Агроөнеркәсіп кешеніне 677,2 млрд теңге инвестиция құйылды
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров 2020 жылдың қорытындысын жариялау барысында осылай мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Алматы, NEGE. «Өткен жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешені саласындағы барлық макрокөрсеткіштер бойынша өсім бар. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5,7%-ға ұлғайып, 6,3 трлн теңгеге жетті. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім. Сонымен қатар Қазақстанда азық-түлік өндірісі 4%-ға өсті», – деді Сапархан Омаров.
Министрдің дерегінше, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция ағыны 15%-ға, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестиция 13,5%-ға ұлғайды. Агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестицияның жалпы көлемі жоспардағыдан 154,2 млрд теңгеге асып, 677,2 млрд теңгені құрады.
«Агроөнеркәсіп кешені өндірісінің өсімі қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортының ұлғаюымен нақтыланды. Көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 22%-ға өсіп, 1,3 млрд долларды құрады. Агроөнеркәсіп кешені саласында жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін британдық The Economist журналы өткізетін азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингі растады. Онда Қазақстан 2020 жылдың қорытындысы бойынша 16 позицияға көтеріліп, әлемнің 113 елінің арасынан 32-орынға ие болды», – деді Сапархан Омаров.