтар өз жинақтарының бір бөлігін ғана пайдалана алады, пайдаланылмаған сома нысаналы жинақ шотында (НЖШ) сақталып тұрады.
Көп адам ақшасын «Отбасы банктегі» шотқа салып, кейін үй алу үшін жинауды жалғастырған – бұл мақсатқа 6,55 млн доллар жұмсалып, 55 мыңнан астам өтініш мақұлданған.
Сонымен қатар кейбіреулер бұл ақшаны ипотеканың алғашқы жарнасын төлеуге және үйді біржола сатып алуға қолданған.
Ең көп өтініш – Қазақстандағы оқу орындарында оқуға төлем жасау үшін келген. Бұл мақсатқа 4,24 млн доллар бөлінген.
Бұдан бөлек, кейбір ата-аналар білім беру депозитін толтыруға, ал кейбірі шетелде оқу ақысын төлеуге де пайдаланып отыр.
Бұл бағдарлама бойынша 2006 жылдан кейін туған Қазақстан азаматтарының арнайы есепшотына жыл сайын ақша түсіп отырады. 2023 жылы – 100,52 доллар, 2024 жылы – 129,38 доллар есептелді. Ал алғаш ақша түскен балаларға биыл қосымша 3 доллар аударылған.
Мысалы, 2006 жылы туған баланың шотында қазір 100 доллардай, ал 2007 жылы туған баланың шотында 230 доллардан аса қаражат бар.
18 жасқа толған азаматтар:
- БЖЗҚ сайтына немесе eGov порталына кіріп,
- НЖШ шотындағы ақшасын қарап,
- АҚШ долларында банк шоты ашып,
- Баспанаға немесе оқуға төлеу үшін онлайн өтініш бере алады.