Салықтан барынша үнемдепті. Рахымбаев НЕГЕ 50 млрд теңгені қалтасына баспақ?

«BI Development Ltd» компаниясы Қазақстан қор биржасында листингтелгендіктен, 2024 жылғы аудиттелген есебін жариялауға мәжбүр болды. Бұл – шоғырланған жалпы есеп, онда «BI Group» холдингі бойынша жалпы көрсеткіштер берілген. Бұл жолы олигарх Айдын Рахымбаевтың компаниясы 154 миллиард теңгеден асатын рекордты выручкаға қол жеткізіп отыр.
BI Group компаниясының таза кірісі – 75,8 миллиард теңге. Бұл да рекорд. 2023 жылы құрылыс холдингінің таза пайдасы 64 миллиард теңге шамасында болған еді. Былтыр осы 64 миллиард теңге кірістің 33 миллиард теңгесін Айдын Рахымбаев өзіне дивиденд ретінде аудартқан болатын. Холдинг балансындағы үлестірілмеген кірісті ескере отырып, оған қоса 2024 жылғы кірістің 75 миллиард теңгеден асқанын есепке алсақ, биыл жазда Айдын Рахымбаев тағы да кемінде 50 миллиард теңгені өзіне дивиденд ретінде алады деп болжаймыз.

«BI Group» холдингінің негізгі табысы тұрғын үйді салып, сатудан келді. Тұрғын үй бағытынан холдинг 518,2 миллиард теңге выручка шығара алса, коммерциялық жылжымайтын мүлікті сатудан 59,6 миллиард теңге түсім түскен.
Бірақ Айдын Рахымбаевтың компаниясы топырлатып қарыз алып жатыр. 2023 жылы BI Group қарызы 29 миллиард теңгеге бағаланса, былтыр борыш сомасы 90 миллиард теңгеден асып кеткен. Ол биржада тіркелген «BI Development Ltd» фирмасының жалпы сомасы 46,3 миллиард теңгеге облигациялар шығарумен байланысты. Оның ішінде 29 миллиард теңгеге және 25 миллион АҚШ долларына бір жылдық облигациялар орналастырылды.

«BI Group» холдингіне қатысты соңғы әңгімелердің барлығы салық бойынша жүрді. Жалпы 2021 жылдан бері Мемлекеттік кірістер комитеті осы құрылыс компаниясын жіті бақылауда ұстап келеді. Себебі компаниялар тобындағы выручка үлкен болса да, төлейтін салықтары мардымсыз.
Сондықтан, құрылыс холдингінің арнайы салық режимдерін қолданатын шағын нысандар арқылы оптимизация жасап, корпоративті табыс салығынан жалтаратыны Үкімет отырысында да айтылып, Премьер-министр қатаң ескерту жасады. Биылғы наурыз айында Мемлекеттік кірістер комитеті қосымша есептелген салықтың 17 миллиард теңгесі төленгенін хабарлады. Оның ішінен, біздің есебімізше BI Group 11 миллиард теңге төлеген.

Шоғырланған қаржылық есепте құрылыс холдингінің 2024 жылы 15,9 миллиард теңге корпоративті табыс салығын, 103 миллион теңге қосымша құн салығын төлегені бойынша мәлімет бар. Осыған қосымша төленген 11 миллиард теңгені қоссақ, салық ретінде Рахымбаев тарапынан бюджетке шамамен 27 миллиард теңге түсуі тиіс.
Бірақ, BI Group холдингіндегі кейбір компаниялар түрлі еркін экономикалық аймақтарға, Астана халықаралық қаржы орталығына тіркелу арқылы салық төлемеуін жалғастырып келеді. Соның есебінен BI Group әу баста 18,36 миллиард теңге деп есептелген салықтан 2,4 миллиард теңге үнемдеп, бюджетке тек 15,9 миллиард теңге аударды.