Артық қыламыз деп тыртық қылдық. МӘМС өз міндетін НЕГЕ орындамады?
Қазақстан 2025 жылдары Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жабуды ойластыра бастады. Аудиторлар есебінде де, халық пен депутаттар тарапынан да МӘМС-ке айтылған сын, наразылық көбейіп барады.
МӘМС жүйесін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүргізіп отыр. Ол қор Денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. Және жұмысында былықтар көбеймесе, азаймаған. Ең бастысы, әу баста құрылар кезінде МӘМС бойынша адамдардың өз медициналық қажеттілігіне өздері жарна төлеп, осынау зор шығынды мемлекет мойнынан алып тастау көзделген еді. Одан бөлек, «МӘМС жүйесі медицина сапасын айтарлықтай жақсартады» деген дәйек айтылған. Соның ешбірі орындалған жоқ.
2020 жылдан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша жұмыс істеп келеді. Сонда ТМККК-ға ақшаны мемлекет беріп отыр.
Тіпті медицинаға бағытталған мемлекеттік шығындар 2019 жылы 1 триллион теңге болса, 2021 жылы 1,4 триллион теңгеге өскен.
МӘМС бюджетке жүктемені азайта алмады. Және өз ішінде заң бұзушылықтар көбейіп барады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 2022 жылғы аудиттелген есебі. Аудитор: Центраудит-Қазақстан
2020-2021 жылдардағы Жоғары аудиторлық палатасының Қорда аудиторлық тексеру қорытындысы бойынша төлем көздерін дұрыс бөлмегені анықталды. ТМККК пакеті шеңберінде медициналық ұйымдарға МӘМС қаражаты есебінен 11,3 млрд. теңге төленді. Бұл ретте МӘМС активтері есебінен 27,8 млрд. теңге төленді, ал төлем ТМККК пакеті есебінен жүргізілді. Көрсетілетін медициналық қызметтерді есепке алудың ақпараттық жүйелері пациенттің бастапқы енгізілген диагнозын соңғы диагнозға өзгерте алмайды (көрсетілген медициналық қызметтерге сәйкес). Медициналық ұйымдар қаржыландыру көздерін дұрыс анықтамады: яғни МӘМС-тен ТМККК-ге және ТМККК-ден МӘМС-ке ақша қаражатының «ағындары» пайда болды.
-
Тақырыпқа орай: МӘМС: Жарна төлемейтін 3 млн адам ҚАЙЫРШЫ емес
2022 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған жылдық Қор активтері бойынша арнайы мақсаттағы қаржылық есептілік деректеріне және Қордың ресми сайтында жарияланған тәуелсіз аудитордың есебіне сәйкес (Қаржылық есеп (fms.kz), 2022 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мемлекет, халық және кәсіпкерлер тарапынан 1,16 триллион теңге жиналды. Оның ішінде МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша қызметтерге ақы төлеуге 911 миллиард теңге бағытталды. Ал 448,4 миллион теңге төлеушінің аударымдар мен жарналарды уақтылы әрі толық төлемегендері, қате төлеген өсімпұлдар мен жарналарды қайтаруға жұмсалды.
Салыстырып айтар болсақ, 2021 жылы мемлекеттен, жұмыс берушілерден және халықтан жарналар мен аударымдар түрінде 797 миллиард теңге түсті. Оның ішінде МӘМС шеңберінде медициналық көмек көрсеткені үшін қызметтерге ақы төлеуге 716,7 миллиард теңге бағытталды.
МӘМС шеңберінде медициналық көмекті қаржыландыру жыл сайын артып келеді. 2023 жылы ТМККК және МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерге ақы төлеуге 2,5 триллион теңге қарастырылған. Яғни ТМККК бойынша 1,4 трлн теңгені құрайды, ал МӘМС пакеті бойынша қаржыландыру жағы өсуде – 1,1 трлн теңге.
Мемлекет медицинаға 1,4 триллион теңге жұмсап отырғандықтан, МӘМС оған қаржыны үнемдеуге көмектеспеді деп айтуға болады. Сондықтан осы жүйені жабу туралы әңгімелер көбейе бастады.
Біздің ойымызша МӘМС-ті жауып тастағаннан мемлекет еш ұтылмайды. Және Үкімет те осыны түсінген сияқты. Егер бір нәрсе дұрыс жұмыс істемесе, оны обал болады деп сүйреп жүргеннен еш пайда жоқ.