9 Шілде 15:35
...

Ішкі нарық және экспорт. НЕГЕ бізге экспортты ұмытуға болмайды?

Фото:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлардың бас қосуында экспорттық кредиттерді субсидиялау бойынша ұсыныс білдіргелі бері оған мүмкіндік беретін қадағалаушы нормаларды бір ізге түсіру жұмыстары басталды. Жалпы біз экспортты дамыту үшін не істеп отырмыз? Nege.kz осы тақырыпты саралап көрген еді.

Шикізат экспорты Қазақстанда жақсы дамыған. Бірақ әлем үшін ол экспорттық әлеуеттің көрсеткіші емес. Қосымша құны жоғары дайын тауарлар, өнімдер шығару – нағыз экспорт деп осыны атайды. Дәл осы бағытта бізде әлі көп мәселе шешілмеген.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2020 жылы Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 85 миллиард АҚШ долларын көрсеткен. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 13 пайызға төмен. Әрине, оған себеп ретінде пандемияны, контейнерлер тапшылығын, сұраныстың қысқаруын айтуға болады. Бірақ биыл осы жоғалтқанымызды еселеп қайтаруымыз қажет.

Фото: Ақорда

«Қазақстанның шикізаттық емес тауарларының экспорты 2,8 пайызға төмендеп, 15 миллиард долларды құрады», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. «Коронакризис уақытында біз шетелден 18 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарта алдық».

«Былтыр шетелдік компаниялардың қатысуымен жалпы құны 1,6 миллиард доллар болатын 41 инвестициялық жоба іске асырылды. 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемдік экономиканың қайта қалпына келуіне орай Қазақстан да экономикалық өсімнің қарқынын үдетеді. Үкіметтің болжамы бойынша 3,5 пайызға дейін өсім болуы керек, біз одан да жоғары көрсеткіш күтеміз»

Еліміздің даму стратегиясында экспорттың алар орны ерекше. Қазір еліміздің өңдеу өнеркәсібінің қосымша экспорттық әлеуеті 10 миллиард долларға, ал қызмет көрсету саласындағы экспорттық әлеуеті де 10 миллиард долларға бағаланады. Орта мерзімді мақсат бойынша шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемін 2025 жылы 41 миллиард долларға дейін арттыруымыз қажет.

«Экспортты қолдау үшін 1,2 миллиард долларға жуық қаржы бөлінді. Сонымен қатар тауар экспорттаушыларды қолдау жүйесін жақсартуға байланысты ұсыныстарыңызды естігім келеді», – деген болатын, өз сөзінде Мемлекет басшысы.

Осыған орай Азия даму банкі экспортты қолдау архитектурасын реформалауға қатысты ұсыныс білдіріп отыр. Ұсыныс цифрлық трансформация, яғни шағын және орта бизнес үшін сауда шығындарын қысқартуға қатысты. Ал «General Electric», «Марубени», PWC компаниялары мен Дүниежүзілік банк көлік-логистикалық қызметтердің, әсіресе, «Қорғас» халықаралық орталығы қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыруды сұрап отыр.

Фото: smkz.kz

Президент бұл ұсынысқа назар аударып, Үкіметке Қорғаста контейнерлер қозғалысының нақты орналасқан жері, жол жүру уақыты, кідіру себептері көрсетілген өтпелі трекинг енгізуді тапсырды. Осы ақпараттық жүйе Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да көршілеріміздің арасында құрылатын барлық еркін сауда орталықтарында қызмет етуі тиіс.

Сонымен бірге, Ақорда әлемде кең қолданылатын экспорттық несиелерді субсидиялау тетігінің Қазақстанда әлі де қолға алынбай отырғанына назар аударып отыр. Мемлекет басшысының пікірінше, ақшаның тауар экспорттаушыларға ешқандай кедергісіз, жедел жетуі және ақылмен, есеппен жұмсалуы аса маңызды.

«Былтыр Қазақстан алғаш рет 100-ге жуық отандық тауар экспорттаушыны Alibaba халықаралық электронды платформасына шығарды. 4 мыңнан астам қазақстандық тауар түрлерін әлемдік нарыққа шығару мүмкін болды. Шекаралар жабық болған кезде экспорттар легін жабылып қалған дәстүрлі бағыттардан жаңа нарықтарға шығаруға бағыттай алдық»

Осыған орай, енді экспорттық кредиттерді субсидиялау қолға алынбақ. Бұл жұмысты экспортты қаржылық қолдаудың бірыңғай операторы «KazakhExport» ұлттық компаниясы іске асыратын болады. Ең бастысы, экспорттаушылар тез және артық бюрократиясыз қолдау алуы тиіс.

«Қазір көптеген қазақстандық компаниялар Өзбекстанда бизнес жүргізуге белсенді түрде тырысуда және біздің экспорттаушылардың, айталық, ҚХР, Түркия, Ресей немесе Еуропаның бәсекелестері өзбек нарығында бір-бірімен бетпе-бет келіп, өздерінің мемлекеттік институттарының қолдау құралдарын белсенді пайдалануда», –дейді Курсивке берген сұхбатында «KazakhExport» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Руслан Искаков.

Оның айтуынша, сыртқы нарықта табысты бәсекеге түсу үшін сапалы тауар немесе қызмет қана емес, сонымен бірге қаржылық қолдау шешуші рөл ойнайды.

«Біздің міндетіміз, қысқаша сипаттайтын болсақ, отандық экспорттаушыларға экспорттық циклдің әрбір кезеңінде қаржылық қолдау көрсету. Қазақстанда таза түрде эксимбанк жоқ, сондықтан экспорттық-кредиттік агенттік ретінде функцияларды ішінара біріктіруімізге және біздің серіктестерімізді – даму институттары мен екінші деңгейлі банктерді экспорттық операцияларды қаржыландыруға тартуға тура келеді.

Экспорттық операцияның өтуі үшін Қазақстаннан тыс жерлерге шығу кезінде экспортқа бағдарланған өндіріс құру немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды қайта жарақтандыру үшін қаржыландыру – инвестициялар әрдайым қажет: шикізатты сатып алу үшін айналым капиталы қажет, халықаралық келісімшарттар бойынша кепілдіктер шығару үшін банкте қаржыландыру лимиттері қажет, машина жасау өнімін немесе инжинирингтік компаниялардың қызметтерін экспорттау үшін шетелдік сатып алушыға немесе тапсырыс берушіге де ақша қажет, оның ішінде «ұзын» қаржы қажет, тіпті халық тұтынатын тауарларды немесе азық-түлік өнімдерін жеткізу кезінде импорттаушылар төлемді кейінге қалдыруды сұрайды. Ал ол үшін айналым капиталы керек», – дейді ол.

2020 жылы KazakhExport 134,6 миллиард теңгеге 115 кәсіпорынды қолдады. Пандемияға қарамастан, бұл көрсеткіш жақсы өскен. Мысалы, 2019 жылы қолдау 97 миллиард теңгеге көрсетілген болатын. Ал биылғы жылдың басынан бері экспорттаушы кәсіпорындар 58 миллиард теңге сомасына көмек алған.

«KazakhExport» екі жақты келіссөздері. Фото: ҚазИнформ

Енді экспорттық кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудың жаңа құралы енгізілгеннен кейін, отандық экспортерлер де күшейе түспек. Себебі бұл шара бүкіл әлемде, оның ішінде ЕАЭО бойынша бәсекелестеріміз Ресей мен Беларусьте белсенді түрде қолданылып келеді. Қазір отандық машина жасаушылар шетелге шыққан кезде қуатты бәсекелестермен бетпе-бет келіп жүр.

Осылайша, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау отандық қаржы институттарының кредиттерін бәсекелестік деңгейге дейін арзандатуға мүмкіндік береді және біздің сақтандыру өтемімен банктер шетелдік тапсырыс берушілерді машина жасау өнімдерін немесе біздің инженерлердің қызметтерін сатып алуға кредиттей алады. Бұл, әрине, бүкіл әлем бойынша тапсырыс алуға көптеген мүмкіндіктер ашады.

Тегтер: