18 Қыркүйек 20:30

«ЕБИТДА-сы» тұрмай жатыр. Өндірістік көрсеткіштері өскен «Қазмұнайгаздың» қаржылық түсімі НЕГЕ құлап барады?

Фото:

«Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы биылғы жартыжылдықтың нәтижелерін жариялады. Компанияның мұнай өндіруі мен тасымалында барлық көрсеткіштер артқан. Тура сол кезде, выручкасы да, таза пайдасы да керісінше азайып отыр. НЕГЕ?

Биылғы 6 айда ортақ түсім 3,9 триллион теңгеден асты. Бірақ былтырғы бірінші жарты жылдықта түсім 4,6 триллион теңге болған еді. Сонда биыл компанияның таза пайдасы 492 миллиард теңгеге шығып отыр. Былтырғы 775 миллиард теңгеге қарағанда айтарлықтай құлдырау бар. Ұлттық компанияның қазіргі бос ақша ағыны 217 миллиард теңге болса, былтырғы жарты жылда ол 571 миллиард теңгені көрсетіп тұрған еді.

Есесіне, «Қазмұнайгаздың» таза қарызы өсіп барады. Былтырғы жылды 2,14 триллион теңге борышпен аяқтаған компания қазір 2,25 триллион теңге немесе шамамен 5 миллиард доллар қарыз.

Қаржылық түсімнің құлауы толық мұнай бағасына қатысты болып отыр. Былтыр Brent баррелі 107,9 долларға саудаланса, биыл бағасы 79,6 доллар болды. Ұлттық мұнай сорты – KEBCO баррелі былтыр 89,3 долларға сатылған еді. Биылғы бағасы 77,7 доллардан аспады.

Осы жылы «Қазмұнайгаз» өндірістік көрсеткіштерін бір адамдай-ақ арттырған еді. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 2023 жылдың 6 айында мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 10,1%-ға өсті және 11 860 мың тонна болды.

Ал мұнай тасымалдау көлемі 5,8%-ға артып, 39 309 мың тоннаға жетті. Оны өңдеу көлемі де көбейді. Қазақстан және Румыниядағы мұнай өңдеу зауыттарынан шыққан өнім көлемі 4%-ға өсіп, 10 109 мың тоннаға жетті.

Тек әлемдік биржаларда баға құлап, ҚМГ еңбегін еш етті.

Өткен жазда «Қазмұнайгаз» МАЭК-тен қатты зардап шекті. Электр қуатының апаттық өшірілуі ҚМГ-ға кіретін «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Ембімұнайгаз» және «Қаражанбасмұнайдағы» өндіру көлеміне теріс әсер берген.

ҚМГ есебінше, биыл осының қырсығынан 416 мың тонна мұнай өндірілмей қалды. Ақшалай есептесек, МАЭК-тің жылп-жылп етіп өше беруінен 99 миллиард теңге шығын келген.

Тегтер: